Қаламгер қолтаңбасы

487

Жаратқан Иеміз жарық дүниеге әкелген әрбір адамның бұл өмірде өзіндік жолы, мақсаты мен міндеті, арманы мен аңсары болатыны бәрімізге аян. Ал халықтың ойын бейнелейтін, сөзін айтатын табиғатынан ақын болып жаратылған адамның болмысы тіптен ерекше. Жаны жайсаң Темір Мыңжасты Маңғыстау жұртшылығы жақсы біледі. Өлең сүйер оқырман ақын ретінде таныса, жергілікті халықтың басым көпшілігі журналист-жазушы ретінде құрметтейді. 

Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Темір Мыңжасұлы 1952 жылы 25 қыр­күйекте Түрікмен елінің Шағадам өңі­рінде дүниеге келді. Орта мектеп­тен кейін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы №162 кәсіптік-техникалық училищені, 1980 жылы Алматы қала­сын­дағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылдың қазан айында теміржол монтерлігінен бастаған ол 1972 жылғы наурызда Красноводск аудандық «Жұмысшы» газетіне әдеби қызметкер ретінде жұмысқа тұрып, екі жылдан кейін бөлім меңгерушісі болды. Атажұртқа келгеннен кейін де журналистік қызметтен қол үзген жоқ. 1985 жылдың тамызында Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетіне қызметке ауысып, алғашында тілші, онан кейін мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Облыстың таратылуына байланысты кейін Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде бөлім меңгерушісі, Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінің жауапты хатшысы болды. 1991-1998 жылдары Жаңаөзен қалалық әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Бұдан әрі Маң­ғыстау облыстық «Маңғыстау» газеті бас редакторының орынбасары, Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды.
Ақынның алғашқы өлеңдері 1972 жылы баспасөз беттерінде жарияланды. Сондай-ақ шығармалары «Қарлығаш», «Қос ішек – струны души», «Бекет Ата», «Ораз­мағамбет», «Дала данасы», «Жыр моншақ», «Кәусар бұлақ» жинақтарына енді. «Бойтұмар», «Атамекен», «Жүрек сөзі», «Сені іздедім» атты жыр жи­нақтары, «Ақ қайың жылап тұр» атты про­залық кітабы мен поэзиялық және прозалық туындыларынан тұратын қос томдық жинағы жарық көрді. «Мұнайлы мекен – Жаңаөзен», «Шығайық қырға», «Сені іздедім», «Апа, сен қартаймайсың», «Ақ кемедегі ару», «Саған деген махаббат», «Бойтұмар», «Аққу көрік», «Шағала», «Өр өлкенің бұлбұлы» сияқты отызға жуық ән мәтінінің авторы. Ол республикалық патриоттық әндер байқауының (ән мәтіні үшін) ­дипломанты, Халықаралық ­«Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» рес­публикалық шығармашылық конкурсы­ның жеңімпазы атанды. Қазақ­стан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің екі мәрте, сондай-ақ облыс әкімінің екі мәрте Құрмет Грамотасына, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатына, ҚР Мәдениет министрлігінің дипломына ие болды. Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы.
Сонау бір алмағайып кезеңде көрші жатқан бауырлас түрікмен елінде дүниеге келіп, сол елде хат таныды. Табиғатынан ақын болып туған баланың жүрегі «елім» деп соқты. Бүгінде атажұртқа әлі орала алмай жүрген қандас бауырларымыздың шынайы бейнесін елге оралған Темір айна-қатесіз былай суреттейді:
«Шіркін өмір болмағанда бір күнгі,
Дәм жазбады-ау көруге
атажұртымды».
Осылайша әкем кейде мұңайып,
«Туған жерім – Форт Шевченко» дейтін-ді.
Бұл жолдардан туған жері қазақтың жері болса да, ата-анасы­ның атажұртты көруге дәм жаз­бағанын, олардың мұңай­ғаны, өмір­лерінің де бір күнгідей болмай өте шыққаны бала жүрегіне ауыр тигендігі байқалады. Одан әрі ақын былай жырлайды:
Балалық-ай көңілімнен құлаған,
Аңтарылып қарайтынбыз біз оған.
Сезбедік те сағынышты сарғайтқан,
Ұқпадық та жан жүрегін жылаған.
Зейнетіңнен бейнетіңді көп көрген,
Жарты жасын жат өлкеде өткерген.
Менің әкем көп боздақтың бірі еді,
Туған жерге жете алмай шетте өлген.
Бұл тек Темірдің мұңы емес, елін-жерін аңсаған қандастарымыздың мұң-шері болатын.
Маңдайына жазсын, мейлі қиын сын,
Баба рухы бойға күш боп жиылсын.
Менің енді сұрайтыным Тәңірден,
Атамекен топырағы бұйырсын, – деп ой түйеді ақын.
Кейбір жағдайларға байланысты үш жыл түрікмен мектебінде оқығаны да өзіне пайдасын тигізді. Түрікменстан әдебиетін түрікмен тілінде еркін оқыды. Өз ана тілін, ұлттық құндылығын жоғалт­пай, Жақсылық, Ұзақбай жыраулардың жыр­ларын, Мырзағұл күйшінің Маң­ғыстау мақамындағы төкпе күйлерін құлағына құйып өсті. Оның үстіне орыс тілін де еркін меңгерді. Үш елдің әдебиет әлемін еркін шарлап, өз тілдерінде еркін оқып, танысуына мол мүмкіндік туды. Мақтымқұлыдан басталған түрікмен­нің сүлейлерінен сусындаған Темір ақын ­Назлы Тувакклычевтың, Ревшен Тағановтың, Емрели Тува­ковтың туын­дыларын қазақ тілінде сөйлетті. Ақын­ның бұл тәржіма­шылығы қазақ-түрікмен достық көпірін нығайтып, мәдени-әдеби өрісінің кеңеюіне зор үлес қосты.
Темір ақынның бала кезден жазған өлеңдеріне бағасын беріп, қанатын қом­дауына көп септігі тиген халық ақы­ны Есенғали Бөкенбаев еді. Темірдей іні­ле­рінің жазғандарын қалт жібермей оқып, аға­лық ризашылығын танытып оты­ратын. Ол сыйлас ағасының артында қалған рухани мұрасын жинақтаушы, қадірлеуші ре­тін­де де бірнеше зерттеу мақалалар жазды.
1982 жылы Маңғыстау маржандарын тірнектеп жинап, ақын-жырауларының, күйшілерінің, әншілерінің рухын тірілтіп кеткен белгілі ғалым, марқұм Қабиболла Сыдиықұлы түрікмен еліне, Шағадамға жолы түседі. Сол сапарында Темірмен танысып, жазған өлеңдерін оқиды. Талапты жасты тап басып таныған ғалым ағамыз жас ақынның өлеңдерінің қолжазбасын сұрап алып кетеді де, Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетіне алғы сөз жазып, бес-алты өлеңін жариялайды. «…Темір бүгінгі поэзия жетістіктерін жіті қадағалап, үнемі үйрену жолында келе жатқан талапкер. Заман мен дәуір, өмір мен туған жер, адамдық пен адалдық туралы өлеңдерінің қай-қайсысында да Темір айтар ойын әдемі жеткізеді. Сөздің бейнелі, әсерлісін таңдап, ойды өрбіте өрнектей білуі, ақындық сыршылдығы, өлеңдерінің өн бойындағы азаматтық әуені Темір Мыңжас келешегінен мол үміт күттіреді» деуі ғалым ағамыздың Темір Мыңжасұлының ақындығына берген шынайы бағасы еді.
Студент кезінде ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов ағайы жас ізденімпаз, жазуға икемді Темірден болашақта мықты қа­ламгер шығатындығына сеніммен қа­раған еді. Студент Темірдің курстық жұ­мысының өзі көркем шығармаға пара-пар дүние деп бағалаған ұстазы: «Роман жазуға дайын қаламгерсің. Еңбектенсең, талмасаң, бағың жанайын деп тұрған бала екенсің!» деген жылы лебізі жас жігіттің шабытына шабыт қосып, мерейін бір көтеріп тастаған еді. Ұстазының сенімі де, сезімі де алда­мапты. Темір ағамыз ұстаздарының осындай сенімдерін ақтады. Журналис­тиканы бітірген жас баспасөздің күнделікті тынымсыз жұ­мыстарымен қатар шығармашылы­ғымен айналысып, табыстарға жетті. Шы­ғарма­шылығы ылғи ізденіс, өсу үстінде болды.
Т.Мыңжас өлеңдеріне тән ерекше­лік­терді сөз еткенде, өмір мен уақыт өлшемін өзінше бағамдап, өзгеше ой түйетінін айтқан жөн. Ақын өлеңдеріндегі ой тербелісі, сезім қақтығысы, өткінші өмірге деген наз лирикалық қаһарманның көңіл күйі мен толғанысы арқылы шебер сурет, шешендік толғамдармен өрілетініне ерекше назар ауады. «Оның өлеңдері сақаға құйған қорғасындай. Алған тақырыбын, айтпақ ойын дәл, оқырманға ұғынықты беруге ұмтылады» деп бағалайды ақын Айтуар Өтегенов.
Қазақ поэзиясына өз қолтаңбасы­мен келген Темір Мыңжас шығарма­шылығы әдебиеттану ғылымы мен сынының назарын аударып жоғары бағасын ала беретініне сенеміз.

Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар 
және инжиниринг университетінің профессоры, ҚР Журналистер 
одағының мүшесі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *