Топыраққа адалмын

Қуандық Түменбай,

жазушы, Алаш халықаралық сыйлығының иегері және Еуразиялық әдеби байқаудың лауреаты.

Осы күні не көп, кәсіп көп. Мамандық көп. Алматыдан бастап, АҚШ-қа дейін оқып жатқан қазақ баласы. Оқысын, көрсін, жетілсін. Оған мақтанамыз, жәй мақтанбаймыз, күржиіп тұрып, өзімізге тән мәнермен мақтанамыз. Қазір мамандықтың төресі – журналистика болып, барлық облыстарда ақылы факультеттер ашылды. Көбінде қыздар. Кезінде Тауман Амандосов деген журналистика теориясының маманы айтушы еді, «қыз – журналист болып жарытпайды, ол баласын бағып үйде отырмай ма?» дейтін. Қазір қыздар көгілдір экранның көркі болды. Неше түрлі ән кештері, айтары ауыл үйдің айналасын айналып қана өтетін бір сәттік хабарларды жүргізіп, экраннан жалт етіп көрінгеніне мәз көңіл – күйде қалады. Оны көрген ауыл адамдары «Өзіңді телебезерден көрдік» десе, жүрегі жарылып, журналистика деген осы екен деп, қайран кәсіпті қор қылады.
Журналистика деген не өзі, бұл қандай кәсіп? Ол – маңдай терінді мың төгіп жазған очерк пен корреспонденция. «Правданың» Кеңес халқын алға сүйреген бас мақаласы да заманның үні болды. Ал, күндіз – түні тыртыңдап қысқа хабар іздеген журналистің жанрға деген адалдығы мен ілтипаты «Хабар» бөлімінің қақ мандайында ілулі тұрғандай. Ал, 300 жол очерк – ол газеттегі роман, еңбек адамының бейнесі. Корреспонденция болса, повестьке пара – пар, қаламгер ізденісінен туған, очерктің «інісі» іспеттес жанр. Осының бәрін төрт бет газет шіркін кезінде белі қайыспай көтеруші еді, газет оқылатын кезде бұл әр басылымның тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп туған перзетіндей болатын. Газет оқылмайтын кезде «Оқиға» деген өмір шіркіннің келбетін бейімдейтін жанр пайда болды. Бұл көбіне өрт сөндірушілер мен апаттан аман қалғандарға арналады. Сосын туған күн иесіне арналған бір бет мақала, шіреніп тұрған мерейтой иесі. Онда да ол қолында бір атар садағы мен қалтасы қалың біреу болса… Осының бәрін қайсар Тауман Амандосов көрсе терісіне сыймай тулар еді. Тәжірибені түсіндіруге ақсақ аяғымен асығып, аудиторияға әрең жеткен профессор болса, өзінің жанры жолында жанын берер еді. Ол өз дегенінен қайтпайтын біртуар болатын.
Баспасөздің таралымын тежеп отырған да өзіміз. «Бәрін телевизор мен саит алды ғой» дейміз де, газетке өгей баланың күйін кештіреміз. Өзі жейтін нанды өзгелерге жегізіп, жолына тосқауыл қойып, қазақы көңілмен бәрін жоққа шығарамыз. Әлемдік тәжірибеде «Нью – Иорк таймс» пен «Правда», «Известия» Мәскеу дүңгіршіктерінің көркі болса, «Комсомольская правданы» оқып өскендер оны көрмесе жастық дәуренінен қалыс қалғандай болады. Сол кездегі қазақ жастары – бүгінгі иығы бүгілген шалдар да таң атпай тұрып, «Караван» дүкендерінен газет алып, жастық шақтарының беттерін асығыс ашып жатады. Бұл өмірдің бір бейнесі.
Көгілдір экран жүргізушілері информациялық хабардан бастап, бетпе – бет отырған хабарға дейін қасы – көзі қиылған қыз жүргізушілер дедік қой. Ізденіп, тақырыпқа сай тың ойлар айтып, көрерменді селт еткізсе ғой, айызымыз бір қанар еді, олар өзінің көгілдір экраннан бір көрінгендеріне мәз боп, «келгендеріңізге көп рахмет» деп алаңнан шығып кетуге асығып отырады. Осындай хабарларды көргенде сызданып, кейіпкерінен асып түсуге тырысқан еркек жүргізушіні көзің шалғанда орыс теледидарының озық мектебіне табынамыз. Ондағы жүргізуші мен кейіпкер бір үйдің бел баласы сияқты бірін – бірі көтермелеп отырады. Біз де қонақтан кейінгі құрметті өзімізге қалдырып шақырған адамымызды шат көңілмен шығарып салуымыз керек сияқты. Қайда барсақ та қарасөзді құрмет тұтқан қара қазақ баласы жаттанды сөздің желбауында кетпесек дейміз.
Әуелде өзім Қазақ Ауыл Шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түсіп едім. Журналистика деген бір құдірет, газет пен журнал деген бір киелі орын өзіне тартты да тұрды. Очерк жазған Ақселеу мен Кәдірбек, спорт журналистикасының дүлдүлі Сейдахметтерге ауызымызды ашып, телмірдік. Бүгінде көгілдір экраннан көрінгендерден осы есімдерді сұрасаң білмеуі де кәдік Олар үшін журналистика жалт ете қалған телевизордың 15 минөттік хабары. Топырақтануды тастап кеткеніме мақтанып жүрдім. Қазір бәріне бір өкінішпен қараймын. Топырақтың алдында осылай болды, ал қаламға не дейміз? Кәсіп таңдау – адамның өмірі емес пе?
Журналға тәжірибеден өтуге келген қыз балаларға таңғала қараймын. Бес жыл оқып, хабар жазуды үйренсе болар еді деп аяп тұрамын. Өйткені, журналистиканың түп атасы қысқа хабар ғой. «Қысқа хабарлар», «Мәдениет меридиандарында», «Әлемнің әр тарапынан» деген қысқа хабарлар адам жанын маужыратып тас-тайтын. Жұмыстан шаршап келген адамның ең жақыны да осы дүниедегіні дәл айтып, дәл басқан хабарлар еді.
– Бітіргесін қайда барасың? – деймін тәжірибеден өтіп жүрген кескіні келіскен қыз балаға.
– «Хабардан» әйтпесе «Қазақстаннан» хабар жүргізу арманым, – дейді қасы-көзі қиылып.
– Арманына жет.
Топырақты сыйламай, кәсіп ауыстырғанның бірі – менмін дедім ғой. Заман сөзіңді тыңдаса… бір өкініш өзегіңді өртейді.
Сөз қуған журналист қыздарға айтарым – бет-бейнеңді түзеп, көгілдір экраннан кезек күтпе, айтар ойыңды ақ қағазға түсір, газет оқып, очерк пен корреспонденцияның не екенін біл. Жылт-жылт еткен қысқа хабарға серік бол. Сен сонда ғана журналистсің.
Алпыстан асқан басым топыраққа адал боп қалсам деп талпынам. Кетпен шауып, егін ормасам да, қайың сапты кетпеннің қасиетін көрсетуге тырысқан жайым бар. Топырақтың иісі қандай рахат. Қарасөз жазып отырып екеуіне де адал болсам деп ойлаймын.
Күнәкар перзент сиқтымын.
Чеховты көп оқимын. Ол «Алтыншы палатасын» жазғаннан кейін: «Медицина,қош. Мен бұрын әдебиетке барып-келіп жүруші едім, енді соған үйлендім» депті.
Ол Чехов қой.
Біз кімбіз?
Қайда жүрсек те адал болсаң болғаны.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *