Жаңа жылды кім қалай тойлайды?

Әлем елдері бойынша ерекше мереке – Жаңа жыл болып саналады. Оны әр халық өз ұлттық болмысына, дәстүрлеріне қарай тойлайды. Мәселен, Италия елі көптеген халықтар секілді жаңа жылда ескі заттардан құтылу керек деп есептейді және ол заттарды терезеден лақтырып, жаңа затқа орын дайындайды.

Англияда Жаңа жыл кең көлемде тойланатын мейрам. Оның басталғаны жайлы Биг Бен қоңыраулары хабар береді. Мейрамды Трафальгар алаңында тойлайды. Бұл жерге орасан зор шырша қойылады және мыңдаған адам мейрамды мерекелеуге жиналады. Дәл осы алаңда әлемдегі ең үлкен Жаңа жылдық Лондон шеруі өтеді.

Мьянма халқында өте қызық дәстүр бар. Ол елде адамдар жолда кездескен кісінің бәріне суық су шашады. Өйткені, бұл елде мейрам жылдың өте ыстық мезгіліне сәйкес келеді. Жергілікті тілде бұл күн «су фестивалі» деп аталады.

Данияда халық ыдыс-аяқ сындыруды дағдыға айналдырған. Мәселен, олар өздерінің ескі ыдыстарын мейрамға арнайы сақтап қояды. Оны достары немесе туыстарының ауласында бәрі жиналып жүзеге асырады. Неғұрлым көп ыдыс сынса, соғұрлым жыл жақсы болады деп есептейді.

Француздарда жаңа жылдың алғашқы түні шарапты жақсы көретіндер шарап бөшкесімен стақан соғыстырып, ішеді және бөшкені де жаңа жылмен құттықтайды. Ол дәстүр бойынша, келер жылда егін молынан болады деп есептелінеді. Тағы бір көңілді дәстүр — балалар арасында «бұршақ патшасы» анықталады. Мейрам алдында бәліш пісіріліп, оның ішіне бір бұршақ салынады. Кейін сол бұршағы бар бөлік кімге келсе, сол патша болып, қалған балалар түн бойы патшаның айтқанын орындауы тиіс.

Испанияда Жаңа жыл отбасылық мейрам емес. Ол түні керемет дастархан, ас мәзірі жасалмайды. Тек жеңіл-желпі фуршет жетіп жатыр. Кейін тұрғындар көшелерге және алаңға шығып, карнавалдар өткізіп, қыдырады. Сағат түнгі 12-ні соққанша, 12 жүзім жеп үлгеру керек. Содан кейін бәрі бір-бірін құттықтайды. Испан балаларының аяз атасы Ноэль әке. Ол үйдің кіре берісіне немесе пуансеттии гүлінің астына сыйлық тастап кетеді. Жапонияда жаңа жылда будда ғибадатханаларынан 108 рет қоңырау соғылады. Сол арқылы ескі жыл кетіп, елге жаңа жылдың кіргенін хабарлайды. Бұл дәстүрге мың жылдай уақыт өтсе де, елде берік сақталып келеді. Будда оқуларына байланысты әрбір адамның 6 кемшілігі бар. Олар – қызғаншақтық, жалтақтық, ақымақтық, зұлымдық, алаңғасарлық және ашкөздік. Жапондықтар әрқайсысының 108 түрлі реңі бар деп есептейді. Қоңыраудың әрбір соғылуы оларды келер жылдан аластатады деген ұғым бар.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген осы болар.

Дайындаған: Гауһар Түстікбаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *