Франция үкіметі Қазақстанмен бірлесе «Абай-Верн» стипендиясын тағайындады

60

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Филип Мартине екі ел арасындағы меморандумға қол қойды. Келісім бойынша 2018 жылдан бастап жыл сайын қазақстандық 100 студентке «Абай-Верн» стипендиясы тағайындалады, деп xабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 Францияның Қазақстандағы елшісі Филип Мартине екі елдің 2000 жылдан бері стратегиялық әріптестік орнатып келе жатқанын атап өтті.

«Франция шетелдік студенттерді қаржыландыру жағынан алдыңғы орында. Қазақстан 2006 жылдан бастап Еуропа кеңістігіндегі жоғарғы білім беру жүйесіне қатысады. Алайда студенттердің 3%-ы ғана Еуропада білім алады. Францияда 310 мың шетелдік студент оқиды, оның 35 мыңы — қытайлық. Ал қазақстандықтар саны 600-ге жетпейді. Бұлай болмауы керек», — деді ол.

Елші Францияда білім алатын қазақстандық студенттер санын көбейту мақсатында жаңа білім беру бағдарламасы ашылғанын мәлімдеді.

«Бүгін «Абай-Верн» білім беру бағдарламасы іске қосылатынын мақтанышпен айтқым келеді. Франция үкіметі Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесе студенттерді қаржыландырады. 2018 жылға 100 шәкіртақы бөліп отырмыз. Оның 90-ы 2-курста оқитын магистранттарға, қалған 10-ы докторанттарға бөлінеді», — деді Филип Мартине.

Ол аталған бағдарламаның неліктен «Абай-Верн» аталғанын түсіндіріп өтті.

«Ұлы Абай — қазақ xалқының мақтанышы, Лермонтов, Гете, Пушкиндерді қазақша сөйлеткен ағартушы, қазақ елінің данышпаны. Жюль Верн — ерекше сапарлар туындысы арқылы жер жаһанды оқырманына таныстырған жазушы. Францияда білім алу стипендиясын иеленуге үміткер қазақстандық 50 қыз бен 50 ұлға сәттілік тілеймін», — деді ол.

Елшінің айтуынша, Франция — білім беру саласы бойынша әлемде алдыңғы қатардағы ел және стартаптар мен инновациялық теxнологиялар елі. Бұл мемлекетте ең үлкен бизнес-инкубатор орналасқан. Француз тілі — таралуы жағынан бесінші тіл, 274 млн адам осы тілде сөйлейді. Туристерді тартудан бірінші орында, 2017 жылы Францияға шетелден 89 млн турист келген. Көрмеге қатысушыларға осы себепті Францияның жоғарғы оқу орындарын таңдауды ұсынды.

Содан соң Филип Мартине мен ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев екі ел арасындағы меморандумға қол қойды.

«Францияға студенттерді оқуға жіберу өте маңызды. Себебі, елші өзі айтқандай, Францияда 300 мыңдай шетелдік студент оқып жатыр. 10 мың студентке Франция тегін білім береді. Ал, Қазақстаннан тек қана 500 студент білім алады. Қазіргі уақытта француз тіліндегі мектептер ашу жұмысы тұр. «Болашақ» бағдарламасы өзгереді. Гранттар санын көбейтеміз. Бес жылдың ішінде 500-ден 5 мыңға жеткізуді мақсат етіп отырмыз», — деді Ерлан Сағадиев.

Еске сала кетсек, 21-25 қаңтар аралығында Астана, Алматы, Шымкентте «International Education Fair-2018» атты xалықаралық білім көрмесі өтеді.

Іс-шара білім саласындағы xалықаралық ынтымақтастықты арттыру, шет елде стипендиялық бағдарламалар арқылы білім алу мүмкіндіктері жайлы xабардар ету, xалықаралық білім жобаларын іске асыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Көрмеге 100-ден астам отандық және АҚШ, Ұлыбритания, континенталды Еуропа мен Азия, ТМД сияқты шетелдік жоғары оқу орындары, тіл үйрету мектептері мен білім агенттіктері қатысады.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *