Зейнолла ҚАБДОЛОВ: ТАБИҒАТ ПЕН ТАЛАНТ ЕГІЗ

661

Қазақстанның халық жазушысы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың жеке мұрағатынан алынған бұл күнделік-жазба бас-аяғы бір айлық мерзімді (1958 жылғы 8 мамыр – 6 маусым аралығы) ғана қамтиды. Осы орайда академик-жазушының нақ сол 1958 жылы жазылған, әрі кетсе бір-екі айдың оқиғалары түзілген тағы басқа қысқаша күнделік-жазбалары бар екенін айта кеткен ләзім. Оқырманға ұсынылып отырған бұл жазбалар шағын блокнотқа түсірілген. Көлемі азғантай дүниенің өзінен отыз жастағы Зейнолла Қабдоловтың шығармашылық қуаты айқын сезіледі. Қаламгердің портрет пен пейзаж жасауға шеберлігі анық аңғарылады.
Сонымен қатар бұл күнделікте елең еткізерлік деректер жеткілікті. Әсіресе осы тұста Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген З.Қабдоловтың Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы «Дударай» және «Абай» операларын талқылаған жиынға қатысқан кездегі жазбасы бірден назар аудартады. Мәскеуде өтетін декада үшін қойылым дайындап жатқан қазақ әдебиеті мен өнері марғасқаларының парасатты пікірлерін біліктілікпен жазып алған жас Қабдолов ұлттық өнертануымыздың тарихына да айшықты үлес қосқан. (Осыған орай белгілі өнертанушы ғалым, театр тарихының білгірі Аманкелді Мұқанның ғылыми түсініктемесі қоса жарияланып отыр). Зекеңнің бұдан алпыс жыл бұрын жазған күнделігіндегі сөз саптауы, тілдік қолданыстары сол қалпында берілді.
Олай болса, Зейнолла Қабдоловтың жеке мұрағатында сақталған тағы бір рухани қазынаға зер салайық.

Амантай ШӘРІП,
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері,
филология ғылымының докторлары

8.05.58.
Екі қатын болды: Лидия, Мария. Екеуі де сөзуар, екеуінің де ауыздары сүйреңдеп, бір сөйлесе бір «шай ішім» тұруға бар. Бірақ өзгешеліктері бар: біріншісінен жалықпайсың, екіншісінен жалығасың. Лидия көзі қырық күйге түсіп, сені арбап отырады; ал Мария көзін өлген балықтың көзіндей тасырайта бір тігеді де, содан жазбайтын. Бұл – көңілсіз.

***

Сейте разумное, доброе и вечное (Некрасов).

***
Табиғаттан артық суретші бар ма екен, сірә?!
Күні бойы аспан қабағын қарс жауып ап, түнерді де тұрды. Ауада ызғар. Кейде дүркін-дүркін төгіп өтеді: жаңбыр, бұршақ.
6-да қызметтен қайтқан бір жолдас:
– Жаз шығып болмады-ау, – деді.
Шынында да биылғы май, дәл бүгінгі күн көктемнен гөрі күзге ұқсас.
Сағат кешкі сегізде ғажап болды: Үй-ішінің қара көлеңкесін шам жарығымен серпіп, тамақ ішіп отыр едік. Электр жарығы кенет бозарды да қалды. Үй ішіне тыстан бір нұр шұғыла төгілді. Терезеден қарсы шығыс жаққа қарасақ, үш қатарлы биік сары үй дуалдары алтын жалатқандай жарқырайды. Соның терезелерінен жаңа ғана жайнап тұрған электр шамдары бір-бір ақ нүкте болыпты да қалыпты. Мен үйдің төбесіне, аспанға қарадым. Үйді кемпірқосақ орап алған. Асылып қалыпты. Жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Жүгіріп, батыс жаққа, балконға шықтым. Ғажап! Батыс жақ алдымен көкшіл, содан соң сұрғылт, одан төмен қызғылт, оның төменгі жағы ұстарамен кескендей теп-тегіс те, одан әрі жапырақ түстес жап-жасыл. Бүкіл аспан солай. Және көше күндізгідей жарық. Жаңа ғана тал түбінде, қолшатыр астында сүйісе берген қыз бен жігіт қайда тығыларын білмей, абдырап қалыпты…
Мұндай да керемет болады екен-ау!..

***

Мен қызықпын: тез ашуланып, тез көңілденемін. Соны аңғардым. Таңертең тұрсам, тоғыз болып қалыпты. Киініп ап, тамақ ішпестен қызметке кеттім. Ренжіп кеттім: «Сәуле неге оятпаған?» деп ойладым. Қызметтен Сәулені сағынып келдім. Келсем, ол жоқ екен: Бақыт пен Серікті поликлиникаға әкетіпті (ертең детсадқа бермек едік). Тағы да ренжідім: «Алдымда жайнап, күліп отырса қайтеді екен» деп ойладым. Ваннаға түстім. Шықсам, Сәуле екі балаға да бүгін алған пальтосын кигізіп, менің алдыма әкелді. Қатты қуандым. Кеше Сәуле: «Тамағым ауырады, ангина болса керек» деп еді. Сол есіме түсіп: «Тамағың қалай?» дедім. Оны сүйгім келіп тұрды. Сірә, еркелейтін болсам керек.

***

Бір еркектер болады. Әйелден бұрын үй шаруасын, тамақ жайын, киім-кешек жөнін ойлап жүреді. Менің бір досым солайлау сияқты. Кеңседе де, көбіне, осы мәселеге келгенде зор білік көрсетеді.
Мен байғұс соның бәрінен құр қалыппын. Бұған кім кінәлі?..

***

2 май күні Жұмекең Қалиев деген кісі шақырған. Сәуле екеуміз Дарынды ертіп бардық. Мамырын ертіп Тәкең (Тауман) да барған.
…5 май күні Хамаңның үйіне бардым. Кешірім сұрадым: асылы жүректеріміз жақын ғой, Хамаң шіркін мәз болды. Мен қуандым. Сол күні Хамаң маған Р. жөнінде бірқатар әңгіме айтты. Менің есіме күндіз С-ның айтқаны түсті:
– Күні бойы кезекте, дүкен босаға­сында тұрып, телевизор алып жүр, – деп еді.
Мен ойладым: «М. достың жас то­пыра­ғының үстіндегі гүлі де семген жоқ. Дүниесі құрғыр не болады? Кішкене құлқынды тежеп, ой ойлап тұрса қайтеді екен?..».

9.05.58.
Сәуле бір ұйықтайтын бөлменің гарнитурын алып еді, мен қасында жүрдім. Қырғын талас. Серік пен Әлия да біреуін алды. Дүниенің азабы дүние жиған екен ғой!..

***

Күріш арқасында күрмек су ішеді.

***

Ертең Талдықорғанға жүремін.

10.05.58.
Екеуміз: Леонид Кривощеков, мен. Сағат 10-да Алматыдан шықтық, бағытымыз – Талдықорған. Т-Қ-ға сағат дәл 3-те келіп, мейманханаға түстік.
Жол. Жол дегенің кейде жыландай иретіліп келеді де, енді бірде қарсы алдыңда бағандай шаншылып, тіп-тік тұра қалады. Тамаша көрініс.
Бір кезде екі қанатымыз көктемде құлпырған дала қызғалдағына толып кетті. Біз кейде мереке күнгі салтанатты жиын үстінен жүріп келе жатқандай, кейде далада, аспан астын тегіс алып, жайыла қалған күрең мақпал үстінде келе жатқандай боламыз.
Енді бірде қарсы алдымыздан қатпар-қатпар тау көрінеді. Жол тағы да шаншыла қалады. Машинамыз қазір соған сарт етіп соғылып, тоқ­тай­тын тәрізденеді. Енді бірде сол жол қазықтай, не сынадай қағылып, тіп-тіке тауға сүңгіп бара жатады. Былай қарасаң, қазір ғана тауға кіретін сияқ­тысың. Ал жүріп кетсең – ұзақ-ақ…

11.05.58.
Леонид, Зұлқарнай, Қада, Хамит, т.б. ГЭС-те болдық.

12.05.58.
Съезд ашылды.
Президиумда – менің жанымда бір топ адам отыр. Алматыдан келген Горшков бар. Екеуміз бір жердеміз. Маған жалғас отырған обком секретары Капсимцев асылында қарапайым, сырттай жылтырауды білмейтін, өз бояуын өзінде ғана сақтайтын адам болса керек. Обком секретары Андрееваның бойында өз бояуынан гөрі жасанды жағы көп. Ақылы, ұғымы, қабілеті бар әйел, бірақ белсенділігі басым, үлкен адамдардың қимыл-құбылысына көп еліктейтін адам. Кейде өзінің съезде отырғанын ұмытып, обкомның бюросында отырғандай сезінеді де, сөйлеушіні қайта-қайта бөліп, шіңкілдеп болады: ұрсып, сұқ қолымен нұсқап, сілкілеп, мінбеден қуа жаздайды. Мұнысы, әрине, ыңғайсыз.
Съезд мәжілісін басқарып отырған Қамбаров (облисполком председателі) маған мүлде ұнамайды: кекілін мінер жағына қарай жыға жапсырып, жылтырата майлап, тарап тастаған, қысықша қой көзді сары кісінің тек сыртында ғана бедер бар ма деймін…
Жұмабек Қалиасқаров – зав. отд. культ.
Копытин, Бурлю-тюбе.
Рамазанова, Андреева.

18.05.58.
Бүгін Ілекеңді күтіп алдық.
Алтын қасық. Екатеринадағы қонақтық. Еврей бір алтын қасықты қалтасына салып алады. Оны көрген армян жігіті де бір қасықты қойнына тығып, көрген адамдарға еврейдің қойнынан алдырады.

20.05.58.
Кеш. Қабылдау. А.Сурков. Тост. Ғ.Мүсірепов. Тост.

21.05.58.
Жігер деген кісі бар. Бір қарағанда жақсы адам, мәдениетті кісі: «Сіз»-бен сызыла береді. Бірақ осы кісінің көптен-көп «сізі» Жігерден гөрі «жігерсіз» деген мағынаға да бара береді.

22.05.58.
Француз тіліне күні бүгінге дейін Пушкиннің «Евгений Онегині» аударылмаған. Неге бұлай? Француздар бай цивилизацияның мұрагерлері болып табылады. Француз тілі – дүниежүзіндегі ең бай тілдердің бірі. Францияда аса көрнекті ақын-жазушылар көп. Францияның Луй Арагоны, Эльза Триолесі ­Москвадан шықпайды. Мен совет жазушыларының ІІ съезінде (ХІІ.1954) Триолені тыңдадым. Орысша ғажап біледі. Францияда орысша білетіндер аз емес. Ал «Евгений Онегинді» аудару неге қолдарынан келмейді екен?
Өткен жылы Москвада шет тілдері институтындағы бір кісі ғана аз әрекет жасап, «Е.О.»-нің кейбір үзінділерін французшалады. Бірақ оның жарытулы нәтижесі жоқ.
Ал біздің Абай «Евгений Онегин­нің» тарауларын өткен жылы емес, өткен ғасырда қандай әдемі аударған?
Мұнда үлкен мән жатыр. Бұған мақтануға болады.

***

Француз реакционерлерінің бірі француз әдебиетінің якут тіліне аударылған үлгілерін естігенде қатты қорланыпты деседі:
– Якут деген кім? Оның тілі болушы ма еді? Ондай кедей тілге жұрын-жұрқа болу француз үшін қорлық, – депті.
Мұнан асқан оттау бола ма?

Бүгін Алматыда профсоюз съезі ашылатын. Ертеңгі сағат 10-ға таянды. Біз (ортамызда Мих. Дм. Беленов бар) съезд ашылатын опера театрының үйіне бара жатырмыз. Үшеуміз. Бірі – Серік. Сағат 12-де Ановтың «Мұрагерлер» деген пьесасы драма театрының худсоветінде қаралатын. Мен Беленовқа сонда баруды ұсындым.
Ол айтты:
– Мен екеу емес, бір адаммын ғой. Онда барсам, съезде кім қалады?
Мен әзілдедім:
– Сіз қазір мынау үйге кіресіз. Есік алдында көлеңкеңіз қалып қояды. Ең болмаса, сол барса қайтеді?..
Ол қарқ-қарқ күлгені болмаса, жөнді мән берген жоқ.

24.05.58.
Харекеңнің қорасындағы кішкене шоланның бір жақ (артқы) дуалы құлап қалыпты: үңірейіп тұр. Ал есігінде үлкен қара кілт: екі бұрап, жауып қойған. ­Шо­лан­ға артындағы опырайған үңгірден төрт адам қатар кіруге болады. Ал Харекең үйін әбігерлеп, ашқышын таптырып, қара құ­лыпты қаңғыр-күңгір ашып, есіктен кіреді.
Әдетті қойсайшы.

26.05.58.
Сағат 12-де декада жюриінің мәжілі­сінде болдым. «Дударай» операсы тал­қыланды. Опера авторы – ­Е.Г.Бруси­ловский. Либреттосы – А.Хангелдиндікі.
Ш.Айманов: Музыкасы тамаша, либреттосы түкке тұрмайды. Примитивизм. Драма жоқ. Арқау жоқ. Музыка қор болған. Орындаушылары жаман емес.
С.Мұқанов: Опера құласа, либреттодан көру дұрыс емес. Музыкасы да оңып тұрған жоқ. Либретто авторымен жұмыс істейтін маман да, адам да жоқ. Жаман либреттоны қабылдаған композитор жақсы деп кім айтады?
М.Әуезов: Опера да, либретто да нашар. Махаббат мәселесі де, әлеуметтік мәселе де шықпаған. Шашыраған. Достықпен сауда жасауға болмайды. Мария басындағы ерекше махаббат деген де бір зор тақырып емес пе? Мен тек Епонешникованы ғана аяймын. Ол әзір тұрған Мария, бүгінгі М. Декадаға бұл опера бармасқа керек.
М.Төлебаев: Драматургия опера музыкасында бар. Достық көрінеді. Образдар да бар: Мария, Думан, Семен. Операның кей жерлерін біздің жалпы музыка мәдениетіміздің одан әрі дамуы, өркендеуі деуге болады. Ал либреттосы нашар. Алғашқы үш акт музыкалық жағынан жақсы. Ал төртінші акт – нашар. Декларация. Айқай-шу. Апат жай ғана иллюстрация болған да, финал шықпай қалған. Музыкаға драматургиялық жағын сыналау керек.
М.Сулимов: Музыкасы ғажап! Сценалық, либреттолық кемшіліктері көп. Қазақ-орыс достығын көрсету үшін мұндағы кейбір фондарды айқындаған жөн: орыс поселкасы – орыс поселкасы болсын, қазақтар сонда келеді; қазақ ауылы – қазақ ауылы болсын, орыстар сонда келсін. Бұл – көрушіге әсері бар нәрсе. Урядник мазақ болмасын, күшейтілсін. Декорация жағын түзеу керек.
А.Жұбанов: Мен таңғаламын: неге ғана Евг. Гр. ылғи жаман либреттоға опера жазады. Нәтижесінде біз ылғи музы­каны мақтап шығамыз да, либрет­тоны жамандаймыз. Рас, драматургиялық жағы осал: мұнда бәрі қосыл­ған да, қойыртпақ шыққан. Хангелдин түзетуі керек. Ал бұл музыканы декадаға апармау ыңғайсыз болған.
Ғ.Дұғашев: Либреттоны қайта жазу деген сөз – музыканы қайта жазу деген сөз. Ол мүмкін емес. Мұнда дәл осы опера декадаға мына қалпында бара ма, жоқ па, сол шешілуі керек. Бара қалса, қайткен күнде жақсы спектакль жасай аламыз? Әңгіме сонда!
М.Гольдблат: Аса сауатты музыка драматургиясы жоқ жаман либретто жазылған. Енді драматургиялық жағын күшейту керек. Тек Епонешни­кованың өзі операның өмір сүруіне кепіл.
Ғ.Мүсірепов: Тақырыпты арқала­натын авторлар көп. Хангелдинге соавтор керек. Ол жалғыз шығара алмайды. Жақсы музыканы ойыншыққа айналдыруға болмайды. Ал мазмұн жағынан ойыншық: сұйық, бұдырсыз. Мен Хангелдинге соавтор табайын. Әуезов, Мұқанов, мен консультант болайық.
Р.Жұмин: Мен Ғабит сөзін құптаймын. Уақыт табамыз. Түзетелік.
Қ.Байсейітов: «Дударай» Москвада да жақсы баға алған. Түзетелік. Бірақ опера декадаға бара ма, жоқ па?
Е.Брусиловский: Бүгінгі талқылау өте жақсы. Тек барлық талқылау да осылай өтуін тілеймін. «Иван Сусанин» Барон Розен… (сөз байланысы танылмады. А.Ш., Б.О.) 3 актіден кейін «Дударай» допқа айналды. Мұнымен декада спектаклі екен деп мұқият шұғылданған ешкім болған жоқ. Кемшіліктің бір ұшы осында жатыр. Қазіргісі – «Дударайдың» үшінші редакциясы. Енді түзетуден жаңа шығарма жазу жеңіл.
М.Әуезов: Опера авторы түзетуден бас тартты. Либретто авторы түзету қолынан келмейтіндігін айтты. Мәселе ашық емес пе?!
А.Жұбанов: Брусиловскийді декадада көрсетпеу ұят. Түзету керек. Декада репертуарына енгізу керек.
Қаулы: «Дударай» операсы бұл қал­пында декадаға баруға тұрмайды. Мұнда айтылған сындарды ескеріп, театр және авторлар спектакльді түзетсін.
***
«Абай» операсы туралы.
С.Мұқанов: Бұл опера баруы керек. Музыкасы да, либреттосы да жақсы. Постановкасының түзететін жерлері бар: І актідегі молалар керек емес. Либреттоның жақсы сөздері зрительге жетпей жатады. Мысалы, сот сценасы. Абай мұнда әрекетсіз. Спектакльдің аяғы «Б.С.» жоқтауын қайталайды. Киімдер нашар. Киіз үйді үлкейте берудің не керегі бар?
М.Гольдблат: Байлық көп. Азайту керек. Османов – жақсы дирижер. Абайдың шырақ ұстап, жалғыз шығуы ыңғайсыз. Финал өзгертілсін.
Ореол красоты: Абай жуан болмасын. Ұлы (сөз танылмады. А.Ш., Б.О.)… ойнасын.
Е.Брусиловский: Билер жеңілдетіл­месін. Кастаньета (оркестрдегі) керексіз. Финал ұзақ. Айдар бір акт бойына өле алмай жатады. Абай образы – Серкебаевтың жақсы дебюті. Оформлениесі жақсы.
М.Әуезов: Балет нашар. «Б.С.»-да солай. Бишілердің биі бешпеттеріне тұрмайды (бешпет жақсы, би жаман). Түлкі тұмақты өзгерту керек.
Л.Чернышева: Хор спектакль арасынан бөлініп қала береді. Би нашар екені рас. Дивертисмент.
М.Төлебаев: Абай, айтыс, т.б. сөз­де­рін оркестр басып кетіп тұр. Сөз естілетін болсын. Финалды қайта қарау керек.
Ш.Айманов: «Абай» – жақсы опера. І актідегі қашу-қуу режиссерлік жағынан нашар шыққан. Настроение. ІІ актінің оформлениесі нашар. Семей емес, мешіттердің не екені белгісіз. Айдар ұзақ өледі. Массовкадағы орыстарды «қазақтандырыңқырап», әртүрлі адамдар: қарт, жас енгізу керек. Жалпы спектакль ұзақтау. Орындаушылар жақсы. Тек Жиренше нашар. Ришад, т…
Қаулы: Декадаға «Абай» барады. Айтылған азды-көпті сындарды еске алып, спектакльді жетілдіре беру керек.

28.05.58.
Дүкенде сатушы тұр. 6-7 тиынды пайда көріп, алып қала береді. Трамвайда кондуктор жүр. 4-5 тиын қалдыра берсең, міз бақпайды. Сыра сататын адамның да өз қулығы бар… Осыларға көңіл бөлмей өте беруге болады. Бірақ сол қулық асырмақ болатындар совет адамы екенін ескерсек, советтік ар, намыс мәселесін еске алсақ, әлгілерге жирене қарайсың…

29.05.58.
Лирика туралы ойын Қуандық ортаға салды (Университет студенттерінің арасында).
Экватордың қалың қара сызығы картада ғана бар, ал табиғат бетінде, жер үстінде сызық жоқ. Демек, экватор үстінен ұшып өткенін самолеттегі адам сезбейді. Сол сияқты, лирика мен эпос арасындағы шекара да тек теорияда бар, ал нағыз өмірді терең де нәзік көрсеткен лирика мен эпос арасының шекарасын шындықта әркім-ақ байқай бермейді. Демек, эпос пен лириканы да ажырата қараудан гөрі бірге алып қараған жөн.
Лирика деген не? Ол – музыка! Әдемі сөзден аулақ болу керек. Музыка, музыка!.. (?).
Бальмонт жұрт түсінетін шындықты өлеңге қоспайтындығын айтып, тек өткінші құбылысты ғана жырлаймын деген-ді. Мұнда сыр бар.
Ақында өмір-тәжірибе байлығы ­болуы шарт: Рудаки қайыршы болып, ел аралаумен өткен. Шекспир қатардағы артист еді, пургонымен ел кезді. Горький Россияны аралады…
Ақында екінші мамандық болуға керек: Гете мен Ломоносов – жаратылыс­тану маманы, Толстой мен Лермонтов – офицерлер, Крылов пен Гроссман – инженер, Чехов – дәрігер, Щедрин – администратор, Тихонов – математик…
Ақынға дағды, машық керек. Леонардо да Винчи сурет салу үшін бояуды өзі жасаған. Шопен – композитор ғана емес, пианист. Ол саусақтарын шегеге байлап қойып үйренген.
Қуандық бір жас ақынның өлеңін оқыды. Жақсы өлең. Мен екі нәрсені ұқтым: 1) табиғат пен талант егіз; 2) ұлттық психика.

31.05.58.
С.Т. өзінің Малайяға (Малакка түбегіндегі елді мекендердің жиынтық атауы. А.Ш., Б.О.) барған сапарын ОК-те әңгіме етті. Жалпы, жаман емес.
Екі мін көрдім: 1) Тамақ жағын, ішкен-жегенін көп әңгімеледі; 2) Күл­кісі нашар екен. Қарқылдаған даусы күлкісінің өтірік екенін айтып тұр. Ол күледі. Жұрт езу де тартпайды. Өзі ақылы бар адам. Өзінің осы мінін неге аңғармайтынына қайран қаламын.
Асылы, аңдап күлген жөн. Күлсең – шын күл. «Артист» болма!
С. күлкіні шын-ақ бастаған сияқты. Бірақ онысы «қых…» деген бір ұнамсыз ды­быстан аспайды екен де, арғы жағын ұзар­там деп, өтірік қарқылға ұластырады екен.
Малайяда иттерді пір тұтатын-ды. Көше бойы қаптаған ит. Кейбіреуі құтырған. Ол қабады. Атып өлтіруге болмайды, сол-ақ қиын болған.

4.06.58.
Хатшыда жиналыс болды. Мәселе – киностудия жұмысындағы кемшіліктер. Министр орынбасары (Ф.), студия басшылары сөз сөйлеген. Бәрі мақтаумен болды. Менде бір оқыс сезім тұтанды: «Апыр-ау, осылар Орт. К-те отырып, осынша саудырлап өтірік айтқанда, қай жерде шын айтпақ? Бәрінің алдап отырғаны бір-ақ адам – хатшы». Мен тұрдым да, бет-жүзге қарамастан сөйлей жөнелдім. Күтпеді. Қапан шалқасынан түсті. Басқалары тұнжырай қалды. Сынды кім сүйсін?!. Мейлі!..

5.06.58.
Пленум ЦК.
Мал шаруашылығы.
Мал басын өсіру шарттары:
1. Жайылым участоктарын дұрыс пай­далану.
2. Арттағыларды алдағылар қатарына жеткізу.
3. Мал басының шығынын азайту.
4. Тұрақты жем-шөп қорын жасау.
5. Су – мал суару мәселесін дұрыс шешу.

6.06.58.
1) Малшылар үшін үй.
2) Адамдар – кадр.
***
Сапарғалиев тәуір сөйлейтін адам екен. Бірақ 1957 жылға дейін мал шаруашы­­лығымен де (…сөз танылмады. А.Ш., Б.О.) жоқ дегенінде жағымпаздық бояуы жатты.
Құлшекең аузын ашып кеп мінбеге қадалады, ұйып отырған адам тәрізді; шынында түк тыңдап отырған жоқ.

***

Н.И.Беляев: Халық шаруашы­лығын өркендетуге соңғы 4 жылдың екпініндей екпін ешқашан болған емес. Бұл жылдардың нәтижесі Маленковтың, Кагановичтің, Молотовтың және Шепиловтің қаншалық соқыр, өрісі тар адамдар екенін дәлелдеді. Соңғы 4 жылда 150 млн. кв. м. артық тұрғын үй, 2,5 млн. домов в с/х.
Мемл: Дания, Гр. Бельгия, Финляндия, Швеция, т.б. орналастыруға болар еді.
Сәтбаев Қ.И. Ленин сыйлығын алды. Бұл – Қазақ ҒА-ның табысы.
АҚШ 1957 ет 97,5 кг. СССР 36 кг.
– / – сүт 336 кг. – / – 268 кг.
– / – май 4,2 кг. – / – 3,7 кг.
139 млн. қой, Австралия. Соны Қазақстан жуырдағы 6-7 жылдың ішінде қуып жетуі керек.
Экстенцивное хоз-тво. Интенсивное к/тво. 795 с/зов. Сиыры жоқ – 2. Қой – 18 по 2х20. Қысырлықтан қырсық қырғын жоқ. Оңдасынов, Қалкенов. Штурм – месячник.
10 класс бітірген жас баланың өндіріске араласуы – тақырып.

***

…(Бұл жерде бір адамның аты-жөні аталған, бірақ танымастай етіп сызылып тасталған. А.Ш., Б.О.) бір сағат елу ­минуттай сөз сөйледі, тамаша сөйледі. Үлкен диапазонның, темірдей логиканың адамы. Бұл кісінің сөзін тыңдап отырғанда адамға түрліше ой келеді, түрліше сезім туады. Ұзақ мерзімге елге, жұрт арасына кетіп қалғың келеді.

***

Түбінде ұзақ уақыт қайнаған ел өміріне араласпай, келелі еңбек туғызу мүмкін емес.
Маңғыстау, Шевченко маңында ұзақ болу керек. Ембі тарихына тереңдеу ­керек. Адам жанын зерттеу керек!!!




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *