Иманды отбасыда береке бар

 

Әдетте тойларда жас жұбайларға  «Шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын!» деген ізгі тілектер айтылады.  Осы сөздердің мағынасына үңіліп қарасақ, отбасы болу, оның беріктігін сақтау маңызды екенін түсінеміз. Бастапқыда шаңырақ көтерген жастар отбасында кездесетін күрделі жағдайларды шешу мен қиындықтарды бірге еңсеру қажеттілігін түсінбеуі мүмкін. Әртүрлі ортада өсіп, тәрбиеленген екі жас жаңадан үйленген кезде отбасылық өмірдің ақ пен қарадан, жақсы мен жаманнан тұратынын және оны сақтау тек қана екеудің қолында екендігін ескеруі қажет.

Екі адамның мінезі екі түрлі болатыны айдан анық. Мысалы жұбайы салмақты, ал жолдасы керісінше жеңіл мінезді болуы мүмкін. Үйленіп, үй болған соң, ажырасатындардың айтатын басты себебі – «Мінезіміз үйлеспеді». Өйткені махаббатпен қосылдық дейтін  жастар отбасылық өмірге қадам басқанға дейін бір-бір үйдің еркесі болған және отбасылық өмірде өз қағидаттарынан оңайшылықпен бас тартып, жұбайы еріне бағынуды, ал ері жауапкершілікті өз мойнына алуды қаламайды екен. Қазақ дәстүрінде әйел адамның орны ошақ қасында болған, ал ері отбасын асырауға міндеттелген. Қазіргі заманда ер мен әйелдің рөлдері теңесті деуге болады. Нәзік жандылар қауымы ерлермен қатар жұмыс істеуге және отбасына қарауға қауқарлы. Әйелдердің өздерін ерінен төмен санамауы осыдан туындаса керек. Ал кейбір отбасыларда ерлер жұмыссыз қалып, немесе жұмысқа қауқары болмай, «үйкүшікке» айналған. Сондықтан әйел мен ер адам отбасы алдындағы жауапкершілігі мен міндетін сезінуі үшін имандылыққа бет бұрулары керек деген ой бар. Өйткені иманды әйел ерін, ал ер адам әйелін сыйлауды үйренеді. Иманды отбасында тәрбиеленген бала өскенде жаман болмайды. Бұл жерде, әрине діни фанатизмге жол беріп, сақал өсіріп, балақ кесуді, немесе балаларды білім алуға шектеуді айтқымыз келіп тұрған жоқ. Имандылықты, исламды дұрыс түсінбей, қоғамнан, отбасынан ажырап, салафизм мен радикализмнің жетегінде кетіп жатқан отбасылар да көп.

Ал жүрегінде иманы бар адамдардың мінездері, бір-біріне деген құрметі артып, өмірге басқа көзқараспен қарайтын болады. Жастар отбасы болған соң, имандылыққа бет бұрса, олар құрған шағын мемлекеттің іргетасы берік болмақ.

Үміт Жұмаділова




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *