Ғасыр қойнауынан жеткен жыр

44

Бүгінде «Манас» эпопеясы бүтін ортағасырлық түркілер тарихы мен мәдениетінің өзіндік бір энциклопедиясы болып отырғанына күмән жоқ. Бұл жырды зерттеу әлі де жалғасып жатыр. Оның да жөні бар. Өйткені эпикалық ескерткіштерді зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдеріне, түркі халықтарының ортағасырлық тарихы және мәдениетіне бойлаған сайын бұл асыл мұраға қайта-қайта үңілуге тура келеді. Мұның өзі эпостың түркология үшін ғылыми әлеуетінің шексіз екендігін көрсетеді.
Осы күнге дейін «Манас» эпосының бірнеше мәселелері жөнінде ортақ пікір жоқ. Солардың бірі – эпопеяның бас кейіпкері, тұлғасы Манастың ­тарихта болған-болмағандығы. Біздіңше, бұған жауапты іздегенде эпикалық ескерткіштің қамтитын тарихи дәуірі мен кезеңдерін анықтаудан бастаған дұрыс.

Жалпы ұлы жырға сюжет болған оқиғалар түркі жұртының тарих сахнасына шыққаннан бастап, қалмақтарға қарсы тәуелсіздік үшін күрескен хандықтар ­заманын қамтитын бүтін бір ортағасырлық дәуірге тән. Сол дәуірдегі қырғыз, қазақ, т.б. түркі ру-тайпаларының Орталық Азияда басынан өткен басты-басты тарихи оқиғалары тізіліп, соның барлығы бір тұлғаның, яғни Манастың төңірегіне шоғырландырылған. Әрине, бір тұлғаның өмірі VІІ ғасырдан ХVІІ ғасырға дейінгі аралыққа жетпейтіні белгілі. Ендеше ­«Манас» кім? Ол неге эпикалық дәстүр бойынша бірнеше ғасырлар бойы түркі жұртының тағдырын шешетін маңызды ­саяси оқиғалар барысында негізгі тұлға, басты кейіпкер ретінде көрініс береді? Бұл ретте көрнекті ғалым Ә.Марғұланның: «Жырдың негізгі идея­сы шапқыншылық емес, қайта сыртқы жаудың басқыншылығына қарсы тұрып, көп тайпа­лар қоныстайтын қадірлі Отан­ды қорғау, өз ұлысының еркіндігін, тәуелсіздігін мұрат етіп, ол үшін күресу…» деген ақиқат сөздерін ескерген дұрыс. Шынында да, эпикалық дәстүр тұрғысында Манас жеке тұлға емес түркі жұртының азаттығы мен еркіндігі үшін күресуші тұлғалардың жиынтық образы. Ал ғылыми тұрғыда дәлірек айтқанда, «Манас» – ру-тайпалық кезеңдегі түркі жұртының тәуелсіздік жолындағы мұратынан мемлекеттік идеология дәрежесіне дейін көтерілген ұлттық идея.
Немістің классикалық философия­сының негізін салушылардың бірі – И.Канттың тілімен айтсақ: «Адам білімінің қайсыбірі болсын, түйсіктен басталып, түсінікке ұласып, идеямен аяқталады». Осы бір қарапайым сөз тіркестері «идея» түсінігінің мәнін және қалыптасу жолдарын қысқаша түрде нақты бере алады.
Қандай да халықтың ұлттық идея­сының алғышарты сол халықтың дүниетанымы мен наным-сенімдері арқылы қалыптасады. Міне, осы наным-сенімдердің бірі – манихеизмнің жалпы­түр­кілік идеяға айнала алғанын «Манас» тұлғасынан көруге болады. «Манас» атауының жасалуына да ежелгі арийлердің құдайы: «Ман» және «Ас», немесе осыған сәйкес ежелгі индиялықтардың құдайы «Манас» атауларының ықпалы жоқ емес. Қырғызша манихейлікті меңгеруді – «Ман-Окуу» яғни «Манас оқуы» деп аударылады. Біздің дәуіріміздің 216 жылы Қосөзен аралығында туған Мани өз ілімін ежелгі Вавилон, Иран, Орта Азия мен Индияда уағыздап, Қытай мен Оңтүстік Сібірге дейін жеткізген. Оның бір ерекшелігі өзіне дейінгі діндерді, яғни зороастризм, хрис­тиан және буддизмді бірге туған «дұрыс» наным-сенімдік жүйе ретінде қарастыра отырып, оларды адамдардың дұрыс түсінбегендігінен өзін құдайдың соны түзеу үшін жібергендігін дәлелдеуге тырысады. Аталған діндерден ортақ ілім жасап, арамейлік негізде өзі құрастырған жазу арқылы 7 кітаптан тұратын манихейлік ілімін жасаған».
Түркілердің тарих сахнасына шығуы­нан бастап, өркениетті мұсыл­мандық Қарахандар мемлекетін құрғанға дейінгі дүниетанымы мен наным сенімдерінде буддалық, христиандық және манихейлік діндердің орын алғаны белгілі. Осылардың ішіндегі түркі жұртында кеңінен тарап, тұрақты орын тепкені манихейзм болды. Өйткені бұл дін алдыңғы айтылған діндердің түркілерге ыңғайлы жағын бойы­на сіңіріп, түркі жұртының барлығына дерлік сеніміне ие болды. Л.Р.Кызласовтың дәлелдеуінше, мани­хеизм – ортағасырлық дәуірдегі (ІХ-ХІV ғ.) Амурдың жоғарғы сағасынан батыстағы Дунайға дейінгі аралықта еуразиялық түркітілдес халықтардың арасында барынша кеңінен тараған әлемдік дін.
Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше деректер келтірейік. Манихейлік дін түркілердің сол кездегі империялық дәрежедегі мемлекеттермен саяси қарым-қатынастарында да маңызды орын алған. Мысалы, 568 жылы Батыс Түрік қағаны ­Дизабул өзінің сенімді өкілі манихей дініндегі Маниахпен бірге Византия империясының елшілігімен келіссөз жүргізгенде елшіге қырғыздардың («херхис») қызын берген (Менанди //Византийские истории//). Бұл қырғыздардың да сонау VІ ғасырдың бірінші жартысында-ақ манихейзмде болғандығын көрсететін деректердің бірі ретінде саналады. 638 жылы Батыс Түрік қағанаты екіге бөлінгенде оның Цзюеюэши, Бома, Цзегу, Басмыл иеліктері жеке бір биліктің қоластына қараған. Цзюеюэши – Эжим өзеніндегі Кюрюши өңірі (Енисей бойындағы). Осы өңірде манихейлік мазмұндағы руникалық жазуы бар ескерткіш табылған. Цзегу «қырғыз» атауын беретін сол кездегі қытай тіліндегі термин ретінде қолданылған. Ал «Бома» – ала ат мағынасында Нарым өзенін бойлай орналасқан. Ал басмыл ру-тайпалары алғашында Алакөл өңірін жайлағанмен, кейін Бешбалық пен оның маңында қоныс тепкен. Бұл тайпалық одақтың билеушісі манихейлік «ыдуқ-құт» титулында болған.
Қырғыз тарихын зерттеуде көп еңбек сіңірген ғалым А.Н.Бернштамның гипотезасы бойынша Манас атауын сирия-манихей мектебіндегі «көсем», «ұстаз», немесе Тибеттен Алатауға дейіңгі Манис таулы жотасы, Шатқал мен Талас арасындағы Манас тауы немесе Шығыс Түркістандағы Манас өзенімен байланыстырады. Жалпы зерттеушілер қырғыздардағы «Манасты» өзбектердегі «Алпамыш», қазақтар мен қарақалпақтағы «Алпамыс», қазан татарларындағы «Алпамша», батыс сібір татарларында «Алып Мямшян», алтайлықтарда «Алып ­Маныш» пен сәйкестендіреді. Оның жөні жоқ емес. Өйткені түркілердің ежелгі ортағасырлық дәуірінде Түркі қағанаты мемлекетінде бірге жүріп, сол кездегі мәдени және саяси оқиғаларды бірге бас­тан кешірген жағдайда бұл эпопеяның кейін қалыптасқан түркі халықтарында түрлі нұсқаларда болуы әбден ықтимал.Эпикалық ескерткіштерді зерттеушілердің көбісі «Манас» пен «Алып-Манаш» батырлық жырын этногенетикалық және этно-мәдени жағынан бір-бірімен тығыз байланыстағы қырғыздар мен алтайлықтардың ортақ мәдени мұрасы ретінде VI-VIII ғ. Алтайда қалыптасқан бір эпикалық негіздегі фольклорлық шығарма тұрғысында қарастырады.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, «Манас» атауы шығуының негізінде ортағасырлық түркілердің, оның ішінде қырғыздардың да сыртқы жаудың басқыншылығына бірігіп қарсы тұру, елінің еркіндігі мен тәуелсіздігін мұрат ету жолында манихейлік діннің туы астында бірігіп күресу идеясы жатыр. Сондықтан идея дәрежесіне көтерілген осы діннің ­атауы эпопеядағы басты тұлға – «Манас­ты» сомдаған деуге толық негіз бар.
Жоғарыда біз «Манас» атауының шығуы туралы жасаған қорытындымызды дәлелдеу үшін келтірілген деректер мен пайымдаулар жырдағы оқиғаларға тек қырғыздар ғана емес, басқа да түркі ру-тайпалардың белсене араласқандығын көрсетеді. Мұны кезінде көрнекті ғалым Ә.Марғұлан: «Манас» жырында аса көңіл аударатын бір жағдай – мұнда қырғыздың өз руларының аттары, көп заман қырғыз халқына басшы болған тарихи адам есімдері еш жерде кездеспейді. Мұнда қазақ, не Орта Азия халықтарына ортақ тайпалар, не олардың тарихи дәуірлерде жасаған кісі аттары көбірек ұшырайды» деп ақиқатын айтқан.
Жырда ерекше бір тұлға – Алмамбет. Манас пен Алмамбет ежелден жаугершілік заманда бірігіп елді қорғайды. Алмамбет жырда Манасты исламды қабылдауға үгіттеп, Бесбалық үшін күресте «ғазаттық» (ғазауат) жолмен шығуға шақырады. Алмамбет образы астарында VІІ ғасырда қырғыздармен бірге Қытай экспансиясына қарсы күрескен қарлұқ ру-тайпаларының тұруы тарихи шындыққа келеді. 630 жылы Шығыс Түрік қағанаты Тан империясына бағынуға мәжбүр болды. Алайда қағанаттың бір иелігін билеуші Чеби хан өзінің жақтастарымен Алтай тауына қашып барып, жасырынды. Ол шығыста – қырғыздарды, батыста – Ертістің бас жағындағы қарлұқтардың күштерін өзіне қосып алды. Қырғыздар мен қарлұқтардың Чеби қол астында бірігіп, Қытайға қарсы күресін ­«Манас» эпосының сюжетінен де көруге болады. Эпоста ­Манас Жақыптың ағасы Қарахан өлген соң, Алтайға көшкенде туады. Ал көшудің себебі – империяның қырғыз жерін шауып алуы. Эпостағы қырғыздарды жаулаушы Алоу­ке – Қытай жылнамаларындағы империя әскерінің қолбасшысы, генерал Гао Кань болуы ықтимал. Яғни түркі тіліндегі үндестік заңы және эпостың ауыздан-ауызға берілуінде Гао Кань~Аока~Алоуке болып өзгеріске ұшырауы ықтимал. Эпос­та қырғыздар Алтай жерінде егін салып, байыды делінген. Жазба деректерде Чеби ханға ерген қырғыздар мен қарлұқтар Алтайдың ойпатты, жазық жерлерінде тұрғаны айтылады. Міне, осы Чеби хан эпостағы Манастың алғашқы образы болуы мүмкін. 840 жылы Бесбалық үшін күресте қарлұқтар түркілердің ішіндегі исламды алғаш қабылдағандар еді. Эпопеяның «Алмамбет оқиғасы» тарауын­да Алмамбеттің Манасты іздеу үстінде Көкшеге кездесіп, мұсылман болуға бекінгені айтылады. Сондықтан олар Манас эпосында «ғазатшылар» ретінде көрсетіледі. Үш қарлұқ тайпасының үлкен руының бірі – ташили, яғни таздар. Осы таздар Ер Бақайдың бастауымен Манасқа келіп қосылады. Таздар ұраны ертеде «Бақай» болғанын көрнекті этнолог Н.Е.Аристов айтады. Егер Бесбалық үшін күресте қырғыздардың негізгі одақтасы қарлұқ конфедерациясына кірген ру-тайпалар болса, таздар да өздерінің Бақай атты қолбасшысының соңынан еріп, Манаспен бірге жорыққа шығуы және кейін ол есім солардың ұранына айналуы ықтимал.
Сонымен, «Манас» эпосындағы батыр тұлғаларының аттары негізінен кейін қазақ халқын құрған ру-тайпалардың атауларымен сәйкес келеді. Көрнекті зерттеуші Ә.Марғұланның сөзімен айтқанда «Манас» жырының уақиғасына қазақ тайпалары тегіс қатысады десе де болады. Аталған жырда аса көңіл аударатын бір жағдай — қырғыздың өзінің тарихи дәстүрі болған ел аттары, көп заман қырғыз халқына басшы болған тарихи адам аттары (Барысбек, Орыс, Инал) ескі нұсқаларында (Ахшкенти, Шоқан, Радлов) еш жерде кездеспейді. Олардың орнына мұнда көп кездесетін әсіресе қазақ тайпалары, не Орта Азия халықтарына ортақ тайпалар, не олардың тарихи дәуірлерде жасаған адамдарының аттары».
Біз жоғарыда келтірілген тарихи деректердегі тұжырымдардың ғылыми негізділігін қуаттаймыз. Тағы, бір ғана қосатын ой: «Манас» эпосын түркі әлемінің алтын қазынасы ретінде әрі қарай зерттеу уақыт өткен сайын өзекті бола бермек.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы
ҚХА толеранттылығы және этносаралық қатынастар орталығының
директоры, тарих ғылымының
докторы, профессор




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *