Қуғын-сүргін құрбандары

100

Өткен жылы халқымыз атап өткен Алашорда қозғалысының 100 жылдығымен қатар, 1937-1938 жылы басталған тарихта «Үлкен террор» деген атаумен қалған қанды қырғынға да 100 жыл толып отыр. Қанды қырғынның алғашқы оты 1937 жылы Мәскеуде өткен ВКП(б) ОК ақпан-наурыз пленумындағы «Жапон-неміс-троцистік агенттердің тыңшылықтары мен қаскүнемдіктерінің сабақтары» және И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін басталды. Республикамызда «Үлкен террор­дың» кең қанат жаюына 1937 жылы 21 қыркүйек күні «Правда» газетінде жарияланған «На поводу у буржуазных националистов» атты мақаланың күшті ықпалы болды. Аталмыш мақалада Қазақстан КП(б) бірінші хатшысы Л.И.Мирзоян бастаған басшылар «буржуазиялық ұлтшылдарды талқандауда енжарлық танытып отыр» деп айыпталды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. Аз ғана уақыттың ішінде репрессияға ұшырағандар саны 118 мыңға жетіп, олардың 25 мыңдайы НКВД «үштігінің» шешімімен атылды. Тіпті соттау мен атудың сорақылыққа жеткен шыңы сол, республика басшысы Л.И.Мирзоян өз қолымен Сталиннен атылатын және түрмеге тоғылатындар санын арттыруды сұраған құпия құжат та табылып отыр.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең ауыр қайғысы атанған сталиндік қуғын-сүргін кезінде талай абзал азаматтарымыздың басы оққа байланды. Көрнекті тарихшы ғалым К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты кітабында: «1930 және 1932 жылдардағы бұрынғы Алаш қозғалысына белсенді түрде қатысқан қазақ зиялыларының басым көпшілігі саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты әртүрлі ұзақ мерзімдерге концлагерлерге айдалды, атылды, жер аударылды. Одан аман қалғандарына «халық жауы», «шетелдер пайдасына қызмет еткен шпион» деген жалған айып­тар тағылып, 1937-1938 жылдардағы үлкен террорда жаппай атылып, айдалды» деген қорытынды жасаған еді.
Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойын­ша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны 40 миллионға жеткені айтылып жүр. Дегенмен де, нақты есебі әлі күнге анықтала қойған жоқ. Сол сталиндік қасіреттің Қазақстанды да айналып өтпегені баршаға аян. Сотсыз, тергеусіз жазықсыз жазаланғандар сапында қарымды қаламгерлер иелері, оның ішінде өлкемізден шыққан тұңғыш баспагерлер мен алғаш баспасөзін ұйымдастырушылар да болғанын атап өткіміз келеді. Бұл мақалда олардың рес­публика, Атырау өлкесінің баспасөзін нығайтудағы қаракетін мұрағаттарда сақталған құжаттармен көрсеткім келді.
Досмұхамедұлы Халел (24.04.1883 – 19.08. 1939) – Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмында дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер, Алаш қозғалысының қайраткері, ағартушы-ұстаз, энциклопедист-ғалым. Ресей Ғылым академиясының Орталық өлкетану бюросының корреспондент мүшесі (1924).
Халқының болашақ саналы да, салауатты ұрпағын тәрбиелеудің маңызды іс екенін ерекше түсінген ғалым бұл бағытта аянбай еңбек етті. Бұл мақсатты ойын жүзеге асыру үшін ол қалам күшін пайдаланудың керек екеніне көзі жетеді. 1903-1909 жылдары Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясын үздік бітіріп, 1913 жылға дейін әскери дәрігер міндетін орындап, оба індетін емдеудің ортасында жүрді. 1913 жылдан бастап әскери қызметтен босағаннан кейін, Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасқан Халел қолына қалам алып, баспасөзге араласты. Ол осы кезден бастап «Урал», «Фикир», «Қазақ» газеттеріне үзбей мақалалар жазып тұрды. «Қазақ» газеті бетінде оның түрлі аурулардан сақтанудың шаралары, әр дерттің өзіне тән белгілері, емделудің жолдары мен қолданылатын дәрі-дәрмектің түрлері жөнінде егжей-тегжейлі мағлұматтар берген көптеген мақалалары жарық көрді. Аталған газеттің 1914 жылғы №60, 62, 63-ші сандарында Халел «Жұқпалы аурулар» деп аталатын көлемді мақаласын жариялайды. Қазақтың «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген мақалын айдар етіп алған ол осы еңбегінен-ақ ойын қағаз бетінде оқушыға еркін жеткізе алатын қаламгерлік шеберлігімен де танылды. Кейін осы мақалалар негізінде «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916) кітабын жарыққа шығарады.
Батыс Алашорда үкіметінің 1919 жылғы 10 қаңтарда Қаратөбе­де өткен облыстық земство жиналы­сы­ның қаулысына сай газет шығару қолға алынады. 1919 жылдың 26 қыркүйегінде Ойылда Батыс Алашорда көсемдерінің табанды қареке­тінің арқасында тұңғыш алаштық газет жарық көрді. Газет «Еркін қазақ» деп аталды. Газеттің бас мақа­ласын жазған облыстық земство бас­қармасының бастығы Х.Досмұхамедұлы басылым­ның алғашқы нөмірін шығарудың жайын былайша ашып көрсетіп береді: ­«…Заман тынышталып, тағы да олай, бұлай істерден халық аман, ел тыныш, жер босаңшылық болып тұрса бұл ­газетада түрлі осы күнгі Россияда ­болып жатқан оқиғалардың хабарлары земство істері һәм земствоның не нәрсе екендігі, ­Алашорда һәм оның бастан аяқ тарихтары жазылып тұрмақ».
Алашорда таратылғаннан кейін басқа да қазақ зиялылары сияқты Халел Досмұхамедұлы жаңа өкіметтің жұмысына тартылды. 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту инс­титутында оқытушы болып қызметке тұрды. Оған қосымша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметін атқарды. 1923 жылы Түркістан республикасының қарамағындағы ғылыми кеңестің төрағасы болып, мемлекеттік ғылыми баспаның бөлім жетекшісі міндетін де қосымша қатар атқарып жүрді. Халелдің қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан көруге болады. Ол мақалаларында негізінен тіл, халық ағарту, тарих, дәрігерлік-емшіліктің қыр-сыры мол түрлі мәселелері жөнінде қалам тербейді. Өзі қырғыз-қазақ білім комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, редакторы болды.
Халел Батыс Қазақстанның, әсіресе Орал аймағындағы ауыз әдебиетінің үлгілерін жазып алумен ертеден-ақ шұғылдана бастаған. Ташкент қаласында шығып тұрған мерзімді қазақ баспасөзі беттерінен ол жинаған халық әдебиетінің түрлерін көптеп ұшыратамыз. Өзі жинаған осы материал­дар негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Алaман» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) кітаптарын алғысөзі мен түсініктерін жазып, бастырып шығарды. Оның 1924 жылы «Сәуле» журналының («Қазақ әдебиет-білім құрасымы») №3, «Ақ жол» газетінің №416 санына қосымша бетінде жарияланған «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» деген шағын мақаласы осының дәлелі. 1930 жылы қыркүйекте ол Воронеж қаласына жер аударылады. Воронежге жер аударылған Халел Досмұхамедұлы дәрігерлер жетілдіру институтында әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасында сабақ береді. Сөйтіп, осы қалада жұмысын жалғастыра береді.
1937 жылы қайта тұтқындалып, әскери трибунал үкімімен 1939 жылы 19 тамыз күні атылады. Оның ісі 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып, ақталды.
Өтеулиев Төлепкерей Бисұлтанұлы (1889 – 08.03.1938) – Батыс Қазақстан облысы Жымпиты (қазіргі Сырым Датұлы) уезі Тұздыкөл селосы №4 ауылда дүниеге келген. Республика баспасөзінің дамуында қолтаңбасы қалған, кейін сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды.
Ата-анасынан ерте айырылып жетімдіктің ащы дәмін татуға мәжбүр болады. Қайырымды жандар 12 жастағы Төлепкерейді Матшенск бір жылдық училищесіне оқуға береді. Оқуды бітірген ол алдымен 2 жылдық Илецк училищесіне түседі, бірақ сондағы 2 жылдық педагогикалық училищеге ­ауысып 1910 жылы аяқтайды. Училищені бітіргеннен кейін Торғай облысында 1910-1914 жылдары ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Туған жерге деген ыстық ықыласы оны 1914 жылдың күзінде Жымпиты 2 жылдық училищесіне оқытушылыққа алып келеді. ҚР Президентінің мұрағатында сақталған құжатта: «Жымпитыда Алашорда үкіметі орнағаннан кейін қаржы болмағандықтан біздің мектеп жабылды. Көп ұзамай мен жергілікті еріктілер отрядына қабылдандым, бірақ солшыл саяси көзқарасыма сенімсіздік білдірген Досмұхамедов одан босатты. Сөйтіп, күнкөрістің жолын іздеп мектепте бірге оқыған Асанов деген досымның шақыруымен Алашорда армиясы қатарына жұмысқа тұрып, әу баста регистратор, кейін есепші қызметін атқардым» деп жазады Т.Өтеулиев. Жымпитыны Қызыл армия тазартқаннан кейін 1919 жылы 18 қаңтарда Төлепкерей Бисұлтанұлы Революциялық комитетке жұмысқа тұрып, алғашқыда есепші, көп ұзамай уездік қаржы бөлімінің бастығы болады. Т.Өтеулиевтың ендігі өмірі мен қызметі қазақ халқының болашағы үшін коммунистік партиямен және кеңес үкіметінің жаңа қоғам орнату жолындағы күресімен ұштасады. 1919 жылдың күзінде уезкомның шешімімен казактарға қарсы отряд командирлігіне тағайындалып, Ащысай аймағындағы шайқаста жауын­герлерін жеңіске бастайды. Партияның тапсырмасын орын­даудағы еңбегі жоғары бағаланып, Мәскеу қаласындағы Свердлов атындағы университетте маркстік білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Курсты үздік бітірген жасқа зор сенім көрсетіліп, Шығыс Еңбекшілері университетінің үгітшілер бөліміне ауыстырылады. Саяси білімі жоғары әрі Қызыл армияның сапында ұрыс даласынан тәжірибесі бар Т.Өтеулиевті жоғары басшылар Мәскеудегі ерекше отряд құрамына тартады, сөйтіп, ол ел тыныштығын сақтауға кіріседі, солардың сапында Кронштад оқиғасына қатысады.
1921 жылы 1 мамырда Жымпитыға еңбек демалысына келген Төлепкерей уездегі бандыларға қарсы шайқасқа кіріседі, сөйтіп, Мәскеуге оралу арманы жүзеге аспай қалады. Уездік комитетте алдымен насихат бөлімінің меңгерушісі, кейін 15 қыркүйектен бастап хатшылыққа сайланады. Бұл қызметті 1923 жылдың наурызының басына дейін атқарады. 1923 жылы ­наурыз айының басында РКП(б) Гурьев уездік хатшылығына тағайын­далып, бұл жұмысты 1924 жылдың қыркүйегіне дейін атқарады. Азамат соғысында қираған кәсіпшілік­терді қалпына келтіріп, халық шаруашылығын өркендету ісін тездетуге бел шеше кіріседі. ­Гурьевте мұнай, балық кәсіпшілігін дамытуға қоғамдық ұйымдардың күшін жұмылдырады. Ауылдардағы Қосшы одағының жұмысын жандандырып, еңбекшілердің сауатын ашу, денсаулығын жақсарту, оқу үйлерінің жұмысын күшейтуге басшылық жасайды. Халықты отырықшылыққа үйретуде, жаңа экономикалық саясаттың уезде толық жүзеге асуына шешімді шаралар қабылдайды.
Іскер басшы Т.Өтеулиевтің уездегі еңбекшілердің саяси белсенділігін көтеріп, оларды жаңа қоғамды орнату жолында мерзімді баспасөздің ерекше рөліне арқа сүйеді. Сөйтіп, кезінде Жымпитыда жарық көрген «Ерік» газетінің баспаханасындағы араб әріптерін өзімен бірге ала келеді.1923 жылы 29 наурыз күні өткен Гурьев уездік партия ұйымы бюросының №13 мәжілісі төмендегідей мазмұнда қаулы қабылдайды: «…б) «Трудовая Правда» мен «Ерік» газеттеріне ­жауапты редакторлық ету Т.Өтеулиевке міндеттелсін».
Т.Өтеулиевтың редакторлығымен өлкемізде тұңғыш ана тіліндегі «Ерік» (қазіргі «Атырау» – Қ.С.) газеті 1923 жылдың 1 сәуірінде 500 данамен жарық көріп, оқырмандарға тегін таратылады. Газеттің алғашқы санындағы «Тірлік осымен табылады» деген бас мақаланы уезком хатшысының өзі жазып, басылымның ұстанымын былайша баяндайды: « …Кеңестер хұқметі өз тіліңде школ аш, газет-журнал шығар, кітап-құрал шығар, мәкәма түзе деп бұйрық шығарып шашты. Ол әлі орнына келтірілген жоқ. …Тірлік осымен табылады. Әйтпесе жер үстінде саған орын жоқ. Т.Өтеулиев».
1924-1925 жылдары аралығында жоғары партия басшылары Т.Өтеулиевты Орал қалалық партия ұйымында ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы, есеп-қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылы Семейдегі губерниялық партия ұйымының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылдың желтоқсанынан 1927 жылдың 23 наурызына дейін Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы, 1927 жылдың 20 сәуірінде Қызылордаға Қазақ Өлкелік партия комитетіне нұсқаушылыққа, 1928 жылдың 7 мамыры мен 1929 жылдың 26 қаңтары аралығында Ойыл аудандық партия комитетінің жауапты хатшылығына тағайындайды.
Міне, осы тұста Төлепкерейдің «Кіші октябрьдің» көсемі Ф.Голоще­киннің сая­сатына қарсы көзқарасы қалыптасады. Ел арасында жүргізген әкімшілік теріс саясаттың, қазақ зиялыларының көшбасшыларын қудалаудың орынсыз екенін дәлелдеп жоғарғы жаққа хаттар жазады. Т.Өтеулиевтың ендігі тағдыры қиыншылыққа толы болды. 1930 жылы Атбасар түсті металл тресінде басқарма бастығы, Степняктегі алтын-мыс тресінде директор, 1930 жылы 20 қаңтарынан Петропавл округтік прокуроры қызметіне та­ғайын­далады. Бірақ оны бұл лауазымдарда көп тұрақтатпайды, сол жылы «Каззолото» тресі басқа­рушы­сының орынба­сарлығын өмірінің соңына дейін атқарады.
Қазақ халқының болашағына шын берілген, саяси ­сауатты ­Төлеп­керей Бисұлтанұлының ­Алашорда мемлекеті­нің армиясындағы қызметі және Адай округтік партия комитетіндегі хатшы­лық кезіндегі саяси ұстанымдары үшін сталиндік зобалаңға тап болады. Оны бір түнде тұтқынға алып, соңында Фатима атты әйелі және үш баласы жылап-сықтап қала береді. «Жапонияның агенті», «алашордашыл халық жауы», «Жалау Мыңбаев, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожановтардың «құйыр­шығы», көздеген мақсаты – Қазақстан партия ұйымын большевиктер партиясының құрамынан бөліп әкету, кеңес қоғамына іріткі салу» деген айыппен 1938 жылы 8 наурызда атылады.
Жақыпов Серікқали (1892, Ресей, Саратов облысы, Александров-Гай ст. – 9.02. 1938, Алматы), сталин­дік қуғын-сүргін құрбаны. Батыс Қазақ­станда кеңес өкіметінің орнауына көп еңбек сінірген, ЧК – төтенше комиссиясында жұмыс істеген. Жазуға бейімі мол С.Жақыпов 1914 жылы «Айқап» журналына Ю.Лермонтовтың «Үш пальма» атты дастанын қазақшаға аударып бастырған.
1924 жыл 18 тамыздан бастап «Жұмыскер тілі» атауына ие болған газетке сол жылдың 8 желтоқсанына дейін Гурьев уездік партия комитетінің хатшысы болған, даңқты чекист Серікқали Жақыпов та редакторлық еткен. С.Жақыпов 1918 жылдан партия мүшесі, жоғарғы бастауыш училищені және педагогикалық курсты бітірген, мамандығы – мұғалім. 1918-1919 жылдары Бөкей губерниясының комсомол ұйымының негізін қалаған. Сол жылы Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы коммунистік университетке түсіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. 1921 жылы Бүкілодақтық төтенше комиссия қарамағында болып, өлкемізде Серовтың бандаларын талқандауға жетекшілік етеді. 1923 жылы Гурьев уездік партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Жауапты қызметінен уақыт тапқан С.Жақыпов уезде шығып тұрған «Трудовая Правда» мен «Ерік» газетіне қосымша редакторлық еткен. 1924 жылдың қазан айында Орал губерниялық партия комитетінің жоғарғы ұйымдарға берген баспасөз туралы ақпаратында былай делінген: «Гурьевте «Жұмыскер тілі» газеті аптасына бір рет 600 данамен жарық көреді, редакторы С.Жақыпов».
«Трудовая правда» мен «Ерік» газеттерінің беттерінде ішкі мүмкін­діктерді пайдаланып, еңбек өнімділігін арттыру мен өнімнің өзіндік құнын түсіруге бағытталған мақалалар жарияланған. «Ячейка и производительность», «Что мешает росту производительности труда», «Рационализация труда и наша очередная задача» және «Мекемеде іс қалай жүреді?», «Қазіргі тығыз жұмыс егінді көп салу», «Еңбек етсең емерсің» т.б. 1924 жыл 19 қазан күні өткен «Рабочая Правда» газетінің жанындағы редакциялық алқа мәжілісінің №19 хаттамасында «Рабочая Правда» газетін аптасына бір рет шығару туралы» мәселе қаралған. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөйлеген С.Жақыпов газетте жақсы қызметкерлер мен тілшілердің аздығына байланысты басылымды аптасына бір рет шығаруға ұсыныс берген. Осы уақытта қажетті материал жинап, газетті жұмысшылардың сүйікті басылымына айналдыруға болады десе, редколлегия мүшесі Шамсон Типеев газеттен жастар бетін ашып, екі аптада бір рет шығаруға ұсыныс жасайды. Ал алқаның келесі мүшесі Пиригин газет екі аптада бір рет шықса, газет оқырманын қатты сағындырады деген ұсыныс беріпті. Мәжіліс қаулысымен жаңа атауға ие болған «Трудовая Правда» газетін 7 қарашаға дейін екі аптада бір рет шығаруға қаулы қабылдапты. Сондай-ақ осы мәжілісте «Жұмыскер тілі» газетіне редакторлық жасағаны үшін С.Жақыповқа еңбекақысының 50 пайызына қосымша ақы төлеу, газет хатшысы Л.Араловқа 20 сом еңбекақы төлеуге шешім алған. Бұдан әрі баспаханадағы әріп теруші, баспашы, машина айналдырушылар мен басқа да жұмысшыларды арнаулы тізімге алып, оларды азық-түлікпен қамтуға шешім шығарылған. Бұдан С.Жақыповтың заманның қиын кезінде баспахана қызметкерлерінің аштыққа ұшырамай, газеттің сапалы шығуын қамтамасыз етуді мақсат еткені көрініп-ақ тұр. Көп ұзамай Оралдың жоғарғы партия ұйымдары С.Жақыповты басқа жерге ауыстырады. 1924 жыл 8 желтоқсан күні Гурьев уездік партия комитеті бюросының №26 мәжілісінің қаулысымен «Жұмыскер тілі» газетінің редакторы С.Жақыповтың орнына Р.Сұлтанғалиев тағайындалады.
С.Жақыпов соңғы ерлігін 1937 жылы қыркүйек айының басында Сәкен Сейфуллинді тұтқындау туралы бұйрықты алған кезде жасаған екен. Бұйрықты жыртып тастап, сол күннен бастап өзі де жұмысқа шығуды қойған екен. Адал жанды, ыстық жүректі Қазақ КСР НКВД төрағасының орынбасары С.Жақыповты 1937 жылы 24 қыркүйек күні С.Сейфуллинмен бірге тұтқындайды. Ол 1938 жылы 9 ақпанда түрмеде бақилық дүниеге аттанады.
Қожахметов Шияп – 1895 жылы Орал губерниясында туған. Қазақстанның алғашқы астанасы болған Орынборда Қазақ халық ағарту институтын, кейін Мәскеудің Коммунистік Журналистер институтын бітірген. «Социалды құрылыс» (қазіргі – «Атырау») газетіне басшы­лық жасау үшін жоғарғы журналистік білімі бар Ш.Қожахметов 1934 жылы 21 қарашадан бастап жұмысқа кірісті. Өз жұмысының маманы атанған ол уақытпен есептеспей газеттің сапалы шығып, мазмұнының жоғары болуына, оқырмандарының сүйікті басылымына айналуына тікелей ықпал етті.
Осындай жігерлі де ұйымдастыру­шылық шеберлігі зор журналист кейін «Социалистік Қазақстандағы» 1937 жылы 5 және 28 тамыз күндері шыққан «Жауапсыз редактор, жауапты баспахана», «Гурьев газетін кім басқарады?» деген ұрда-жық мақалалардың құрбаны болып кетті. Алдымен, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылы 5 тамыздағы №178 (4482) санында жарияланған «Жауап­сыз редактор, жауапты баспахана» атты мақалада сол кездегі газет бетінде кеткен корректорлық қателерге қол қойған редактор Ш.Қожахметовті кінәлі деп тапқан. Газет қателері мен «контрабандалық пікірлер» көбіне ­Алматы мен Мәскеуден келген ТАСС материалдарында жаңсақ кетіп, кейін олар орыс тілінде шығатын «При­каспийская коммуна» газеті редакциясына хабар беріп түзеттіреді де, қазақ редакциясын хабарсыз қалдырып отырған. Немесе баспаханадағы басу машинасының ескілігінен ағаш әріптер қате түсіп те жататын еді. Алайда баспасөздің заңы бойынша бәрібір де шығатын газетке қол қоятын редактор жарияланған материалдар мазмұнына тікелей жауап беретін.
Қазақстан Компартиясы ОК-нің үні болған «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде жарияланған кез келген сын мақала аяқсыз қалмайтын еді, сондықтан Ш.Қожахметовтың партиялық мәселесін қарау шұғыл түрде қолға алынды. Аталмыш осы екі мақала талқыланған 1937 жылы 8 қыркүйек күні өткен ҚК(б)П ­Гурьев округтік комитетінің бюро мәжілісінің №37 §1 қаулысында атап көрсетілгендей, округтік «Социалды құрылыс» газетінің жұмысындағы саяси қателер мен газет редакторы Ш.Қожахметовтың кемшіліктері орынды атап көрсетілді деген ұйғарым жасалды. Қабылданған қаулыда, Ш.Қожахметов бұл жауапты жұмыстан босатылып, округтік комитеттің бюро мүшелігінен шығарылады, газетке басшылығын төмендеткені үшін сөгіс беріледі. Бұл мәселе сол кезде Гурьев территориясы Батыс Қазақстан ­облысы құрамында болғандықтан Оралға да жетеді. Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің 1937 жылы 20 қыркүйек күні өткен бюро мәжілісінің §39 қаулысымен, Ш.Қожахметов қолдан жасалған «жапон-бухарин жауларымен», «Ембімұнай кәсіпшілігіндегі бүлдірушілікке қарсы күрестегі және коммунистке сай емес жат қылықтарға (тұрмыстағы) жол бергені үшін» делініп жұмыстан қуылды.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең ауыр қайғысы атанған сталиндік қуғын-сүргін кезінде талай абзал азаматтарымыздың басы оққа байланды. Көрнекті тарихшы ғалым К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты кітабында: «1930 және 1932 жылдардағы бұрынғы Алаш қозғалысына белсенді түрде қатысқан қазақ зиялыларының басым көпшілігі саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты әртүрлі ұзақ мерзімдерге концлагерлерге айдалды, атылды, жер аударылды. Одан аман қалғандарына «халық жауы», «шетелдер пайдасына қызмет еткен шпион» деген жалған айыптар тағылып, 1937-1938 жылдардағы үлкен террорда жаппай атылып, айдалды» деген қорытынды жасаған еді.

«Атырау» газетінің 1934-1937 жылдары редакторы болған Шияп Қожахметовтың Гурьевтегі тағдыры осылайша аянышты аяқталады. Ол осыдан кейін Ресейдің Челябинск қаласына жер аударылып, сол жақтағы қазақ тілінде жарық көрген газетте жұмыс атқарады.
Осындай қиын кезеңде аянбай тер төгіп, адал еңбек еткен Маңғыстау аудандық «Колхоз жолы» (Гурьев облысына бағынатын – Қ.С.) газетінің алғашқы редакторлары Н.Несібекұлы мен Т.Мұхамбетұлы сталиндік қуғын-сүргін басталған шақта қасында жүрген қаламдас жолдастарының «домалақ арызымен» түрмеге қамалды. ­Гурьев округтік «Социалды құрылыс» газетінің редакторының орынбасары Ғ.Аманғалиев қол қойған 1937 жылы 8 қазандағы №77 бұйрықта былай делінген: «Редакцияның партия бөлімінің бастығы Несібеков Нұртілептің Маңғыстаудағы бұрынғы контрреволюцияшыл-ұлтшыл жіктерге қатынасып, партияға қарсы жұмыс жүргізгендіктері анықталғандықтан октябрьдің (қазанның) 8-інен бастап жұмыстан шығарылсын».
Компартияға қарсы «ұлтшыл», «сатқындар» деген желеумен жазықсыз жазаға тартылған Төлеген Мұхамбетов туралы мұрағаттарда мол құжаттар сақталған. 1937 жылы Гурьев округтік «Социалды құрылыс» газетінде өз ісіне шын берілген шебер журналист туралы тағы да редактордың орынбасары Ғ.Аманғалиев округтің басшылары Өтеғалиев пен Сидровқа төмендегі мазмұнда хат жолдаған: «Міне, «Социалды құрылыс» газетінің редакторы Ш.Қожахметовтың қылмыстық әрекеті әшкереленіп және жұмыстан қуылғанына ай өтсе де, күні бүгінге дейін газет редакторсыз әрі тексеруден өткен адамдармен толықтырылмай отыр. Күні бүгінге дейін партия бөлімінің меңгерушісі болып партияға қарсы ұлттық «16 топтың мүшесі» Н.Несібеков қызмет етіп келді, енді «СҚ» редакциясы құрамында оның болуы қисынсыз деп шештім. Енді партия мүшелігіне кандидат Төлеген Мұхамбетовтың редакцияға келуін редакция құрамын жаңарту емес, кездейсоқ оқиға деп қарау керек. Оны жан-жақты тексеру қажет деп санаймын, себебі қазірдің өзінде оның халық жаулары Хангереев, Мендалиев және т.б. жолдастармен сыбайлас болды деген «сыбыс» бар». Көп ұзамай бұл «сыбыс» республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының тілшілер бөліміне де жетеді. Бүркеншік атпен жазылған хатты Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің баспасөз бөліміне республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы 1938 жылы 26 мамыр күні №1213/9137 санды қатынаспен жіберіп, қатаң тексеруге тапсырады. Енді осы хаттың мазмұнымен қысқаша таныссақ: «Маңғыстау партия ұйымын көп жылдар бойы халық жауы Хангереев басқарып отырып, ауданның саяси-шаруашылық жұмыстарының барлық тарауларына да өзінің зиянкестік әрекеттерін тигізгені анық. 1936-1937 жылдары өндіріс орындарына бірнеше миллиондаған зиян келген. …Халық жауы Хангереев өзінің зиянкестік әрекеттерін ауданнан шығатын «Колхоз жолы» газетіне де аз тигізбеген. Газеттің ­редакторларына өзімен бірге ертіп келген досы Мұқамбетовты отырғызып, сол арқылы барлық пікірін іске асырған. Маңғыстау партия ұйымында Хангереевтің оң қолы болып соның сойылын соққан Меңдалиев, Ермағамбетов «Колхоз жолы» газетінің редакторы Мұхамбетов және оның ағасы Диар Мұхамбетовтер (партиядан қуылды) болып отыр. Әсіресе сол уақытта аудандық «Колхоз жолы» газетінің редакторы Мұхамбетов Хангереевтің маңдайына шаң тигізбеуге тырысты. «Колхоз жолы» газетіне Хангереевтің айтқанын жазып, жаратпаған мақалаларын жазбай тастап отырған. Соның арқасында аудандық газет аудан өмірінен қол үзіп кеткен. Бірнеше жүздеген тілші хаттары басылмай Хангереевтің айтқанымен редактор Мұхамбетов аяқсыз қалдыра берген. Газеттің көпшілік алдындағы беделін жойған. …Сонымен қатар Мұхамбетов «Колхоз жолы» газетінің редакциясын құлатуға тырысқан, редакцияда отырып алып, газеттен түскен қаражатты оң мен солға бірдей жұмсап шашып, жоқ еткен. Мұны осы жылы апрель айында аудандық партия комитетінің бюросымен Өтегенов, Досмағамбетов жолдастардың құралған партия комиссиясы ғана ашып, «Колхоз жолы» газетінің 1935-1937 жылдардағы ақша қаражатын тергегенде төмендегілер анықталды, комиссия тергегенде, подлок-документ тапсырып жегені «9482» сом болып отыр. Ал газет шығаратын ақ қағаз сатып алған ақша және заказдан түскен ақшаларды счетқа түсірместен, жұмысшыларға берместен өзі алған фактілер бар. Мұхамбетовтың осындай зиянкестігі қоғамның қаржысын жоқ қылып өзі пайдаланғаны, халық жауы Хангереевтің уақытында әшкереленген жоқ. Сонымен қатар ауданымыздағы 28 мыңдаған халықтың 30 проценті орыс ұлтынан. Біздегі үлкен кемшілік ауданымызда орыс тілінде газет жоқ. Газетті 4 бет етіп шығару үшін күн жарымда бір рет 4 әріп теруші-жұмысшы және 2 кісі әдебиет қызметкерлерін керек етеді. Осылармен бірге бұрынғы 1938 жылға жылдық смета бойынша қаралған 33 мың сомның үстіне 20 мың сом қаражат керек…». Аталмыш хатпен таныса отырып, Т.Мұхамбетовпен қоян-қолтық бірлесе қызмет атқарған жолдастары жазғаны айдан анық көрініп тұр.
Заманның аупалы-төкпелі кезеңінде күндіз бірге қол алысып амандасып жүрген азаматтардың, түнде сыртыңнан бұрқырата домалақ хат жазып «сыбыс» таратқанына жаның қатты күйзеледі. Хаттың негізінде абзал азамат НКВД құрсағына түсіп қамауға алынып, оған «халық жауы Д.Хангереевпен ауыз жаласқан, аудандық газеттің 9 мың данасын жойып жіберген» деген айып тағылды. Алайда кейін «аққа құдай жақ» дегендей, көп ұзамай Т.Мұхамбетовтың қылмысы дәлелденбей ажал шеңгелінен құтылып шығады, Гурьев қалалық партия комитеті қайтадан оның партиялығын қалыпқа келтіреді.
ВКП(б) Батыс Қазақстан обкомына берілген мына бір мінездемеге назар аударсақ: «КП(б) мүшесі Т.Мұхамбетовке мінездеме. Мұхамбетов Төлеген 1900 жылы туған, білімі төмен, 1930 жылы кеңестік партия мектебінің екінші басқышын аяқтаған, 1936 жылдан партия мүшесі, билет №1600878. 1927 жылдан 1934 жыл аралығында партия және кеңес жұмыстарында болған, 1934 жылдан 1937 жылдың қараша айына дейін аудандық газеттің жауапты редакторы, 1937 жылдың қараша айынан 1938 жылдың маусымына дейін облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып, өз жұмысын дұрыс жолға қоя білді. 1938 жылы тұтқындалуына байланыс­ты партия қатарынан шығарылды, ақталғаннан кейін 1939 жылы 21 сәуірде Гурьев қалалық партия комитеті қайтадан оның партиялығын қалыпқа келтірді. Гурьев КП(б) обкомының кадр бойынша хатшысы: (Волков)».
Қиын-қыстау кезеңді бастан кеші­ріп, ауыр жолды артқа салған сайын өмірге алғаш қадам басқан сәбидей «Колхоз жолы» газеті де тәжірибе ­жи­нақ­тап, білікті мамандармен толықты.
Міне, бүгінгі таңда жандарын шүбереке түйіп, бастарын оққа бай­лаған арыстарымыз армандаған тәуелсіз мемлекетте өмір сүрудеміз. Тарихта аттары алтын әріппен жазылған кешегі алаш азаматтарының, оның ішінде «Үлкен террордың құрбандары» болған қаламгерлердің есімдерін жас ұрпақ ұмытпауы тиіс!

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік
университетінің қызметкері, тарих ғылымының кандидаты




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *