Ресейдегі ұшақ апатынан қазақ жігіті қаза тапты

422

Алдын ала мәліметке сейкес, Мәскеу облысында апатқа ұшыраған Ан-148 ұшағында қаза тапқандардың арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 11 ақпан күні Мәскеу облысының Раменс ауданында Ан-148 ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан ұшақ бортында экипаж мүшелерімен қосқанда 71 адам қаза тапты. Кейіннен анықталғандай, жолаушылардың бәрі оқиға орнында көз жұмған.

Ал Әнуар Жайнақовтың айтуынша, ұшақ апатынан қаза тапқандардың арасында қазақстандықтар жоқ.

«Алдын ала мәліметке сәйкес, қаза тапқандардың ішінде қазақстандықтар жоқ. Қазіргі таңда Ресейдегі дипломаттарымыз тиісті жұмыстарды жүргізуде. Жаңа деректер белгілі болса, сіздерге хабарлаймыз», — деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі.

Алайда, соңғы ақпараттарға сәйкес, Орск қаласында тұратын Темірлан Ақназаров есімді қазақ жігіті Мәскеу түбінде апатқа ұшыраған лайнердің бортында болған. Темірланның «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында қолданушылар орыс және қазақ тілдерінде көңіл айтуда.

Айта кетейік, апатқа ұшыраған әуе кемесі «Саратов әуежелілері» компаниясына тиесілі. Қазір таңда Ресейдің тергеу комитеті аталған компания үстінен қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында тексеру жүріп жатыр, «қара жәшік» те табылды.

Естеріңізге сала кетейік, жексенбі, 11 ақпан күні Мәскеудің «Домодедово» әуежайынан Орск қаласына бағыт алған Ан-148 жолаушылар ұшағы 10 минутқа жетпей, радардан жоғалып кеткан. Салдарынан ұшақ апатқа ұшырап, 71 жолаушы қаза тапты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *