ӘШІРБЕК СЫНШЫ

(Эссе)

Қазақ даласында қара қылды қақ жарып тура төрелік ететін шыншыл билер болған, олар өздерінің әділ үкімдерін де, сынын да дөп басып айтқан. Сынның естілерді ізгі ететін, ессіздерді күлкі ететін күшін қазақ халқы қадірлеген. Сынды айта білген Абай тірі кезінде дүйім қазаққа тиісінше таныла қоймаған еді. Осы іспеттес Сынның хас шебері болған Әшірбек Сығай да жеткілікті насихатталмады. Алайда, Тәңірі талант дарытып, бақ берген, білімнің кілтін тарту еткен терең ойлы тұлға, ауқымы кең нағыз сыншы турасында сыр шерткім келеді.
Ия, ол бәрібір де біз қалағандай тиісті деңгейде танымал бола алмай кетті. Бүгінгі күні осындай ірі өнер қайраткерлерін кеңінен елге насихаттаудың орнына, шегі жоқ бір күндік жұлдыздарды ақшаға бола насихаттау үздіксіз жүріп жатқаны дәлме-дәл осындай тұста налытады.
Мен 2011 жылы мектеп бітіріп, Қазақ Ұлттық Өнер университетіне құжатымды тапсырдым. Бірінші шығармашылық емтиханды ойдағыдай өткеріп, келесі кезеңге өттім. Онда әлем және қазақ әдебиетіне қатысты сан түрлі сауалдар қойылды. Тосыннан тура маған қарама-қарсы отырған орташа бойлы, алайда, өзгеше зор мысы мен сырбаздығы аңғарылып-ақ тұрған Әшірбек Төребайұлы тереңдіктің лебі ескен көздеріменен «Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?» деп сұрақ тастады. Бірден бір апта бұрын ғана оқып тауысқан Әшірбек Сығайдың «Театр тағылымы» атты кітабы турасындағы жеке көзқарасымды айта жөнелдім (Айтпақшы, бұл сауалдың иесі Әшірбек Сығайдың өзі екендігін білмей тұрмын). Оқу барысындағы ойға түйгендерімді, оқырман ретінде елең еткізген тұстарға тоқталып, мүмкіндігім жеткенше жан-жақты жіліктеп бердім. Бәлкім, балаңдығы басым шынайылықтың әсері болар, көп ойланбастан жалпы автор хақындағы бірнеше оқыс пікірлерімді де ортаға салып жіберіп, жасқанбай емін-еркін сөйлеп кетіппін: «Автор – Әшірбек Сығай сол сұрақтардың жауа-бын біле тұра, оқырманға нақты тіл қатпады. Тек емеурінмен ғана ымдап, бір шетін білдірді. Аталмыш тәсілді ұстана отырып, өздері бастарын қозғалтып, ойлансын, ізденсін дегені шығар мүмкін?». Осы тұста өткір һәм сұсты көздерімен қадала қараған Әкім Тарази өз мәнеріне салып жымия «Сен, бала, өзі Әшірбек Сығайды танымайтын ба едің?..» деді. Бойымды жинап, сенімді түрде Әшірбек ағаны күнделікті өмірде көзбе-көз көрмегенімді айттым. Қазылар мүшесінің бірі қалмай қарқылдап ду күле бастады. Ойлы жанары күлім қаға Роза Қажығалымқызы да еріксіз езу тартты. Сол сәтте-ақ іштей саралауға кірісіп кеттім. «Әлденеден мүлт кеттім бе? Қай жерін артық айттым?! Аяқасты бұлар неге жылып сала берді?..» деген күдік жей бастады. Сөйтсе, бағанадан бері әлгі кітаптың авторы — Әшірбек Сығай дәлме-дәл менің алдымда отыр екен. Ол кісі «Боссың, бара ғой, айналайын!» деп еді, екі бетім алмадай болып, аудиториядан шығып кеттім.
Содан бері ол кісіні университет қабырғасында жүргенде талай көрдім. Дәрістерін ара-тұра тыңдадым. Жақындап барып, сөйлесуге, сұрақ қоюға сол кездерде аса батылым бармады. Таудан үш-төрт шақырымға шегінген кезде ғана таудың қаншалықты биік екендігіне көз жеткізуге болады. Сол сияқты Әшірбек ағаның кесек тұлға екенін білсек те, арамызда қазына жүргенін сезсек те, жан-дүниесінің симфониясын жеткілікті деңгейде ести алмадық. Тек симфония кенеттен кілт тоқтап қалғанда ғана «Симфония бітіп қалды ма?» – деп сенер-сенбесімізді білмей баршамыз аласұрып, елең етуге санамыз жетті. Себебі, бұл адамдардың күнделікті тіршілікте аспандағы қаптаған жұлдыздарға мән бере бермей, тек аққан жұлдызды көргенде ғана жалт бұрылатын әдеті ғой.
Әйткенмен, Әшірбек ағаның ерекше кішіпейілдігін, жоғары деңгейде талғампаздықпен әдемі әрі орынды әзілдей білу қабілетімен қатар, шегелеп тұрып тереңнен талдап, шебер талқылап берумен бірге дөп жеткізетін айқын шешендігін іштей қадір тұттық. Әсіресе, тұнып тұрған энциклопедиядай білім мен дарын иесі болғанын ұғынған едік.
Қазақтың нар тұлғаларының басым көпшілігі ауылдан шыққан. Ауыл – ұлттық сана-сезімнің қайнар көзі. Заңғар таулардай асқақ рух пен айрықша тереңдік иелерінің бірегейі-Әшірбек Төребайұлы Сығай да өзінің алтын тұғыры-Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында 1947 жылы 11 қаңтарда жарық дүние есігін ашқан еді.
Соғыстан кейінгі жылдар. Оңтүстік Қазақстан. Барша халық та, болашақ сыншының ата-анасы да екі-ақ жыл бұрын соғысты бастан кешкен Отанын қайта қалпына келтіріп жатыр. Бала Әшірбек елді қалпына келтіру үрдісін, жөндеу, құру еңбегін көріп өсті. Бәлкім, сол кезде-ақ ол қазақ өнерін де қалпына келтіріп, жөндеп, түзегісі келген шығар?
Алпысыншы жылдар, жылымық кезеңі. Күллі КСРО бойынша өнер жаңғыру үрдісін басынан кешіп жатқан шақта, Әшірбек өзінің өмір жолын таңдап жүрген жас жігіт, СЕРІ ЖІГІТІ еді.
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары расында да Әлем өнерінің сахнасына реалистік сарын, сахна төріне әлеуметтік мәнер шықты. Ал, қазақ даласында театр көбінесе соғыстың алдындағы көнерген дәстүрмен келе жатты. Жас Әшірбекке мұндай ескішіл театрды көру ұнамады. Ол заманға сай, озық, жаңашыл қойылымдар мен туындыларды көргісі келді. Мүмкін, содан болар, ол өзінің тырнақалды өткір сыни мақалаларын сол кезде жаза бастады.
Жалынды алпысыншы жылдар Ресей мәдениетіне Евтушенко, Ахмадулина, Высоцкий сынды дара тұлғаларды, ал, қазақ халқына Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкей, Шәкен Айманов және енді-енді өнерге қадам басып келе жатқан Әшірбек Сығайды сыйға тартқан еді. Әйтсе де, Әшірбектің бас-ты-басты белестері әлі алда, жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде және жиырма бірінші ғасырдың бірінші он жылдығына дөп тиді. Мінекей, сол кезде КСРО-ның ыдырауымен қоса ыдырап бара жатқан қазақ өнеріне де «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» ауадай қажет болды.
КСРО-ның мұнарасы құлап түсті, он төрт ел азаттық алды. Социализмнің қамалы қираған кезде қазақ өнерінің сөресі құлап қалмасын деп тіреп қалған қолдардың бірі — Әшірбек Сығайдың қолы еді.
Неге екендігін білмеймін, бірақ мен сол замандағы Әшірбек Сығайды былай көз алдыма елестетемін. 1 мамыр 1968 жыл. «Жазушылар Одағы». №47-кабинет. Шағын, алайда мерекелі үстел. Төрде отырған Тимур Әділбеков есімді беделді ақын дәлізден өтіп бара жатқан жас Әшірбек Сығайды байқап қалды.
Тимур: — А ну-ка, молодой критик, подойди сюда!
Жас Әшірбек: — Ассалаумағалейкүм, Тимур Сейдахметұлы, бұл расында да сізсіз бе?! –деп қолын беріп амандасты, — Сіз мені шынымен шақырдыңыз ба?
Тимур: — Коммунист не должен здороваться по мусульмански… Ну, ладно! Ты у нас, вижу, новенький. Ладно, ладно, не стесняйся! Ты читал мою новую поэму?
Жас Әшірбек: — Да, читал, но… Қазақша сөйлеуге рұқсат етесіз бе, аға? «Өфісиәлный» тіл, әрине, орыс тілі… бірақ, біз қайткенде де қазақпыз ғой!
Тимур: — Ах, какой умный! Олар біздің ана тілімізде көп сөйлесек, жақтырмайды. Бірақ, сенің айтқаның болсын, Әшірбек! Ащы сыныңды жасқанбай, қысылмай айта ғой, менің поэмам саған ұнады ма өзі?
Жас Әшірбек: — Өте ұнады, аға, бірақ…
Тимур: — Айта түс, айт, айт!
Жас Әшірбек: — Мысалға, сіздің туған анаңыз сізге басын сәжде қылып исе жөн болар ма еді?
Тимур: — Ты смотри, как язык подвешан!
Жас Әшірбек: — Если я что-то посмел не так сказать, прошу меня извинить. Я сказал, то что думаю.
Тимур: — Отыра бер… Әшірбек, сенікі рас… Жер ана бізге табынғаны дұрыс емес те шығар! Қалай айтсам екен… (сыбырлап) Әшірбек, тыңдашы бері, айналайын, қазір заман басқа, қазір адам атаулы барлық табиғат күштерін игеріп жатыр, ол аз десең, адамзат өткенде ғана космосқа ұшты! Бұл – дүлей күш! Сондықтан, осы дүлей күшті жырлау керек! Коньяк ішесің бе?
Жас Әшірбек: — Жоқ, рақмет! Бара берсем рұқсат па?
Тимур: — Жолың болсын, жас талант, жолың болсын! И смотри, всегда старайся говорить свою мысль так же честно и прямо! Ты смотри, как язык подвешан!
Кім білсін, осы сияқты оқиға шын өмірде орын алмаған да болар. Десек те, Әшірбектің жас кезінен бастап айқын көрінген ақиқат сүйгіштігі мен туралығын айқын аңғарамыз. Кейінірек Әшірбек Сығай өзінің осылайша аңызға айналарлықтай шыншылдығын күнделікті өмірде де сан мәрте дәлелдейді. Шәкен Айманов дүниеден озған соң театр өмірі күрт тоқтап қалғандай болды. Бұл шын мәнінде біздің барша өнер қауымы үшін үлкен трагедия еді. Сол сәтте Әшірбектің мейірімді жүрегі мен келешекке деген жарқын сенімінің қаншалықты театр қауымына қажет әрі орынды болғандығы айтпасақ та ұғынықты.
Әшірбек Төребайұлының көптеген кітаптарының ішінен менің өзіме ұнайтыны «Іңкәр шақ» (1978). Бұл тырнақалды туындысы. Ішінде Әшірбек Сығай өзінің сөз шеберлігін, ең бастысы қайталанбас әуезді тілін және эрудициясын танытады. Әрине, одан кейін шыққан Алматының және күллі Қазақ топырағының театр сүйер қауымына танылған «Сыр сандық» (1981), «Сахнаға сапар» (1990). Ал, КСРО ыдыраған соң, барлық театрлар жабыла жаздаған экономикалық қиындықтар келсе де, Әшірбек сонда да «Жарнама алдындағы ой» «1993», «Сахна саңлақттары» (1998; айтпақшы сол еңбегі еленіп, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын 2000 ж. алды), «Театр тағылымы» (2003), Толғам (2004), «Талдықорған театры» (2005) кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Аталмыш тұста бұндай том-том энциклопедияға бермес эрудиция бәлкім тек Алаш зиялыларына ғана тән болған шығар деген ойға еріксіз келесіз.
«Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас!» демекші, кезінде Хадиша Бөкееваға үлгілі шәкірт бола білген Әшірбек Төребайұлының өзі де біраз жылдар бойы жемісті ұстаздық ете алды. Көпшілік біле бермес, дегенмен, Ол шәкірт тәрбиелеуде берері бар білікті педагог қана емес, әр тәлімгері үшін айрықша жанын салған маман да бола білді. Әшірбек ағай әрине шәкірттерін басып-жаншып тастамады. Өшіруді емес, өсіруді мақсат тұтты. Олардың ұдайы мейлінше мол ізденіс үстінде жүріп, көптеп әрі кәсіби деңгейде жаза беріп, ақыр соңында өзіндік қолтаңбаларын қалыптастыруын, ашыла-жетіле түскендерін қалады. Бұл оның басты талабы еді.
Егер тіпті Әшірбек Сығайдың Қазақ Ұлттық Өнер университетіндегі өз шәкірттерінің қай-қайсына болмасын, «Әшірбек ұстаздың саған берген ең құнды үш нәрсесі не?», «Әшірбек Сығайдың қай кітабы сенің ең сүйікті кітабың? Неліктен?», «Сен Әшірбек Сығайдың орнында болғаныңда, ең алдымен отандық театр жайлы не жазар едің?» деген сынды сауалдарды қойсақ, еш ойланбастан дереу әрі толыққанды, ауқымды жауап алатынымызға кәміл сенемін. Өйткені, олар ұлағатты ұстаздың көзін көрді, сөзін есітті. Кей қасиеттерін бойларына бейсаналы түрде сіңіріп үлгерді. Тұлғаның нақты жеке өмірлік тәжірибесіне, жүріп өткен дара жолына сүйене отырып айтылған жан-жақты білім нәрімен сусындады. Ұстаздың арқасында олардың жалпы өмірге деген өзіндік жеке тұрақты көзқарастары пайда болды.
Әшірбек Төребайұлының өмір жолы кез келген дарын иесінің ғұмыры сықылды талай-талай бұлтарыс-қалтарыстардан тұрды. Рас, адамның өмірі, әсіресе, Әшірбек Сығай іспеттес ірі тұлғалы адамның өмірі темір жол секілді түзу болмақ емес. Темір жол сияқты адам өмірінде де бірнеше бекет болады. Балалық шақтың күндей жарқыраған көктемгі гүлдерге толы шағын бекет, Жастық шақ деген жазғы қызуға толы жаңа бекет, Егде жас деген әдетте соңғы бекет. Әшірбек өмірінің барлық бекеттері турасында барынша сыр шертуге тырыстым. Соңғы бекеттен соң өмір пойызы жүрмейді. Сол тұстан біратұла тоқтайды. Алайда, Өнер пойызы ешқашан тоқтамайды. Сол Өнер пойызының бағыты қисық кетпесін, қызметі дұрыс болсын деп түзеп тұратын жолдың бойындағы механиктер әрине Сыншылар. Таптырмас Өнер механиктерінің бірі – Әшірбек Сыншы еді! Иә, иә, қаншалықты Ақан Сері, Ақтамберді Жырау әр қазақтың құлағына жақын болса, соншалықты Әшірбек Сыншы деген сөз тіркесі де ертеңгі күні бар қазаққа құнды да қадірлі ұғымдардың біріне айналары шүбәсіз.

Риза Ысқақ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *