КЕЛІНГЕ ЕНЕ МЕКТЕБІ КЕРЕК

827

Жап-жас жігіт болашақ қалыңдығының сөзіне құлақ түрді.
– Жандос, ертең біз шаңырақ құрып жатсақ, мен сенің ата-анаңмен бірге тұрмаймын. Бөлек үй алып, өз күнімізді өзіміз көрейік. Мен өз ас бөлмемнің ханшайымы болғым келеді. Бірақ арасында ол кісілерге барып, көмектесіп тұрамыз. Олар бізге келеді. Біздің де келімді-кетімді қонақтарымыз бар дегендей. Егер сенің әкең мен шешең бізбен тұрса достарымыз да үйге келе алмайды. Былайша айтқанда, «минустары» көп. Ата-аналық парызы ретінде бізге баспана алып берсе қарсы болмайық.
Тұрмысқа шықпай тұрып, қара шаңырақтың босағасын аттамай жатып осындай ой айтқан сүйген қызынан Жандос сол сәтте-ақ жеріген еді. Бойжеткеннің бұл сөзінен тек есеп махаббатын ғана көруге болатын. Мұндай сөз келешек ұлттың анасы саналатын қаракөздерімізден шығып жатса қасірет емей не? Олардың айтып тұрған «артық» адамы өзінің болашақ жарын өмірге алып келген ардақты ата-анасы.

Қыз баланы оң босағадан ұзатқанда қаншама ақжарма тілек төгіледі. Соның ішінде ең көп айтылатыны: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің». Міне, осы сөздің астары бір кездері тым тереңде жатты емес пе? Қазір бұл сөзді де жел ұшырып бара жатқандай.
Жас келіндердің көпшілігі ата-енесімен бір шаңырақ астында тұрудан о баста-ақ бас тартып жатады. Тегінде бұл қазақтың салтында жоқ дүние еді. Ал қазір бұл әр отбасындағы өзекті мәселенің біріне айналғалы біршама уақыт болды. Айналып келгенде барлығы ене мектебінен өтуге жүрексінетін секілді. Ененің қатқыл қабағын көтере алмайтын «нәзік келінжандар» бұртиып, бірауыз сөзді еселеп, әңгіме айтуға жа­қын. Бірге тұрса да, тіпті бір дас­тарқан басында ас іше алмайтын, бір-бірін көрсе, кірпідей жиырыла қалатын енелер мен келіндер де бар.Мұның себебі мен салдары тым көп.
Бұл арада айналып келіп, қыз баланың отбасында алған тәрбиесіне тірелуіміз де тегін емес. Оның білім алған, қызмет еткен ортасы да әсер еткенмен, ұядағы тәрбие – бәрінің өзегі. Қыз балаға анасы жақын болғандықтан, перзентіне барынша ақыл-кеңесін аямағаны дұрыс. Ананың: «Бізді қалай жақсы көріп, сыйласаң отағасының да ата-анасын солай құрметте. Олар сендерге жаман болсын демейді. Білмегеніңді үйренесің. Енеңмен тату бол. Ол кісіні ең бірінші ене деп емес, ана деп сыйла» деген бір-ақ ауыз сөзі сөз түсінер қызға өмірлік азық болар еді. Өкінішке қарай, мұндай ақыл айтар адам да саусақпен санарлық.
Келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де қатысты. «Бұрын қазақ отбасыларында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай түсінбеушілік болған емес. Бүгінгілерге қарасаң, ене мен келінді бір-біріне жау етіп алған. Басқа елде солай болса да, қазақта мұндай болмауы тиіс» деген сөз үлкендердің аузынан жиі естілетін болды. Ене мектебі өз алдына үлкен институт. Ол ғимараттың кірпіші сонау ықылым заманнан бері берік қаланған. Оны бұзған кешегі кеңес заманының кертартпа саясаты пен бүгінгі батыстану десек қате болмас?!
Таразының басын тең ұстау мақсатында ендігі әңгіменің ауанын енелерге қарай бұрсақ. Кеңес заманының келіндері бүгінде бір-бір бойжеткеннің енесі болып отыр. Бірақ олар келін тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлуде? Келіннің қателігін ақылмен, сөзбен айтудың орнына зекіп, жерден алып жерге салып, баласын қызғанып, соңында айрандай ұйыған отбасының шаңырағын ортаға түсіргендер қаншама? Осындай ене келінге қандай тәлім-тәрбие береді деп ойлайсыз? Демек, келіннің ­басты ақылшысы мен тәрбиешісі саналатын ене ұлттық салт-дәстүрден ада жан болса, отбасындағы екі әйелдің арасында сыйластықтың орнай қоюы қиын-ақ. Ендеше, келіннің жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Өйткені ене – келіннің екінші анасы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы зерделі ене Зере мен ұлағатты ана Ұлжанның ене мен келін ретіндегі қарым-қатынасы бүгінгі қоғамдағы ене мен келін арасындағы байланысқа өнеге болары хақ.
Қазіргі жастар батыстық менталитеттің құрығына ілініп, жаһанданудың жалынына жұтылып бара жатыр. Өзге елдерде ата-енесін дәл қазақтай қадірлеп, құрмет көрсете алмайтыны айдан анық. Олар қазыналарынан неғұрлым алшақтау тұруды әдетке айналдырған. Тіпті ата-енелерінің атын атап, олардың көзінше бейәдеп қылықтарын көрсетуден жасқанбайды. Бұл – біздің ұлтқа төніп тұрған індет.
Психологтардың пікірінше, ене мен келін арасындағы түсініс­пеушілік, бір-бірімен жиі шекісіп қалуы олардың әлеуметтік білім­сіздігінен, психологиялық сауаты мен ішкі мәдениетінің төмендігінен болады.
Қарап тұрсақ, өмір дегеніңіз тым қысқа. Оның жылдары, айлары мен әрбір секундына дейін қымбат. Сондықтан жақсы өмір сүрудің жолдарын таңдағанымыз жөн. Ал тырнақ астынан кір іздеп отырсаңыз, әрине, мін табу да аса қиындық туғызбайды. Өмірде кемшіліксіз адам болмайды. Десе де, қазақтың келіндеріне ене мектебі керек-ақ.

Бибінұр ДУБЕКОВА, зейнеткер:
– Мен өзім ұл тәрбиелеп, келін ұстап отырған анамын. Осыдан біраз уақыт бұрын ауруханаға жатып шықтым. Сол жерде қыз-келіншектер балам мен келінім келген кездегі біздің қарым-қатынасымызға қарап таңғалысты. Мұның несі таңғаларлық?! Құдайға шүкір, мен келініммен жиырма бес жыл бірге тұрып келемін. Жүз шайысқан жоқпыз. Келінім өте пысық. Үйге бір мейман келсе дастарқанын жайып, дәм таттырмай қайтармайды. Құрақтың түр-түрін құрайды. Үй шаруасына да икемді. Балаңның бақыты үшін ақ босағадан аттаған келініңді қызыңдай қабылдасаң, ақымақ болмаса, келін бауырыңа кіреді. Аллаға шүкір, ол да бірден түсініп, мені анасындай құрметтей білді. Бүгінде келінім бәрін менімен ақылдасып шешеді. Бір шаңырақтың түтінін түтетіп, ұлыма асыл жар, немереме ана болып отырған келініме ризамын.

Меруерт НАЗЫМБЕКҚЫЗЫ, келін:
– Қанша дегенмен ене – көпті көрген адам. Жаңа түскен келінді күндей бермей, оған өзінің көрген-білгенін, өмірден түйгенін үйрете білуі қажет. Енеммен тұрып жатқаныма да міне, ширек ғасыр болыпты. Мені қыздарынан да артық көріп келеді. Алғаш келін болып түскенімде: «Енемнен көрмеген жылулықты келіндеріме көрсетемін» деген еді. Шамасы келгенше маған от жақтырып, сиыр сауғызбады. Шығыс Қазақстанның қызы болғандықтан, қазанжаппа, таба нан жабуды мүлде білмедім. Енем өзі жасайтын. Кейінірек үйреніп алдым. Соңғы жылдары көз жанарынан айырылып, денсаулығы болмай қалды. Маған жасаған жақсылығын еселеп қайтаруға тырысып келемін.

Еңлік КЕНЕБАЕВА
АЛМАТЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *