Атырау облысы жұртшылығы мемлекет басшысының бастамасын қолдайды

285
6 наурызда Атырауда облыс активі жиыны өтіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын талқылады, — деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өз сөзінде Атырау облысы жұртшылығы тарапынан мемлекет басшысының бастамасы қолдауға ие болғанын айтты.
Президент ұсынған бастамалардың әрқайсына жеке тоқталған Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, құзырлы органдардың алдында тұрған нақты міндеттерді саралады.
Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасын енгізу ұсынылып отыр. Сол арқылы жұмыс істейтін әр қазақстандықтың жеңілдікпен ипотекалық қарыз алуына мүмкіндігі болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7%-дан көп емес, бастапқы жарна – 20%-дан көп емес, несие мерзімі 25 жылға дейін.
-Бұл бастаманы орындау жергілікті атқарушы органдардың міндеті,- деді Нұрлан Ноғаев. — Мемлекет басшысы ұсынған ипотекалық несие беру бағдарламасы ел азаматтарының жеке баспаналы болуларына жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазір облыс бойынша 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Оның 34-і, яғни 2164 пәтер биыл жылдың аяғына дейін беріледі. Президент ұсынған ипотекалық несие берудің жаңа талаптары халыққа көптен күткен баспаналарын жеңілдікпен алуға жағдай жасайды.
Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ салық жүктемесін азайту бойынша Президент ұсынған бастамалардың маңызы жайлы да айтты. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге айтып, 1 процент қана салық салуды ұсынды.
Облыс әкімі жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартудың маңызына да тоқталды.
Шағын және орта бизнесті дамыту жергілікті атқарушы биліктің ұдайы назарында. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар әлеуметтік және инфрақұрылымдық  мәселелерді шешуге жол ашып отыр. Сондай-ақ, облыста 2017 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасы аясында 253 млн теңгеге 24 жоба қаржыландырылды.
Қазақстан Президентінің әлеуметтік бастамаларының бесінші бағыты – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Бұл бағыт бойынша Атырау облысында екі қала мен 130 елдімекен, яғни облыстың 79,3% табиғи газбен қамтылған.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *