Ақынның айтылмаған сыры

200

Игі жақсылардың жанына сая болған «Жұлдыз» мейрамханасында Әбдіраштың Жарасқанының қырық күндік асы берілгенде, көпшіліктің аузынан сырына қанық емес бір сырдаң сөз сытылып шыға берді. Әңгіменің арқауы – Жарасқанның депутат боп сайлана алмай қалғандығы. Бұның түп-төркіні мен мән-жайына кандидаттың сенімді өкілі ретінде қанық болсам да, орнымнан көтеріліп, микрофонға қол соза қоймадым.

Ақын Жарасқан фәни мен бақиға қалай керек болса, жаңа құрылған жас ұжым – Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясына да солай керек болды. Екеуміз партия штабында бірге қызмет атқардық. Аграрлық партияның бағдарламасы мен мақсат-мүддесі – жер мен топырақты байыту, астық қоймалары мен наубайханаларды алтын астыққа сықай толтырып, еңбекші халық тәтті нан жеп, тәтті өмір сүру. Ол үшін ауылдың түтінін түзеу керек, партияның ұрансөзі – «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы!».
Жарасқан тізім бойынша үшінші боп депутаттыққа кандидат ретінде тіркелді. Бұл – оның тек жеке басының емес, партияның жалпы мүддесінен туындаған әрекет еді. Өйт­кені дауыс жеке кандидатқа емес, партияға беріледі. Ал халық үшін ақынның сөзі ауадай қажет болатын.
Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақ­мола, Солтүстік Қазақстан ­облыс­тарында аймақаралық ақындар ­ай­­тысы өткізіліп, кездесулер болды. Осы кез­­­де­сулердің қай-қайсысында да Жарас­қан өзі туралы айтып, депутаттық бағдар­ла­масын алға тартқан жоқ, тек өлең оқыды, халықтың сұрауымен ескі де жаңа өлең­дерін жатқа оқыды. Мен ­болсам Нұрмолда ­Алдабергенов, ­Жазылбек Қуаныш­баев, Ыбырай Жақаевтар қалдырып кеткен мұраны кейінгі ұрпақ көздің қара­шығындай сақтайық деймін де, ауыл болашағына қара сөз арнап, негізгі сөзді Жарасқанға беремін. Ол өзі туралы емес, өлең туралы айтады, кездесу­лердің бәрі дерлік поэзия кешіндей боп көңілді өтіп жүрді.Оның бағдарламасы өлең ­болды.
Қызылорданың Гоголь атын­да­ғы педагогикалық институтында болған кездесуде студенттер: «О, махаббат, сегіз әріп, бір арман», «Шторм», «Ақ бұлақтар» секілді өлеңдеріңізді өз аузыңыздан естісек» деп қолқа салды. Жарас­қанның да жүрегі өткен күндерді еске алып, дір етті. Өлең ештеңені ұмыттырмайды екен.
О, махаббат, сегіз әріп, бір арман,
О, бір арман, қырық қыздан құралған.
Мұңлы жырсың, тебіренсем, толғасам,
Бір қыз болып жолығасың сен қашан?!
…Осылайша салдың әбден сарсаңға,
Жүрегімді қайда қоям мен сонда?!
– деген кезде, бір жіңішкелеу келген ашаң қыз төменнен жүгіріп шығып, ақынның қасына жақындады.
– Ағай, «Шторм» деген өлеңіңіз­ді оқып берейінші?.. – деді мұңлы кейіпте. Басын изеген ақынға үркектей қарап, естілер-естіл­местей өксік толы әуенмен қысқа өлеңді бір қайырып, «Махаббат, тоғыз балл – шторм» деді де, көз жасына ие бола алмай, кең залдан сытылып шыға берді. Бәріне кейіннен қанықтық. Қыздың сүй­ген жігіті Ауғанстанда әскери бо­рышын өтеп жүріп қаза тапқан екен. Ақ махаббаттың көрінісі осы. Қыз жүрегін бунаған мөлдір сезім ақын жыры арқылы жалпақ жұртқа жария болды.
Студент қыз да көп ұзамай өмірден өтіпті. Достары ол екеуін Кеңес дәуіріндегі Қыз Жібек пен Төлегенге теңейді. Жыл сайын ұстаздар дайындайтын үлкен оқу орнында, Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатта сол студент қыздың қысқа ғұмы­ры мен екі жастың маздап жанған махаб­баты кейінгілерге мысал болып, жастар Жарасқанның «О, махаббаты!» мен «Штормын» төгілдіре оқиды. Ал ақынмен болған кездесудегі жүрегін күйік шалған қыз­дың сахнаға жүгіріп шығып, «Махаббат, тоғыз балл, шторм!» деп, ботадай боздап, бұл өмірді тастап кетуі үлкен-кішінің аузымен айтылып, көз алдарында қалған сырлы шежіре.
Петропавлдың Мәдениет үйінде бір етжеңді әйел: «Сіз тамаша ақын екенсіз, депутаттықтың не керегі болды?» деп сауал тастады. Жарасқан саспады.
– Поляктің Адам Мицкевич деген ақыны қырық жасында көсемсөз жазуды бас­таған екен, мен елуімде партияға кір­дім. Мен ел мен жер партиясының ама­на­тын орындап жүрмін, – деп жауап берді.
Қызылорданың Шиелі ауданында өлең оқып, қолтаңба беріп әбден шаршаған ол пойыздың екі адамдық жұмсақ купесіне кірген бетте шалқалай жатып ап: «Жұрт мені қалада, ваннада көбікке малынып отырып, «Дала, сенің ұлыңмын!» деп өлең жазады деп өгейсітуші еді, даланың алдындағы парызым біртіндеп өтеліп келе жатқандай» деп, сирек тістерін көрсетіп, риясыз күлімсіреді.
Ол оқу орындарында, ауруханада, астық қоймалары мен наубайханаларда, тіпті вокзалда пойыз келе жатқанда қолтаңба беріп тұрды. Сондай кездері ұзақ бөгелетін, қолтаңбаны өлеңмен қалдыратын. «Игі тілекпен» деп сүйкей салу қолтаңба емес қой» дейді эпистолярлық жанрға өте жауап­­кершілікпен қарайтын жарықтық Жәкең.
Ол депутат бола алмады, қазір Парламент орындығында Аграрлық партияның екі бірдей мүшесі ел мен жер тағдырына атсалысып отыр. Олардың ел сеніміне ие болуына ақын Жарасқан өлеңмен еңбек сіңірді десем, көрген көзге ешкім де «қой» дей алмас.
Жарасқанның әзілі алда жүреді. «Сайлау­дан кейін партияның Орталық Комитетіне мүше болғанымды естігенде жүрегім зу етіп, «Сонда мен член ЦК болдым ба? – деп қайыра сұрадым» дейді.
Қазақстан Республикасының Аграр­лық партиясы (қазір «Ауыл» партиясы) ауылдың өзекті мәселелері жайлы жазылған әдеби һәм көсемсөз шығар­ма­ларға Әбдіраштің Жарасқаны атындағы сыйлық тағайындады. Бұл – «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы!» деген партия ұрансөзінің арамызда жоқ авторына құрмет, аруаққа тағзым.
Бәйгенің алғашқы жүлдегерлері Бек Тоғысбаев, Серікбай Оспанов, Көпен Әмірбек, Қали Сәрсенбай болды. Бәйге әлі жалғасады.
Жәкең қара жер қойнына қойы­лар күні «Жас Алашта» «Асықтың ба, Ақбұлақ!» деп соңғы сөзімді айттым, қырық күндігі қарсаңында Би-Би-Си радиостанциясынан қазақ өлеңіндегі орнын бағамдап, пікірімді білдірдім, ал мына сөз оның жұрт білмейтін бір сырын жария ету, оқыр­манмен ой бөлісу.
Жарасқан «Қазақ әдебиеті» төрт бет боп шығатын кездері Әбділда ақынмен жүргізген сұхбатын «Ақында сыр болмайды айтылмайтын» деп атады.
Өзі де сыр сақтамайтындарды сүйетін.
Ол көп нәрсеге үлгерді, бәріне үлгере алмады. Бәріне үлгеру мүмкін емес. Жа­расқан өзі жырла­ған найзағайлы жаздай жарқ етіп асығып келді, асығып кетті. Ақ бұлақ боп кетті. Жүрегі үлкен Жәкеңнің қоңыр даусы құлағымда:
Ақ бұлақтар!
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір –
Көктем,
алдың – жаз,
Шапқылап қал…
Көзі жоқ ақын жетпіске толған күні осы бір сырды жалпақ жұртқа жария еткім келді. Ал мына жансыз бейне депутаттыққа кандидат боп мандат алған күні ағалы-інілі боп түскен сурет еді.
«Депутат болу – мақсат емес, ел-жұрттың өлеңге деген ниетін білмекке бара жатырмын» деп еді ол ұшақ Көкке көтеріліп, алысқа бет алған алғашқы сапарда. Ол жүрегін жарып шыққан өзінің өлеңіне деген өзгелердің шын ықыласын біліп кетті.
Ол қара жер қойнында жатқан бақытты ақын.

Қуандық Түменбай




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *