Жетісулықтар Наурыз мерекесін тойлады

581

Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайы аумағы мен «Жастар» мәдени-демалыс саябағында әз Наурыз мерекесіне орай облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Ұлттық жаңғыру мейрамы – Наурыз!» атты мерекелік шаралар өтті. Көпшілікке бауырсақ таратылып, Наурыз көже ұсынылды, көңілді ойындар, спорттық жарыстар, түрлі көрмелер ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мереке алдымен «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тәмсілмен қала сыртындағы бұлақтың көзін ашудан басталды. «Жастар» Спорт сарайының аумағында қаз қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер «Наурыз ауылын» құрап, үйлердің алдында қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер қойылып, ән мен жырдан шашу шашылды, ақ тілектер айтылып, бата берілді. Қолөнер бұйымдарынан, көркемсуреттен көрмелер қойылып, қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, асық сияқты ұлттық ойындар ойналды. Этномәдени орталықтардың да көрмесі, ұлттық тағамдары ұсынылып, шағын концерттері қойылды. Цирк өнерпаздары сан қилы өнерлерін паш етті.
Облыс басшысы ақсақалдармен, «Жасыл ел» жасағының мүшелерімен бірге саябақ ішіне ағаш екті.
Саябақ сахнасында Б. Римова атындағы драма театрының, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның және басқа да өнер ұжымдарының қатысуымен «Күлімде, Наурыз, күлімде!» атты музыкалық-хореографиялық көрініс қойылды. Онда табиғаттың оянуы суреттеліп, әзіл әндер, Наурыз жыры, Наурыз батасы айтылды.
Салтанатты мерекеде сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов Елбасының «Президенттің 5 әлеуметтік жобасы» үндеуінің халыққа тың серпін бергенін атап өтіп:
Ұлыстың ұлы күні, жақсылықтың жарқын мерекесі, Жыл басы – Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын! Қазыналы қарттар, жалынды жастар, бақытты сәбилеріміз аман болсын! Күллі шығыс жұртына ортақ – Наурыз мерекесінің тарихы тым тереңде жатыр. Халқымыз Ұлыстың ұлы күнінде – Жаңа жылға үлкен үміт артады. Себебі наурыз айы жаңару мен жаңа істің, ырыc пен ынтымақтың алтын арқауы саналған. Береке мен бірліктің бастауы болған бұл мерекеде барша жетісулықтарға, әр шаңыраққа бақыт, қуаныш тілеймін. Тәуелсіздік тұғыры берік болып, ел абыройы арта бесін! – деді өз құттықтауында.
Мұнан соң облыс әкімі А. Баталов жетісулықтардың атынан қазақ ғарышкері, Халық қаһарманы, Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетовті құттықтап, оған «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын ресми түрде табыстады.
Мереке Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және қазақ эстрадасы өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Атап өтсек, осы күні «Талдықорған» ипподромында көкпар жарысы өтті. Ал кешкілік «Жастар» саябағында би кеші ұйымдастырылады.

Алматы облысы әкімінің

баспасөз қызметі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *