Ұрансөз жазылған күн

159

Жарасхан да жетпіске толды. Елу төрт жас ғұмырын жер бетінде, қалғанын жер-бесікте өткізіп жатқан біртуар. Осы елу төрт боп тізілген екі сан әсте тегін емес. Дүниені Октябрь революциясымен дүр сілкіндірген Ильич те елу төртінде айтарын айтып, істерін істеп кетті. Онан кейін қаһарлы Сталин де күнтізбенің қорқынышты күндері елу төртке аяқ басқанда ажал құшты. Иә, әңгіме Жарасхан туралы. Ол – ақын, сыншы, аудармашы, «бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша басташы» деген Қасымның сөзін тірілткен эпиграммашы. Ол – қайраткер, әдебиет қайраткері. Осы күні екінің бірі осы сөзді иемденген жаңа ғасыр адамы. Куәлікпен куәландырылған қайраткерлер аз емес. Әкімшілік кеңсесіне кіріп-шыққанның бәрі қайраткер. Бұл біздің аузының дуасы кеткен тележурналистердің репортажға пайдаланар бірінші сөзі. Жарасханды қайраткер деп отырған да мен. Ол – әдебиет қайраткері. Бірақ, өзін қайраткермін деп санаған емес, оған үлгермеді, алыс сапарға аттанып кетті.
Тәуелсіздік алып, өз тізгініміз өзімізге тиген соң, қоғамдық құрылыс та өзгере бастады. 1999 жылы Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясы құрылды. Осы партиядан бір әдебиет өкілі халық қалаулысы боп сайлануы керек. Таңдау Жарасхан Әбдірашевке түсті. Өйткені, ол дала мен ауылды өзгеше сарынмен жырлаған лирик, «Дала, сенің ұлыңмын» деген кітабы қолдан-қолға тимеген автор. Бәріміз бірауыздан қол көтердік. Ол депутаттыққа кандидат боп тіркелді. Сенімді өкіл ғып он жыл «Жұлдызда» бірге қызметтес болған әріптесі, Аралға құйған Сырдариядай қатар жүрген іні-досы мені таңдады. Енді жаңа құрылған жас партияның ұрансөзін жазу керек. Жарасхан бір тәулікке жетер-жетпесте «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы» деп, ұрансөзді жазып әкелді. Осыған штаб мүшелері де тоқтады. Енді ел-жұртпен жүздесіп, республиканың егіс алқаптары мен астық қоймаларында, оқу орындары мен мәдениет үйлерінде кездесулер өтті. Осы ұрансөз барлық жерде ілулі тұрды. Аграрлық партияның кеңсесінің маңдайшасында ірі әріптермен жазылып, түнде сап-сары алтын дәнмен көмкеріліп, айналасына нұрын шашты.
Оның депутаттық бағдарламасы өлең болды. Ол қайда барса да «Дала, сенің ұлыңмын!» мен «Ақ бұлақтарды» оқыды, студент жастардың сұрауымен «Шторм» мен «О, махаббатты» төгілтті. Ел-жұртының қазақтың қара өлеңі мен ұлттық поэзияға, әдебиетке деген ықыласын байқады. Осы сөзді ол ең алғаш ұшақпен сапарға шығарда әуе кемесі көкке көтеріліп бара жатқанда айтты, «Мен депутат болғым келмейді, халқымның әдебиетке, өзіме деген ниетін білгім келеді» деді күрек тісі ақсия күлімдеп.
Ол депутат болған жоқ, ол ауыл мен қаланың арасын жақындатып кетті. Партия Жарасхан Әбдірашев атындағы сыйлық белгіледі. Бұны туған жер мен ел тағдырын сөз еткен үздік шығарма авторы иемденді.
Партия ұрансөзі жазылған күні кандидат пен оның сенімді өкілі жеке-жеке суретке түсіп, құжат толтырдық. Сонан кейін ағалы-інілі боп суретке түсейікші деген ниетпен кейінге қалған жансыз бейнеміз осы. Жарасхан жетпіске толғанда айтары бар осы жансыз бейнені жариялап отырмын.
Аграрлық партия кейін «Ауыл» партиясы боп атауын өзгертті. Ұрансөз өзгеріссіз қалды. Жарасхан әдебиетке адал кейпін сақтаған күйі өмірден озды. «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы» деп, артында қалғандар айтып жүр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *