Уақыттың көз жасы

316

Аягүл МАНТАЙ

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Ресей Халықтар Достығы университетінің түлегі. 2009 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Әңгімелері Венгрияның, Түркияның және Ресейдің танымал әдеби басылымдарында жарияланған. «Серпер» жастар сыйлығының және Президент стипендиясының иегері. Бүгінде Мәскеу қаласында тұрады.

Жас қыздың әдемі көздері мұңға толы. Күлімдеген сәттерінде де көзіндегі мұң сейілген емес. Оны арман да, үміт те алға жетелемейді. Ештеңеге өкінбейді. Күлмейді. Жыламайды. Күлсе – жанарындағы мұңын жасыра алмайды. Жыласа – көзінен бір тамшы да жас шықпайды. Болашағын да көз алдына елестеткісі келмейді. Ешкімді қызғанбайды, күндемейді. Ешкімді сағынбайды, күтпейді. Түн түнегі сейіліп, арайлап таң атып келе жатқанда көзі ілінеді. Ұйықтап жатыр ма, ояу ма, ол арасын білмейді. Күнде қайталап бір түс көреді. Бәлкім, түсі емес, өңі болар. Бір қара жолмен кетіп бара жатады. Ұзақ жол. Бағыт-бағдары белгісіз. Ұйықтамаса да, көзін жұмып жата береді. Ол түннен емес, жарық әлемнен қорқады. Не үшін қорқады? Ол өзінің қай әлемде өмір сүріп жатқанын білмейді. Кейде өзін баяғыда өліп, адамдар арасында елес-адам болып өмір сүріп жатқандай сезінеді. Бүгінде ұйықтай алмай, терезеде ойнап тұрған ай сағымына мұң шақты: «Қала маған уақытты сағындырады. Уақыттан жаңылысып, адасып жүргендей күй кешем. Көп адамдар баратын бағытынан жаңылысып, қайтар жолда адаспайды. Ал, мен керісінше, барар жолдан емес, қайтар жолдан адасам. Қала көшелерінде асығып бара жатқан адамдардан уақытты сұрағым келеді. Қабақтары түнерген адамдардың жанарынан өзімді көріп, олардың да уақытты білмейтінін түсінем…
Өзіммен өзім бетпе-бет келсем, шошып кетемін. Мен өзім ойлағаннан да басқа адаммын. Бетіме неше қабат бетперде киіп алғанымды білмеймін. Барлық адам өзінің шынайы болмысымен өмір сүргісі келеді. Бетпердені қоғам кигізеді. Кейде бетпердеден де шаршайсың».

***
Ол ертесіне қалаға алыс ауылдан алты бөлмелі пәтер жалдады. Бүкіл жиған-тергеніне үйдің пердесін, түс қағазын өзгертті. Ол жан-дүниесіндегі арпалысты жеңу үшін, өмірімде қандай да бір өзгеріс болар деп жанталасты.
Қызыл түсті бөлме. Бес жастағы қабағын түйіп түскен суретіне ұзақ қарады. Бала болса да, көзқарасы ойлы. «Кешір, сені бақытты ете алмадым. Кешірші, сенің арман-мақсаттарыңды орындай алмадым» деп күбірледі. «Егер сен менің қызым болсаң, екеуміз тіл табыса алар ма едік?» деп суреттегі кішкентай қызға, өзінің бала бейнесіне сұрақ қойып, күліп жіберді.
Терезені ашып, бір түп раушан гүлінің сабағы мен жапырағына жеке-жеке қарап, «сабағы мен жапырағы болмаса, гүл де әдемі емес» деп күбірледі. Есіне терезеден қарап отыратын Андерсеннің кейіпкерлері түсті. Өзі бала кезде ертегілерін сүйіп оқыған жазушының әпенділігі есіне түсіп, жылы жымиды.
Андерсен өмір бойы «мені біреулер улап өлтіреді, не өрттен өлемін» деп қорқыпты. Үнемі өзімен бірге «өрт бола қалса, терезеден сыртқа секіріп түсем» деп арқан алып жүріпті. Андерсеннің ертегілерін қатты бағалайтын скандинавиялық балалар ертекшіге сыйлық жасағысы келеді. Олар ақша жинап, Андерсенге бір қорап кәмпит жібереді. «Мені біреулер улап өлтірмекші» деп қорыққан ертекші кәмпиттің бір бөлігін көршінің балаларына таратып беріпті. Ертесіне өзі кәмпит берген балалардың аулада ойнап жүргенін көргеннен кейін барып, Андерсен кәмпиттен ауыз тиіпті.
Кітапқұмар бойжеткен «Ол да көп талант секілді өмірді жек көре тұрып, өзін сүйетін эгоист еді» деп сүйікті жазушысын ақтап алды. «Мені біреулер өлтіреді» деп қорықпаймын. Неге өмір сүруден қорқам? Неге өмірді сүйе алмаймын» деп мұңайды. «Ата-анам мені өмірге құштар етіп тәрбиелеген жоқ. Ертең балам болса, оны өмірге құштар етіп тәрбиелей аламын ба?» деп өзіне сұрақ қойып, ойланып қалды.
Күлгін түсті бөлме. Көшіп келгенде өзімен бірге әкелген кітаптарын әлі чемоданнан шығарған жоқ. Қолына түскен кітапты алып, парақтағанымен, оқуға еш зауқы соқпады. Тағы да өз ойымен арпалысты.
«Неге біз өзімізбен өзіміз бетпе-бет келуден қорқамыз? Негізі адамдар екі топқа бөлінеді: өмірді сүйетін және сүймейтін адамдар. Шын мәнінде, өмірді сүймейтін адамдар бірінші топқа қарағанда өмірден мәнді жиі іздейді, сол тұрған бойларында-ақ олардың өмірінде мән болуы мүмкін, тек өздері байқамайды. Олар өмірді сүймесе де, жалғыздықты, ішкі жалғыздығын сүйетінін өздері де білмейді. Шын мәнінде, көбіне-көп жалғыздықты саналы түрде өздері таңдайды. Сосын Құдайға «неге жалғызбын?» деген сұрақты қояды. Ақымақтық һәм күлкілі».
Ол өзінің жалғыздығын жақсы көретін, жалғыздықтан қорқатын адамдарды ешқашан түсінген емес.
Көк түсті бөлме. Есіне он жеті жасында өкпе ауруынан көз жұмған нағашысының қызы түсті. Ауруханада жатқан кезінде Жібек үйлеріне жиі келіп, шешесінен ақша сұрайтын. Адамдар айлап жалақы алмайтын, нанды әзер тауып жеп отырған қиын, дағдарыс кезі еді.
«Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімде мектепке жыртық етікпен барып жүрдім. Аяғымнан су өтіп, қатты жаурайтынмын. Бір күні сабақтан келсем, қудай аппақ, сүйектері көрінетін Жібек үйге тағы келіпті. Ол бүгежектеп, жағымпазданып мені әңгімеге тартты. Шешемнен ақша сұрап келген оны жаратпай, сұрақтарына жауап бергім келмеді. Ол менің ұнатпағанымды сезіп, өзін кінәлі сезініп, жаутаңдай қарады. Мектепке жыртық етікпен барып жүрген өзімді бейшара сезіндім. Аурудан азап шегіп, тіпті мектепке де бара алмайтын оның жан-дүниесіне үңіле алғаным жоқ» деп Жібектің әруағынан кешірім сұрады.
Жасыл түсті бөлме. Бала кезінде өздерімен көрші тұратын Күләйша кемпірді түсінбейтін. Жаздыгүні шаңқай түсте ел жатса да, Күләйша жатпайтын. Сылп-сылп етіп, жұмыс істеп жүретін. «Осы кемпір-ақ шаршамайды екен» деп жұрт таңғалатын. Күләйша кемпірдің өмірі пұшпағы қанамаған. Шалы өліп, өгей балаларымен бірге тұратын. Үй-іші Күләйшаны шеттеткенін ешкім естіген де, көрген де емес. Күләйша айқайлап жатса, өгей балалары да, келіндері де бір сөз айтпай, үнсіз тыңдайтын. Бәрі тапқан ақшасын Күләйшаның қолына әкеп беретін. «Бәрі Күләйшадан қорқады» дейтін жұрт. Бұл үйде ешкім де Күләйшадан қорықпайтынын, жетім кемпірдің «осы үйге болсын, осы үй көгерсін» деп тыраштанатынын жұрт қайдан пайымдасын. Бірақ Күләйшаның жақсылығын өгей балалары мен келіндері білетін, сыйлайтын.
«Күләйша байғұс туған балалары болмаса да, өгей балаларын туғанындай қарады. Қазір балалары мен немерелері аяғынан жүре алмай қалған Күләйшаны алақандарына салып, күтіп жатыр. Байғұс кемпір күш-қуаты бар кезде «осы үйге қайтсем жағам, қайтсем далада қалмаймын» деп тырбанады екен ғой» деп ойлады. Неге есіне Күләйша кемпір түскенін өзі де білмейді.
Сары түсті бөлме. Қыз сары бөлмеге кіргенде еңсесін уайым басып, өткен сәтсіздіктері есіне түсті. Шындықты айтам деп жұмыстан шығып қалғанын, ұзақ уақыт жұмыссыз жүріп, қиналған кездерін есіне алып, жылағысы келді.
«Біз бәріміз бір-бірімізге өз «айнамыз» арқылы қараймыз. Тіпті өзімізді өз ішіміздегі айнамыз арқылы көргіміз келеді. Айнаны шетке ысырып, жүйеге тура қарап едік, бәрі шатасып кетіпті баяғыда…
Қоғамды «вирустан» тазарту үшін сенің вирусқа қарсы тұратын иммунитетің мықты болуы тиіс. Ал басқасын айтпағанда, сен бәрін де жүрегіңе жақын қабылдайсың. Өткенде метрода саған қарама-қарсы жиырма жастан асқан ауру қызын жетектеп кірген әйел отырғандағы көңіл-күйіңді есіңе түсірші. Орыс әйел сәбиі дүние есігін ашқалы ауру қызын сүйреп келеді. Ақыл-есі кеміс қыз ақ парақты шимайлап жатыр, шимайлап жатыр. Шимай… шатпақ… «Бұл – ауру қыздың ғана емес, мына пойызда отырған адамдардың бәрінің «басында» осындай ретсіздік, жүйесіздік… Бұл – сенің де әлемің, анығы, ауруы асқынған сенің қоғамың. Жұрт қалай рөл ойнағысы келсе, өзі білсін, оған бас ауыртудың қажеті қанша?! Олар сол рөлі арқылы қоғамның бет-бейнесін көрсетіп жатыр. «Қызылды-жасылды әлемде» өзін жоғалтып алған адамдарға ренжуге бола ма? Ал сен әлі қоқыстан утопия іздеумен жүрсің. Шаршамадың ба? Жалықпадың ба?» дейді ішкі даусым. Ал мен ішкі даусымнан қорқам…» деп өз ойымен арпалысып, ұзақ отырды.
Ақ түсті бөлме. Былтыр ауылға барған кезі көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Анасы да, әкесі де қартайып қалыпты. Бір күні таңертең ұйқысынан оянғанда анасының қолынан өзінің жуылған колготкиін көрді. Анасы «Қызыл нәскидің ұсақ жіптері жабысыпты, соны тазалап отырмын» деп қояды. Сонда анасының мейірімділігін бағалай алмағаны үшін қатты ұялды. Өзінің қанағатсыз болмысынан қорықты. Анасының әжімді маңдайынан сипағысы келіп, тартынып қалды. Ол ешқашан өз сезімін көрсете алмай, өзін өзінен жасыратын. Анасын қатты сағынғанын түсінді. «Ертең ауылға кетем» деді. Бөлмеден көңілденіп, ыңылдап, ән айтып шықты.
Ол өзінің Құдайдан алыстап кеткен бейнесінен қатты қорықты. «Құдай, мені кешірші, кешірші, күнәһар пендеңді. Мен енді сенен ешқашан ажырамаймын» деп көзіне жас алды. Бұл жас – торығу мен мұңаюдан әлдеқайда әдемі, жан дүниені тазартқан тамшыдан түзілген моншақ еді.

Мәскеу.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *