Балаға «жоқ» деп айта алмаудың соңы…

123

«Бүгінгі күні ата-аналар балаларын тәрбиелеуде қаталдыққа жол бермейді, керісінше шамадан тыс жұмсақтық танытады»  дейді психологтар. Қатал тәрбие өткен күндердің еншісінде қалды. Жас ата-ана баласына ақылгөй емес, жақын дос болуға тырысады. Ал «баланы жазалау оған орны толмас, психологиялық зақым әкеледі»  деген пікірде. Тәрбие берудегі осындай тәсіл баланы үлкен өмірге қалай дайындамақ?..

«Либералды тәрбиелеу балаға да, ата-анаға да залалын тигізеді»  деп санайды адам жанының емшілері. Баланы мәпелеп, әспеттеу қазіргі қоғамның үлкен қателігіне айналуда. Осының салдарынан тым  ерке, әлжуаз, инфантильды және ең сорақысы – үлкендерді сыйлай алмайтын ұрпақ  өсуде.  Өмірге бейімделе алмаған жас буын, балалық шақ пен ересек өмірдің айырмашылығын көре келе, есейгісі келмейтіні ақиқат. Қазір Батыстың әсерінен балаларын либералды түрде тәрбиелеуді негізге алған жас отбасылар саны едәуір артқан. Яғни бала қалаған нәрсенің барлығын орындап, «Жоқ» деп айтпайтын аналар мен әкелер қоғамда көп. Мысалы, жұмыстан шаршап келген аналар кешкі тамаққа балалары қалаған асты әзірлейді, немесе балаларының теледидар мен смартфон алдында өткізетін уақытын  шектемейді. Мұндай қадамға олар баламен пікірталасқа түспеу үшін барады екен. Яғни «Сен де тыныш, мен де тыныш» деген қатынасқа саяды.

Көптеген ата-аналар балаларына қарсы пікір айтуға  немесе ескерту жасаудан қорқады. Оның себебі әлемді алаңдатып отырған суицид деректерінің артуында. Әке мен ананың  балаларын қызғыштай қорғап, жамандықтардан алшақ  ұстауға тырысуы – орынды. Бірақ қамқорлықтың шамадан тыс болуы да балаға орасан зор залалын тигізетінін естен шығарып алады. Баланы ересек өмірге дайындамастан,  үнемі «Сенікі дұрыс» деп қолпаштап, қателіктерге көз жұмып,  өсірген ата-ана оның болашақта  әлсіз, тоқмейіл, өркөкірек болуына жол береді. Баланың қателіктерін түзеп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндіру, қажет болған жағдайда қаталдық таныту да тәрбиенің бір бөлігі болуы тиіс. Еркелік орынымен болса әдемі және оның да шегі болуы керек. «Қамысты бос ұстасаң қол кесер» деген мақал осындайда айтылса керек.  Баланы еркіне жіберіп, қателіктері мен ерсі қылықтарын елемеу оның өзіне ғана емес, қоғамға да залалын тигізеді. Ата-ана «байқамаған»  кемшіліктердің үлкен  зардаптарын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуы соның айқын дәлелі. Сондықтан тәрбиеге жауапкершілікпен қарау ата-ананың міндеті.

Үміт Жұмаділова

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *