ШӘКӘРІМТАНУ: ӘЛЕМГЕ АШЫЛҒАН ЖОЛ

Үстіміздегі жылы 12 сәуірде ­Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласының жарияланғанына тұп-тура бір жыл толады. Өсіріп те, жасырып та айтқандық емес, Елбасының атал­ған ең­бегі жарияланған күннен бастап қоға­мы­мыздың бар саласына, тіпті елдің барша азаматтарының санасына да зор сілкініс әкелді. Өйткені аталған мақаласында Ұлт көшбасшысы ХХІ ғасырдағы Ұлы дала елінің жаңа келбетін, айқын бағыт-бағдарын, халқымыздың жаңаша феноменін анықтап берді. Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаев бұл еңбегінде жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының тұғырнамасы мен басты бағыттарын ұсынған болатын. 

Елбасының аталған еңбегі жарық көрген 2017 жылдың 12 сәуірінен ­бастап рухани жаңғыру мен ой-сананың кемел­­денуіне саятын ауқымды да игілікті іс-шаралар жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінде толассыз жалғасып жатқаны жалпыға мәлім. Әсіресе бұл жұмыстарға шығармашыл зиялы қауым өкілдері, университеттер мен қоғамдық ұйымдар қатысып, үлкен рөл атқарды.Бұл ретте Астана қаласында орналасқан, Ұлы дала еліндегі ғылым-білімнің ордасына айналып үлгерген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көш бастап тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. «Рухани жаңғыруға» қатысты университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Е.Сыдықовтың тікелей ұйымдастыруымен һәм басшылығымен оқу орнында өткен ондаған ауқымды іс-шаралар туралы, ол іс-шаралардың студент-жастардың ой-санасына тигізген оң ықпалы туралы сандық мәлімет беріп жатқаннан гөрі, бір мәрте болса да, шығармашыл зиялы қауым өкілі ретінде осынау елдік ерен іске Е.Сыдықовтың қандай еңбегімен, нендей үлес қосқанын айту да қажет секілді.
Жалпы Ерлан Бәтташұлы жоғары оқу орнының тәжірибелі һәм білікті ұйым­­дастырушысы ретінде де, Елбасы саясатының бірегей қолдаушысы ретін­де де, таным-пайымы сара тарихшы-ғалым ретінде де Ұлт көшбасшысының бас­та­масымен елімізде болып жататын кез келген саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани іс-шараларға әсте бейжай қараған емес. Әсіресе «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы ұлт мәдениеті БҰҰ тілдерінде жариялануына қатысты тап­сырманы орындауды азаматтық парыз санаған ол, өзі басқаратын университетте «Рухани жаңғыруға» қатысты халықаралық, республикалық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырудың сыртында, тарихты азат санамен, жаңа концепциямен безбендей отырып «Жамбыл», «Шәкәрім» қатарлы монографиялары мен көптеген ғылыми-танымдық еңбектерін жариялады. Бұлардың ішінде қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, аудармашы, сазгер, тарихшы, алаш қозғалысының ту ұстаушыларының бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы еңбегінің жөні тіптен бөлек. Аталған еңбек ең алдымен Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен 2012 жылы орыс тілінде жарық көрген болатын. Кейіннен бұл кітап қазақ тілінде елімізде, одан кейінгі жылдарда түрік, ағылшын тілдеріне аударылып жарық көрді. Сөйтіп, орыс, түрік, ағылшын жұрты біздің ұлттық ой-санамыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ мәдениетінің аса көрнекті өкілінің өмірімен, шығармашылығымен танысуға, сондай-ақ қазақ халқын жа­қынырақ тануға мүмкіндік алды. Осы еңбегін миллиардтардың тіліне аудартып, жарыққа шығару – Ерлан Бәтташұлының көкейінде жүрген көп арманның бірі еді. Оның да сәт-сағаты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына тура бір жыл толу орайымен, Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толу қарсаңымен тұспа-тұс келді.
Сәуірдің 2-ші жұлдызы күні түс ауа Аспан асты елінің ежелгі астанасы ­Си-ань қаласындағы Си-ань шет тілдері ­уни­верситетінде (СШТУ) Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универси­те­тінің (ЕҰУ) ректоры, ­академик ­Е.Б.Сы­дықов­­тың «Қазақ даласының рухы: Шәкәрім» («哈萨克草原之魂 – 沙卡里姆评传») атты қытай тілінде жарық көрген жаңа еңбе­гінің тұсаукесері өтті. ­Салта­натты шараға Қазақстаннан кітап авторымен бірге барған сапарластарынан өзге, СШТУ ректоры, проректорлары, аталған оқу орнының қытайтану, орыс тілі институттарының ұстаздары мен сту­денттері, сондай-ақ осы оқу орнында Қазақстаннан барып білім алып жатқан жастар қатысты. Тұсаукесер рәсіміндегі беташар сөзінде аталған университеттің ректоры, профессор Уаң Цзюнчжэ: «Біз бүгін тұсаукесерін өткізіп отырған «Қазақ даласының рухы: Шәкәрім» атты бұл жаңа кітап – ҚР ЕҰУ ректоры, белгілі тарихшы-ғалым Е.Сыдықовтың сан жылғы еңбегі мен қажырлы ізденісінің жемісі. Автор Шәкәрім секілді аңыз тұлғаның трагедиялы тағдырын өзек ете отырып, туған елінің қалың қатпарлы тарихын әсерлі түрде бейнелеп береді. Сондай-ақ патшалы Ресей мен КСРО билеп-төстеп тұрған кездегі қазақ халқының шынайы тіршілік-тынысын, Алаш жұртының ұлт-азаттығына қол жеткізу жолындағы жанкешті күрес бары­сын егжей-тегжейлі баяндайды. Қысқасы, аталған еңбекті қазақ елінің тари­хын, саясатын, дінін, тұрмыс-салтын, әдебиетін танытатын таптырмайтын оқу құралы деуге болады» деп атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған кітаптың аудармашысы, СШТУ профессоры Ли Сичаң мырза: «Шәкәрім – ұлы Абай рухының ізбасары. Ақын, аудармашы, композитор, тарихшы, философ. Қазақ елінің тәуелсіздік алып, қазақ халқының ұлттық санасы бостандыққа шыққаннан кейін, есімі сан жылдар бойы тасада қалып, таланты да тартысқа түсіп келген ұлы тұлға қазақ халқы мәдениет тарихындағы әйгілі тұлғалар қатарынан өзінің лайықты орнын еншіледі. Мен аталған кітаптың аудармашысы ре­тінде, Қазақ ұлттық мәдениетінің аса көр­некті тұлғасын өзімнің елім мен халқыма таныстыру орайына ие болғаныма өте қуа­ныш­тымын» деп ағынан жарылды.
Тұсаукесер рәсімінің соңында ректор Уаң Цзюнчжэ ЕҰУ ректоры Е.Сыдықовқа «Си-ань шет тілдер уни­верситетінің құрметті профессоры» дипломын салтанатты түрде табыс етті.
Басқа басқа, ұлы ойшыл, әйгілі ақын, Алаш қозғалысының ту ұстау­шы­лары­ның бірі – Шәкәрім қажы туралы  моно­графияның миллиардтар елінің тіліне аударылуы – ЕҰУ үшін ғана емес, тұтас еліміздің рухани өміріндегі елеулі жаңалық һәм зор жетістік! Сондай-ақ Елбасымыздың бастамасымен елімізде кеңінен қанат жайып, саналарға сілкініс әкеліп жатқан «рухани жаңғыру» ісіне қосылған лайықты үлес деп білеміз. Әсіресе «Қазақ даласының рухы: Шәкәрім» атты еңбектің миллиардтардың тілінде жарық көруін Елбасымыздың «Отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт» деген үміті мен тапсырмасының жүзеге аса бастауы десек, еш асырып айтқандық болмас еді.
«Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкіл­дері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анық­тап алуымыз керек» деген ұстанымды Елбасы жайдан-жай ұсынып отырған жоқ. Әйтеуір шетелдерге наси­хаттау керек екен деп, боларды да, болмасты да ұсына беретін болсақ, оның қаржысының зая кеткені түк емес, шетел жұртшылығы «қазағыңның шама-шарқы осы ма?!» десе, бір қалған көңілді қайта орнына келтіру қиынның қиыны. Бұл ретте біз өзге жұрттың ойына ой, ақылына ақыл қоса алатын, сол арқылы қазақ хал­қы­ның ұлылығын танытатын тұлғалар деп А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпейұлы, М.Әуезовтердің есімдерін атаған болар едік. Өйткені олар – өз шығармашылықтарында қазақ халқының ұлттық бірегейлігін зерделеп һәм насихаттап өткен ойшылдар. Сондай-ақ олар қазақ халқының руханият тарихында ұлттық ар-ождан кодексі рөлін атқарып, моралдық қағидаларды қалыптастыра білген адамдар. Сондықтан аталған ұлт ұстаздарының шығармашылығын қарастырғанда немесе шет тілдеріне аудартқанда ең әуелі олардың кім екендігін, қандай уақытта, қандай ортада ғұмыр кешкеніне назар аударуымыз қажет. Себебі олардың туындыларының негізгі өзегінде, тінінде ұлттық сана, діни көзқарас, тәрбие, адамгершілік мәселелері тұнып жатыр.
Бұл ретте Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары, ақын, жазушы, философ, тарихшы, компози­тор Шәкәрім Құдайбердіұлы – сыры тұңғиық құбылыс. Құпиясын тереңіне бүккен, ойын қатпарына жасырған ақын фило­софиясының қайнар бастауынан дәм татқысы келген әрбір адам, ең алдымен ол ғұмыр кешкен заманмен, оның ­ғұ­мыр­намасымен, тағдырымен жақсылап танысып алу керектігі әмбеге аян. Осы реттен келгенде Шәкәрім ғұмырнамасы мен шығармашылығын жүйелі түрде зерттеп келе жатқан ғалымның монография­сы Қытай елі секілді үлкен аудиторияға ұсынылуы өте маңызды. Қазақтың Шәкәрім сынды аса көрнекті тұлғасының шығармашылығымен ендігі жерде 1,5 миллиард қытай жұрты өз тілінде таныса алады. Ұлы ақын, философтың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген құнды деректер ғылыми айналымға түседі деген сөз. Бұл шәкәрімтанудың көкжиегін кеңейтіп, өрісін ұлғайтатын іргелі іс.
«Дала рухы: Шәкәрім» атты іргелі ­мо­­но­­графияның ұлы философ Кон­фу­ций­­дің Отанында жарық көруі «рухани жаң­ғырудың» бір жылдығы мен ұлы ойшыл Шәкәрім қажының 160 жылдығы құр­метіне арналған лайықты сый деп бағалауға хақылымыз. Бәрінен де маңыздысы, ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебірені­сімен сезіне білетін, қасиетті Шыңғыс­тау өңірімен жан-тәні біте қайнасып кеткен білікті ғалым Ерлан Бәт­ташұлының аталған тақырыпқа қол созуы әрі ол ең­бектің шетелдерде, әсіресе Аспан асты елінде жарық көруі – шәкәрімтану ғылымы үшін ғана емес, тұтас еліміздің рухани өміріндегі елеулі жаңалық һәм зор жетістік.
Олай дейтін себебіміз, соңғы жыл­дардың еншісінде қытай баспа-басылымдарында қазақ қаламгерлерінің еңбектері қытай тіліне аударылып, сирек болса да жарық көріп келеді. Әйткенмен, онда әдеби туындылардың үлес салмағы басымдау екенін кімнен жасырайық. Ал жеке тарихи тұлғаларды, әсіресе ұлттық ой-сананың деңгейін танытатын руханият өкілдерін насихаттауда толыққанды ғылыми-танымдық жаңа дүниелер жоқтың қасы деуге болады. Бұл ретте де аталмыш еңбектің маңызы ерекше деп білеміз. 2018 жылы шілде айында ұлттық ой-сананың дамуы мен ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толады. Осы орайда да шәкәрімтануға қосылған сүбелі үлес ретінде біз академик Е.Сыдықовтың аталған еңбегін көлденең тартқан болар едік. Себебі «Шәкәрім» монографиясы күні бүгінге дейін ағылшын, түрік, орыс, қытай тілдерінде жарық көріп, шар ғалам тұрғындарының қақ жартысы Шәкәрім есімімен танысуға, сол арқылы қазақ дейтін халықтың ең кемінде ХІХ ғасыр­дың соңғы жартысы мен ХХ ғасыр бойындағы тағдыр-талайын, тарихын, мәдениетін, ұлт-азаттық күресін, ұлттық дүниетанымын білуге, түсінуге мүмкіндік алып отыр.
Қорыта айтқанда, академик Е.Сыдықовтың «Шәкәрім» атты зерттеу еңбегін жазып, оны әлемдегі іргелі тілдерге аудартып, жарыққа шығаруы ақын мұрасын дүниежүзіне таныту жолындағы ғибратты іс деп айтуға толық негіз бар.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

АСТАНА




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *