«АҚЫРТАС» САРАЙ КЕШЕНІ: ЕЛІМІЗДЕ ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ?

216

Жуырда Жамбыл облысындағы «Ақыртас» сарай кешенінің негізінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», сондай-ақ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан теміржолы» ҰҚ «Жүктасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов, тарих ғылымының докторы, академик Карл Байпақов, сондай-ақ туризм саласының мамандары, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

ЮНЕСКО тізіміндегі тарихи ескерткіш

Айта кетейік, мұндай келелі бас­қосудың қасиетті Әулиеата өңі­рінде өткізіліп отырғаны жайдан-жай емес. Екі мыңжылдан астам тарихы бар Таразда, Ұлы Жібек жолының бойын­да орналасқан Жамбыл облысында көптеген тарихи орындар мен кешендер, ғасырлар мен дәуірлерден бүгінге дейін жеткен ескерткіштер, есте жоқ ескі замандардан қалған құнды жәдігерлер көптеп шоғырланған.
ЮНЕСКО-ның тізіміне ­енген ­«Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн», «Өрнек», «Қостөбе» тарихи-мәдени мұра ­нысандары, сондай-ақ Қарахан, Айша бибі, ­Бабаджа хатун, Шоқай дат­қа кесенелері өткеннен сыр шертіп, ­бү­гінгі ұрпаққа өз дәуірінің ұлағаты мен тәлімін, ғибраты мен өнегесін бейнелеп, әсерлі жеткізіп тұрғандай. Әлбетте, біз өзіміздің елдегі мұндай тарихи мұралар мен нысандарды жете біле бермейтініміз анық. Осы жолы «Ақыртас» сарай кешеніне ­табан тірегенімізде оның қайталанбас ­ға­жайыптығына сүйсініп, мән-маңы­зына қайран қалып, таңдай қа­ғыстық. Шын мәнінде ғажап кешен! Жал­пақ жұртшылыққа ғана емес, тіпті күллі әлемге жария етіп жар салсаң да артық етпес. Себебі ол киелі мекен мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.
Мақала барысында «Ақыртас» сарай кешенінде туризм мәселеле­рін дамыту жайына егжей-тегжейлі тоқталатын боламыз. Шүкір, жақсы істер қолға алынып, оңтайлы өз­герістер жасалып-ақ жатыр екен. Оның бәрін көзбен көріп, ке­шеннің мән-маңызын ерекше әсермен түй­сініп қайтқандай болдық. «Ақыр­тас» несімен құнды, несімен баға­лы? Айтайық. Бүгінгі таңда «Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кере­меттері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес алып құрылыс нысандарымен қатар бағаланып отыр­ғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Оның үстіне Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасқан. 2014 жылдың 25 маусымында Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бүкіләлем­дік Мәдени Мұралар тізімі­не енгізілгені әр қазақ баласы үшін үлкен мақтаныш, ал жалпы еліміз үшін зор жетістік.

Бұл орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі «Ақыртас» сарай кешеніне үлкен көңіл бөліп, сарай кешенді әрі қарай дамытуға байланысты көптеген игі істерді қолға алып жатқаны қуантты. Оның ішінде ішкі және сыртқы туризм саласын өркендету жайы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.
«Ақыртас» сарай кешеніне арналған келелі кеңес алдында Таразға келген делегация мүшелері өз жұмыстарын алдымен шаһардың тарихи орындарын аралап көруден бастады. Қасиетті Қарахан кесенесіне аялдап, әрі қарай Керуен сарайын, ІХ-ХІІ ғасырдағы ислам дәуірінің мешітін аралап, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген «Керей мен Жәнібек» ескерткіштеріне тағзым етті. Тарихи орындарды экскурсовод маман Жазира Шілдебаева жан-жақты таныстырды. Осылайша көне шаһармен рухани-мәдени жәдігерлерін тамашалау арқылы ұлан-байтақ тарихымызбен де бір сәт қауышқандай әсер аларыңыз сөзсіз.

«Ақыртасты»  бетке алдық

Сонымен, делегация мүшелері «Ақыр­тас» сарай-кешенін бетке алып, жолға шықтық. Тарихи кешен Тараз қаласынан шы­ғысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Діттеген жерімізге келіп жеткенше қолымыздағы «Ақыртас» кешені туралы анықтамалық материалдармен танысып келеміз. «Ежелгі Тараз ескерт­кіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі әп-әдемі, түрлі-түсті етіп безендірілген «Ақыртас» кешені туралы шағын кітапша әзірлепті. Ішіндегі тарихи деректерге көз жүгіртіп, арагідік фотосуреттерін де, кешеннің заманауи тұрғыдан дамыту үшін жасалған іс-шаралар барысымен танысып, қажетті ақпараттарға қанық болып келеміз. Мұндай киелі мекенге жолымыз алғаш рет түсіп отырған соң, журналистік қызығушылықпен ештеңені ұмыт қал­дырмай, көзімізден таса қылмайық деген ние­тіміз де жоқ емес. Себебі жаңа жермен танысу, киелі мекеннің құдіретін сезіну адам­ға ерекше күш, рухына жігер мен қай­­рат сыйлайтыны, оның ар жағында еліңе деген патриоттық сезімді арттырары сөзсіз.
Өзіміз тілге тиек етіп отырған ­ақ­па­рат­тық кітапшада суретші ­М.С.Зна­менский­дің 1864 жылғы салған суреті беріліпті. Қандай керемет. Бұл су­рет­тен «Ақыртастың» сол кездегі келбетін көргендей әсерде боласыз. Кешен­ді зерттеуге 130 жылдан астам ­у­а­қыт болғаны, оған шығыстанушылар, ар­хеологтар: В.В.Бартольд, ­В.А.Кал­лаур, А.Н.Бернштам, Г.И.Паце­вич, Т.К.Басенов, К.М.Бай­пақов сынды ғалымдардың көп үлес қосқаны жазылыпты. Демек, бұдан түйгеніміз «Ақыртас» зерттеу ісі осыдан 130 жыл бұрын басталған болса, ол әлі күнге дейін ғалымдар ­назары мен қызығушылығын өзіне аудартып келеді деген сөз. Тарихи мекеннің киелілігі мен маңыздылығы да осында: оны зерттеген сайын жаңа деректер мен фактілер, тарих ғылымы мен археология үшін құнды болатын жәдігерлер анықтала береді, табыла береді…
Мына бір кереметке назар аударайық. Жалпы «Ақыртас» кешені бірнеше бөліктен тұрады. 1) Ақыртас сарай бекінісі VIII ғ. 2) Сарай алды бау-бақшасы II ғ. 3) Тұрғын мекендер, керуен сарай XIII-XIV ғ. 4) Топырақ алатын карьер. ­5) Тас өңдейтін карьер. 6) Сарай VIII-XIII ғ. 7) Бекініс VIII-XIII ғ. ғ. 8) Қарауыл мұнарасы. 9)Қорымдар, ерте темір дәуірі. 10) Су құбырларының жүйесі. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп отырған боларсыз, мұның барлығы қаншалықты көлемді аумақты (территорияны) алып жатқанын. Сол заманның өзінде біздің ата-бабаларымыз сарай мен бекініс салудың, мұнаралар тұрғызудың, су құбырлары жүйесін жасаудың хас шеберлері болған ғой.
Сапар аясында біз «Ақыртас» кеше­нінің өзіндік ерекшеліктерімен жан-жақты танысқан болатынбыз. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, бекіністің өлшемі – 162х139, зерттелген қабырғасының ені – 5 метрді құрайды. Құрылыс ортасында ашық аула орналасқан және айналдыра тіреу іргелері тәнті етті. Сарай 70-ке жуық бөлме мен 15 колонналы галереядан тұрады. Кешен бітеу күйінде өңделген тастардан тұрғызылған. Археологиялық зерттеу жұмысы барысында сарай кешенінің іргетасы мен қабырғалары және ішкі бөлмелері ашылған.
Мұнда кезінде су құбырлар жүйесі болғандығы да анықталды. Бұлақ суын сарайдан 3-4 шақырымдай қашықтықта орналасқан су бөгетінде жинаған. Су саз балшықтан жасалған құбырлар арқылы қалаға жеткізілген. Ал сарай ішінде су арнайы су қоймаға құйылып, сол жерден үйді-үйге тасымалданған. Ақыртас сыртында тағы да екі су қоймасы табылған. Бұл егіншілікті суару үшін қажет болғаны айтпаса да түсінікті.
Ақыртас сарайының тассандықтары да сан алуан. Құрылыстың сақталған бөлігі зілмауыр тастардан жасалған. Аталған жерде бағана тұғыр тастарын, өңделген бөліктерін, сонымен қатар «Жүрек» және «Ақыр» тәрізді тас блоктарын көрдік. Әртүрлі көлемдегі ішкі ашық аулалы бөлмелер, су сақтайтын хауыздар, айвандар мен дәліздер сарайдың ішкі кеңістігін құрайды.
Бұл маңдағы Билеуші сарайына сақтау шатырлары орнатылған. Қа­рауыл мұнарасы да алыстан көз тартады. «Ақыртас» қаласы туралы алғашқы деректі жазып қалдырған адам ретінде XIII ғасыр­дың басында осы өңірге келген қытай сая­хатшысы Чан-Чуньның есімі аталады. Ол өзінің саяхат күнделігінде: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп қызыға жазған екен. Осыны негізге алып Ақыртас құрылысын зерттеген әлем ғалымдарының да сүйенері осы қытай дерек көзі. Чан-Чуньнің алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылыс туралы ешқандай дерек көзі айтпайды. Себебі сол Чан-Чунның кезінде-ақ бұл ғажайып құрылыс тоқтап қалған еді. Неге соғылмады, не үшін аяқталмады ол жағы құпия күйінде қалып қойды.
Ресей ғалымы Г.Пацевич «Ғылым Академиясының хабаршысында»: «Осы уақытқа дейін жоспардың ерекшелігі мен ауқымдылығы және «мықтылығы» жағынан, құрылыс барысында тас­тарды қолдануда Орталық Азия мен Қазақстанның аумақтарында бұл құрылымға әзірге тең келетін «туынды» табылған жоқ» деп жазған.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, сарай кешенін салуды Орта Азияға исламды тарату мақсатында жорыққа шыққан Абу Муслим Кутейбу бастаған. Сепаратистік пиғылда деп айыпталған Кутейбу, Бағдадқа шақырылып, өлім жазасына кесіледі. Соған байланысты, қала құрылысы тоқтап қалған деген деректер де бар. Бұдан кейін де «Ақыртас» туралы қаншама ғалым, зерттеушілер өз ойларын айтып, әртүрлі болжамдар жасаған. Солардың бірі П.Лерх: «Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы» десе, академик В.Бартольд: «Несториан ғибадатханасы деген» атау береді. Ал археолог Т.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Бір сөзбен айтқанда, ықылым ­заманнан сыр шертетін Ақыртас кешені – тарихтың қайнар көзі. Кезінде ғалымдар Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстармен ұқсастығын аңғарған Ақыртастың қойнауында талай құпия толып жатыр. Тіпті кейбір ғалымдар: «Ақыртас 8 ғасырдың екінші жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орныққан кезде салынған. Алайда құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Ұлы Жібек жолында орналасқан Касрибас қаласы Ақыртас болуы мүмкін» деген деректерді де алға тартады.
«Ақыртас» туралы тарихи мәлімет­терде осымен бір түйіп тастап, енді сапарымыздың ресми бөліміне көшейік.

Туризмді дамыту –  уақыт талабы

«Ақыртас» кешені орын тепкен аумаққа келіп тоқтағанымызда, кешен жанынан салынған заманауи ғимаратқа бірден көзіміз түсті. Ол осындай басқосулар, алқалы жиындар мен кеңестер, туризмге бағытталған өзге де маңызды шаралар өткізуге арнайы салынған. Өте дұрыс болған екен дестік. Себебі біздің көптеген тарихи жерлерімізде мұндай заманауи ғимараттар мен нысандар жоқтың қасы. Ал шетелге шықсаңыз, олар өздерінің тарихи мекендерін қалайша құрметтейтіндіктеріне көз жеткізесіз. Заман келбетімен үндескен ғимараттар тұрғызып, тарихи жердің мән-маңызын бірнеше есе арттырып жіберетініне қайран қаласыз. Шүкір, біздің елімізде де мұндай жақсы бастамалар қолға алынып келе жатыр екен дестік. Осындай игі бастаманың Жамбыл облысынан басталып отырғаны да ерекше қуантты. Сонымен, басқосуымыздың ресми бөлігін тарқатып айталық. Мұнда «Ақыртас» кешені негізінде өңірлік туризмді дамыту ғана емес, жалпы еліміздің өзге де аймақтарында, қасиетті жерлерінде аталған саланы өркендетудің мәселелері ортаға салынды.
Семинар-кеңес жұмысын ҚР Мә­дениет және спорт министрі Арыстан­бек Мұхамедиұлы және Жамбыл облысы­ның әкімі Асқар Мырзахметов ашты.
Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бас­тап «Қазақстанның киелі жерлерінің ­геог­рафиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл орайда биылдан бас­тап аса құнды мәдениет ескерткіштерді сақтап қалу және өңірлердегі киелі жерлерге келетін туристердің санын арттыру мақсатында республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорықтарын құру жұмыстары басталғанын айтты. Сондай-ақ киелі орындар көп шоғырланған республикалық «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» тарихи-мәдени музей-қорықтарының аумағына ­Сапар орталықтар салына бастайтынын атап өтті. Алдағы жылдары өзге музей-қорықтарының аумағына сапар орта­лықтар салу жоспарда бар екенін жеткізді.
– Министрлік Қазақстанның киелі жерлеріне тұрақты түрде жыл ­сайын реставра­циялау және консервациялау жұмыстарын жүргізіп келеді. ­Мысалы, өткен жылы Көне Тараз, Көне Түркістан, Отырар, Сауран, Сарайшық, Ақтөбе (Баласағұн) қалашықтарына, Ақыртас кешеніне, Қ.А.Яссауи, ­Арыс­тан баб, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Шоқай датқа кесенелеріне ­осындай жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, елімізде тарихи-мәдени мұра ­саласында айтарлықтар жұмыстардың жасалып жатқанына қарамастан, біз елімізде мәдени туризмді дамытуды жаңа сапаға көтерудің әлеуеті одан да орасан екенін ұмытпауымыз керек, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысан­дарды тиімді пайдалануымыз керектігіне тоқталды. Әсіресе осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне ерекше мән беру, елімізде ғана емес, Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей кешен болып саналатын Ақыртас ескерткішінің туризмдік тартымдылығын арттыруға назар аударды. Бұл ретте ­Арыстанбек Мұхамедиұлы туризм саласына байланысты статистикалық мәліметтермен де бөлісті. Мәселен, 2017 жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне 215 мың турист келсе, соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты екенін тілге тиек етті.


Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз сөзінде бүгінгі кезде­суіміздің негізгі мақсаты – «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, көптеп келетін қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру екенін атап өтті. Өтіп жатқан кеңесіміздің осы «Ақыртас» сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында екенін жеткізді.
– Туризмнің заманауи индустриясы бүгінгі күні қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Осы кешеніміздің экономиканың өсуі мен жаңғырту қарқынын тездетудің күшті негізі болуға қабілетті екендігін түсіну маңызды. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі болып табылады, – деді.
Әрі қарай шара БАҚ өкілдеріне ­ар­налған баспасөз мәслихатымен жал­ғасты. Ал оның алында Қазақстан ­Рес­пуб­­ли­касының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жамбыл облысының әкімі Асқар ­Мырзахметов, «Қазақстан теміржолы» ҰҚ «Жүкта­сымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов үшжақты Меморандумға қол қойды.
Аталған құжаттың мазмұнына қыс­қаша тоқталып кететін болсақ, Меморандум тарихи-мәдени мұра нысандарын, соның ішінде «Ежелгі Тараз» қалашығы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін қорғау, «Ежелгі Тараз» қалашығын, сонымен қатар ғылыми жобаларды және археологиялық зерттеу, консервациялық, реставрациялық жұмыстарды қарқынды жүргізу, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласындағы бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, зерттеу және насихаттау саласындағы жобаларды мұқият таңдауға, ынтымақтастықтың бағыттарына тараптар өзара мүдделі болуы тиіс және олардың аясында мәдени мұра нысандарын археологиялық зерттеу, консервациялау, реставрациялау жұмыстары жүргізілуі тиіс екені атап көрсетілген.
Меморандум аясындағы іс-шаралар жоспарына ескерткіш құрылысы объек­ті­лерінің және объектілерінің бастапқы орналасуын табу, түгендеу және қайтару бойынша ғылыми-зерттеу жүргізу, ­халық­ара­лық және жергілікті мұрағаттарда дизайн, сәулет стилін және ескерткішті құру кезеңін анықтау бойынша мұрағаттық-аналитикалық жұмыс жасау, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес кешеннің негізінде Ақыртас археологиялық және тарихи этнографиялық саябағын құру мүмкіндігімен кешеннің түпнұсқа келбетін қалпына келтіруге ұсыныстар, құжаттама және қаржыландыру, жоспарға сәйкес Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеу, соның ішінде «Ежелгі Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» қалашықтарын зерттеу. Және «Ежелгі Тараз қалашығы» кешені құрамына кіретін «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыру, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі ­базасында туристік кластер құру. Тараптар жыл сайын тұрақты түрде осы бағыт ­бойынша нақты басым салаларды анықтау мәселелері де еніп отыр.
Айта кетейік, Кеңес Одағы кезінде атақты «Түрксіб» теміржолын салу барысында «Ақыртас» кешенінің бітік тастарының біршама бөліктері теміржол құрылысына пайдаланылған. Сөйтіп, тарихи мекеннің келбетіне айтарлықтай нұқсан келген. Қазіргі таңда кезіндегі теміржол құрылысына пайдаланылған тас­тарды қайтару жұмыстары қолға алынбақ.

Журналистер сауалы сан түрлі мәселені қамтыды

Жоғарыда айтқанымыздай, жиын­ның ресми бөлімі аяқталған соң БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихаты ұйым­дастырылып, туризм саласын дамыту мәселелері бойынша көптеген сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.
Баспасөз мәслихатына БАҚ өкіл­дерінен «Мәдени мұра» журналының бас редакторы Қуаныш Жиенбай, «Ана тілі» газетінің бас редакторы ­Самат ­Ибраим, «Қазақ үні» газетінің бас ­редакторы Қазыбек Иса, «Адырна» ұлттық этнографиялық порталының жетек­шісі Арман Әубәкір, «Қазақ газеті» газетінің бөлім меңгерушісі Қали Қамбаров, ­«Хабар 24» телеарнасының тілшісі Руслан Бақытбекұлы және т.б. журналистер қатысты.
Сөзді бірінші болып «Мәдени мұра» журналының бас редакторы Қуаныш Жиенбай бастады. Ол кешеннің маңыздылығына тоқтала келіп, журналдың алдағы санын Тараздың мәдени ескерткіштеріне арнау жөнінде ұсыныс айтты. Сонымен қатар мәдени ескерткіштерді дамыту аясында көне жәдігерлердің көшірмесін, яғни кәдесыйларды жасау жұмыстарына көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі А.Мырзахметов туристік кәдесыйлар жасау көңіл аударатын мәселелердің бірі екенін айтты. Бұл шағын кәсіпкерлік үшін үлкен табыс көзі екенін тілге тиек етті. Кәдесыйлар шығаратын кәсіпкерлер болса, бұл кәсіп түрін дамытуға болатынын атап өтті. Осы мақсатта орталық ұйымдастырылғалы отырғанын айтты.
Шара барысында «Адырна» ұлттық этнографиялық порталының жетек­шісі Арман Әубәкір сауал қойып, тарихи ескерткіштерді шетел тілінде көрсететін бейнероликтер жайында сұрады. Сондай-ақ журналист «Моңғолиядағы «Надым», Қырғызстандағы «Ұлы дала көшпенділері» тәрізді бүкіл халықтың назарын аударатын жобалар елімізде қолға алу жоспарда бар ма?» деген сауалын да қойды.
Сауалға жауап берген ­Арыстанбек Мұхамедиұлы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» респуб­ликалық ғылыми орталығы ашылғанын, оны елімізге белгілі азамат Берік ­Әбді­ғалиев басқаратынын, сондай-ақ қасиетті жерлер туралы кітаптар жарық көргенін, олар 3D электронды форматтың аясында шығарылғанын, мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын атап өтті. Тарихи жерлер, музей қоры туралы электронды формат жасалатынын да айтты.
А.Әубәкірдің екінші сауалына тоқталған Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Министрлікке туризм саласындағы өкілеттік бір жыл бұрын берілген болатын. Әрине, біз бір жылдың ішінде атқарылған шаралардың сіздерге баяндап беруге міндеттіміз. Осы шараларды іске асыру үшін бізде бірде-бір туризм саласында мемлекеттік компания жоқ болған. Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақ туризм ұлттық компаниясын аштық. Кезінде туризм саласына көп көңіл бөлмей, дүниежүзінде болып жатқан көптеген іс-шаралардан сырт қалдық. Сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылы ЭКСПО-ның аясында Астана қаласында «Этноауыл» аштық. Сол жерде ипподром бар. Сол ипподромда көкпардан бірінші рет дүниежүзілік чемпионат өткіздік. Сегіз мемлекеттен көкпаршылар келді. Біз, әрине, сол көкпар чемпионатын жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастырамыз. ­Сонымен бірге ұлттық ойындардың дамуы­на мүмкіншілік жасаймыз» деген ойын жеткізді. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов алдымыздағы мамыр айында «Қымызмұрындық» атты фестивальді өткізгелі отырғандарын айтты. Осы сияқты фестивальдар әр өңірде әртүрлі уақытта, әртүрлі деңгейде өткізіліп жатқанына тоқталды. «Сіз айтқандай жүйеленген түрде, жылдың бір мезгілінде белгілі форматпен жарыс өткізу, іс-шара ұйымдастыру әлі қалыптаспаған сияқты. Міне, осыны біз Жамбыл облысында қалыптастырғалы отырмыз. Биылғы жылы бірінші рет осындай үлкен фестиваль өтеді. Сол шараға бәріңізді шақырамыз» деді А.Мырзахметов.
Сұрақтар туризм саласын өркендетуге қатысты өрілген соң, журналистер қауымы өздерін көптен бері мазалап жүрген және халықтың да көкейінде жүрген мәселелерді ортаға салды.
«Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим елімізде туризмді дамыту кезіндегі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы секілді үлкен шара болғалы тұрғанын, осы орайда осындай шаралар алдағы уақытта басқа облыстарда қалай жүргізіледі және ішкі туризмді дамытуда министрліктер, жергілікті әкімдіктер қандай жоспарлар жасап отырғанын сұрады. ­Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл сауалға егжей-тегжейлі жауап беріп, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. ­Айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып ­жатыр. Өңірлерде тоғыз рес­пуб­ликалық мұражай бар. Кеше ғана Үкіметтің қаулысымен тағы да үш республикалық мұражай ашылған. Соның алғашқысы бұл Сарайшық мұражайы. Сарайшықты сақтау және қорғау бағытын­да жасалып жатқан жұмыстар жөнінде де хабардар етті. Бұл орайда еліміздегі тарихи кешендерді дамыту ­назардан тыс қалмай­тынын, республикалық дәрежеде шаралар өткізілетінін айтты. Астананың 20 жылдығы аясында Бозоқ қалашығында да үлкен республикалық орталық ашу қажеттілігін жеткізді.
«Ішкі туризмді дамытуға байланысты Білім және ғылым министрлігімен бірігіп жаз кезінде оқушыларды, студенттерді әртүрлі бағдарлама бойынша тарихи орындарға жіберуді қолға алудамыз. Жаз айларында жергілікті университеттердің студенттерін тарихи кешендерге алып келіп, ұлттық жәдігерлерімізбен таныстыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бірнеше студенттік топтарды археологиялық жұмыс тобына бағыттау шаралары да жүзеге асырылады» деді А.Мұхамедиұлы.
Ішкі туризм мәселелеріне қатысты қойылған сауалға облыс әкімі А.Мырзахметов былайша жауап берді: «Қазіргі уақытта ішкі туризмді дамытуға қатысты облыстың жоспарын түзеп жатырмыз. Біріншіден, осыған қатысты арнайы басқарма жақында ғана құрылды. Бүгінгі таңда интерактивті сабақтар арқылы оқушылардың тарихи орындармен танысуына мүмкіндік жасауды қолға алудамыз» деді. Аймақ басшысы ішкі туризмді дамыту үшін тиісті инфрақұрылым керектігін тілге тиек етті. Қазіргі кезде ең бірінші кезекте көңіл бөлетін нысандар анықталып жатқанын баса айтты.


Баспасөз мәслихаты барысында журналистер тарапынан көптеген ­сауал қойылып, оған нақты жауап берілді. Әрине, оның бәрін мақала аясында түгел қамту мүмкін болмас. ­Дегенмен, бірқатар мәселелеріне тоқтала кетейік. «Қазақ үні» газетінің Бас редакторы Қазыбек Иса Үржар өңірінен табылған Сақ ханшайымының қазіргі жағдайы және Сарайшық тарихи кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сауал қойды. Министр жауабына тоқталатын болсақ, А.Мұхамедиұлы Сақ ханшайымына реставрация жасалып, Сарайшық кешеніне қазба жұмыстары жүргізіліп жатқанын, сапар орталығын құру жоспарда бар екенін жеткізді. Осы орайда Отырар мен Тамғалыда да сапар орталықтары құрылмақ.
«Қазақстан-ZAMAN» газеті бас редакторының орынбасары Бауыржан Карипов отандық туризмді шетелдерде насихаттау, Қазақстан туризмі жөнінде көрмелер ұйымдастыру, еліміздегі ­туризм басқармаларының Қазақстан елшіліктерімен байланысы жөнінде сұраса, «Хабар 24» телеарнасы ­Руслан Бақытбекұлы «Ақыртас» кешенін дамытуға байланысты алдағы уақытта қандай шаралар жүзеге асырылатынына назар аударды. «Қазақ газеті» газетінің бөлім меңгерушісі Қали Қамбаров тарихи кинолар түсірілген жерлерге арнайы белгілер орнату мәселесін қозғады.
Қойылған сауалдарға жан-жақты әрі мәселенің мәнісін тарқата жауап берген Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Асқар Мырзахметовтың сөздерінен аңғарғанымыз, аталған азаматтар отандық турзимнің шынайы жанашырлары екендерін байқатты. Олардың әрбір жауабынан бұл мәселеге бейжай қарамайтындарын, қайта әрбір жаңа бастамаға ерекше көңіл бөлетінін, қайтсек еліміздің туризм саласын өркендетуге күш саламыз деген сауалдарға заманауи тұрғыдан жауап іздеп, олардың шешімдерін нақты іс жүзінде орындайтынына көз жеткіздік.

ТҮЙІН
Сонымен, Жамбыл облысындағы «Ақыртас» сарай кешеніне жасаған сапарымыз сәтті аяқталды. Қаншама өзекті мәселелерге қанық болып, көкейге көптеген ой түйіп қайттық. Туризм айтуға ғана оңай болғанымен, күрделі әрі кешенді сала екеніне көз жеткіздік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында атамекенге, ондағы тарихи кешендерге, ескерткіштерге, кесенелерге және т.б. киелі жерлерге ерекше назар аударылып жатқанына қуандық. Әрине, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беруі керек. Өйткені біз өзіміздің тарихи жерлерімізді тану арқылы – тарихымызды, елдігімізді де танимыз. Өкінішке қарай, осынау ұлан-ғайыр жерімізде, байтақ мекенімізде орналасқан көптеген тарихи орындарды әрқайсымыз біле бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында республикалық деңгейде арнайы шаралар ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе. «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Бұған қоса айтарымыз, Отанды білу, еліңді, жеріңді тану – оның киелі де, қасиетті жерлерін білуден басталады. Осыған жеткілікті түрде көңіл бөлсек, ілгері қарай дамып, өркениетті елдер қатарына қосыларымыз анық.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ, 
«Ана тілі» газетінің арнаулы тілшісі

Алматы – Тараз – Ақыртас – Алматы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *