Қазақ тіліне аударылған 18 кітап қоғамдық сана-сезімге қозғау салатын үлкен дүние — Ералы Тоғжанов

962

ҚазАқпарат — Қазақ тіліне аударылған 18 кітап қоғамдық сана-сезімге қозғау салатын үлкен дүние. Мұндай пікірді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше Қазақстан ғана емес бүкіл дүниежүзі куә болған үлкен іс-шара өтті. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев гуманитарлық білімге байланысты үлкен жобаны елдің ортасына салды. Бұл жай ғана жоба емес. Бүкіл қоғамдық сана-сезімді қозғайтын үлкен дүние басталды десем, артық айтпаспын. 18 кітапты тұпнұсқа тілінен тікелей ана тіліміз қазақ тіліне аударып, халыққа жеткізудің астарында үлкен қозғалыс жатыр. Ол сананың қозғалысы. Сол қозғалысты бүкіл қоғам болып, ел болып толықтай қолдайтындығымызға сенемін», — деді Маңғыстау облысының әкімі. Оның пайымынша, Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының алдына қойып отырған түпкі мақсаттары да бар. «Бәсекелестік ортада болу үшін, басқа мемлекеттермен тереземіз тең болу үшін,  солармен бірге даму үшін осындай үлкен дүниелерді, шетелдегі үлкен жаңалықтарды автордан тікелей аударып, халыққа, ең алдымен жастарға жеткізудің өзі ерлік. Кеше  Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді, алдымызға үлкен мақсаттар қойды. Аударылған 18 кітапты биылғы оқу жылынан бастап оқытылатын пәндердің білім беру бағдарламасына енгізудің өзі жастарға бағытталған», — деді ол. Облыс әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы  30 кітапты қазақ тіліне аударып шығару  үлкен жұмыстың бастамасы ғана. «Елбасының мұндай бастамаларын барлық өңір осылай қолдап отыратын болсақ, біздің оқу стандартымызда, жалпы білім беру жүйесінде, балалардың сана-сезімінде үлкен өзгеріс болады. Дұрыс тәлім-тәрбие алған бала ертең міндетті түрде еліне пайда әкеледі», — деді Ералы Тоғжанов. Айта кетейік, кеше елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген алғашқы 18 кітап таныстырылды. Шара барысында Мемлекет басшысы тағы 30 кітаптың биыл  қазақ тіліне аударылатындығын айтты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *