Сегіз сері Мұхамедқанапия Бахрамұлының туғанына 200 жыл

1035

Бүгін сағат 15.00-де Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында ақын, әнші-композитор Сегіз сері Мұхамедқанапия Бахрамұлының туғанына 200 жыл толуына орай өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық кеш өтеді.

XIX ғасырдың бірінші жартысы қазақ даласында сал-серілердің үлкен мектебі қалыптасқан кезең болды. Сол заманда шоқтығы биік тұрған сал-серілердің атасы, әрі ірі өкілі — ақын, әнші-композитор Сегіз сері болды. Оның шын аты – Шақшақов Мұхамедқанапия Бахрамұлы, ол 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туған. Бала кезінен ақындық, әншілік өнерімен халыққа ерте танылған.  Оның «сегіз» деген атын бұрынғының дәстүрі бойынша жеңгелері қойған. Оның да өзіндік тарихы бар. Сегіз жасында үлкен ағаларына қосылып аңға шыққан Мұхамедқанапия оқтап берген мылтықпен қашқан киікті атып түсіріпті. Ал, «сері» атауы оның 13 жасынан домбыра тартып ән айтып, есейе келе бүркіт, қаршыға баптап, жүйрік ат ұстаған ептілігінің арқасында қосылған. Сегіз серіден Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Нұржан Наушабаев, Ыбырай Алтынсариндер әр түрлі өнер үйреніп, бата алған.

Сегіз серінің «Ер Исатай», «Жорық», «Қашқын келбеті», «Өкініш», «Ақылсыз шаһзада», «Ақбүлақ» атты жыр-толғаулары, дастандары ҚР Ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорында жатыр. «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу», «Қамбар батыр» сияқты жыр-дастандардың Сегіз жырлаған нұсқаларын Жүсіпбек Шайхысламұлы Арқа өңірін аралап жүріп хатқа түсіріп, Қазан қаласында өз атынан жариялаған.

Қазақ даласының ұлы ұлдарының шығармашылығына құрметпен қарау, олардың еңбектерін және уағыздарын еске түсіру — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мақсаттарының бірі. Іс-шара аясында Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылады.

Кешті белгілі жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеев жүргізеді.

Іс-шараның қатысушылары: дәстүрлі әншілер, ҚР белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, Алматы қ. жоғарғы оқу орындары мен колледждерінің студенттері.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *