Ақын Дәуірбек Дүйсебаевтың Астанадағы жыр кеші

315

2018 жылғы 13 мамырда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма басшысы, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, бірнеше республикалық мүшайралардың жүлдегері, ақын Дәуірбек Дүйсебаевтың «Дүр дүниенің парасат тәжі» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Қазақстандық дипломаттар бірлестігі, Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалы және Ұлттық академиялық кітапхана бірлесе отырып, елорданың жиырма жылдығына арнап ұйымдастырған бұл жыр кешіне ақын-жазушылар, ғалымдар, дипломаттар, кітапхана оқырмандары, студент жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Жыр кешін белгілі ақын, ғалым Серікзат Дүйсенғазин жүргізіп отырды.

Іс-шара барысында филология ғылымының докторы, ақын Жанат Әскербекқызы, жазушы, сыншы Айгүл Кемелбаева, Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Қарағызұлы, журналист Қыдырбек Рысбекұлы, ақындар Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин және өзге де қаламгерлер сөз сөйлеп, ақын шығармашылығына одан әрі табыс тіледі.

Сөз сөйлеген қаламгерлер мен ғалымдардың дені шет жұрттың жауһар шығармаларын қазақ тіліне және еліміздің асыл мұраларын басқа тілдерге тәржімалауға атсалысу Дәуірбек сияқты шет тілін білетін мамандардың тікелей міндеті екендігін қадап айтты.

Осы шығармашылық кеште дипломат ақынның 2004 жылы жарық көрген «Сағынып жүрмін» және 2013 жылы шыққан «Оянып кеткен ақ сәуле» атты кітаптарында басылған және кейінгі кезде лирика, ғашықтық, туған жер, сағыныш, азаматтық тақырыптары мен сарындарында жазылған өлеңдері оқылды, сондай-ақ ән шырқалып, күй тартылды.

Кеш аясында өткен «Менің тілім өлмейді» атты жыр оқу сайысында елордадағы мектеп оқушылары аталмыш автордың өлеңдерін жатқа оқыды.

Қазақстандық дипломаттар бірлестігі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *