Абай танымындағы ұлттық код мәселесі

68

Мекемтас Мырзахметұлы,
ҚР Мемлекеттің сыйлығының, Халықаралық Түрік еліне қызмет
сыйының иегері,абайтанушы,
профессор

(б.з.д., 620-2017 жыл аралығында 2637ж. бойы дәстүрлі жалғастық желі тартып үзіліссіз даму үстінде келеді)
«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүкіл тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»
Н. Назарбаев

Қазақ арасында айтылып, сан ғасырлар желісінде сөйленіп, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан ғажап ойлы, терең мәнді бір көсем сөз бар. Ол – ұрпақ санасына ізгілік туралы, кісілік туралы қастерлі ұғымды мәңгілікке сіңдіріп орнықтыру жайлы ата-бабаларымыз насихаттап келе жатқан:
«Бір жылдығын ойлаған бидай егеді,
Он жылдығын ойлаған тал егеді,
Мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді!, – деген киелі сөз қалған.
Қазіргі қазақ отбасының перзентіне, ағайын-туысқа бауырмалдықпен қарап, жақсылық жасауға ізетті, қайырымды болуға баулып отыратыны айтыла салған жеңіл-желпі сөз емес. Онда терең мағыналы асыл текті астарында жас ұрпақ санасына ізгілік егуге ниеттенген қорғасындай салмақты пәлсапалық ой-танымның алтындай өзекті желісі жатыр.
Жалпы, адамзат баласының мыңдаған ғасырлардың ар жағында қауымдасып қоғамдық дамуы жағдайына назар салсақ, ізгілік, кісілік туралы ой-танымдарының өзекті желісі Азия құрлығында алғаш рет бүр жарып, елес беріп, із тастаған рухани шырақ көздерін ғылыми тұрғыдан танып, біліп, бір жүйеге түсіре алсақ – ұтқанымыз. Мысал ретінде айтар болсақ;
1) Қытай жерінде б.з.д. алғашқы бес жүз жылдықта қалыптасып үлгерген «жэнь» сөзінің мағынасы адам сүю деген ұғымды береді. Конфуции б.з.д 551-449 жылдары «цзюнь-цзы», яғни, жетілген адам ұғымын ендірді. Бірақ, бір жүйеге түсірілмеді әрі дәстүрлі жалғастық тауып ғылыми даму жолына түспеді.
2) Туран мен Иран жерінде пайда болған, кейінірек Үнді жеріне таралған Заростризм дінінің кітабі «Авестада» қайырымдылық, ізгілік дінінің Құдайы – Тара туралы ой-пікірлер желісі ізгілік қайырымдылық ілімінің алғашқы ой-танымдары желі тартқаны, өзіндік дүниетаным тұрғысынан айтылған пікірлер желісі аңғарылады.
3) Туран жеріндегі б.з.д. жетінші ғасыр басында Алып Ер Тоңа (Афрасиаб) туралы халық аузында жырланған дастанның үзіктері (600 өлең жолы, яғни, 150 шумақ өлең) М.Қашқаридің он бірінші ғасырда күллі әлемге танымалы «Түрік сөздігі» арқылы бізге жетіп, шындықтың ой тамыздығына айналуа.
Түрік халықтары Алып Ер Тоңа десе, парсылар Афрасиаб дейді. Бұл атаулар мағынасын алғаш рет саралап, ашып берген Жүсіп Хасқаджип Баласағұни болатын. Афрасиабты бас кейіпкер ретінде дүниеге танытқан заростризм дінінің кітабі «Авесто» мен Фирдаусидің «Шахнама» дастанын шұқшия отырып зерделесең ізгілік, жанашырлық жайлы ой-пікірлер желісін танытатын көптеген тума ойлар белгісі ұшырасады.
Алып Ер Тоңа билеген Тұран еліне бодан болған парсы патшасы Кейқауыс алдап тойға шақырып, құлдық ұрып қонақ еткенде, шарапқа у қосып беріп өлтіргені б.з.д. алты жүз жиырмасыншы жыл болатын. Алып Ер Тоңа туралы ол уланып қайтыс болған соң, кейінгі жылдарда халық аузында жырланған дастанда өзінің «Түрік сөздігіндегі» өлең үзіктері арқылы бізге асыл мұра ретінде жетіп отыр.
Алып Ер Тоңа уланып, өлерін білген соң, халқына арнау сөзі ретінде қалдырған:
Kozgyl mana akylik
Bolsyn mana ajaga.
Қойғын маған мәрттікті,
Болсын менің лақабым, – деп айтқан ақырғы өсиет сөзінде терең мағына жатыр. Осы сөзінде ол өзін «Ақи» деп атауды, ол сөз оның лақап аты ретінде келер ұрпаққа қалатынын меңзейтіні бар.
«Ақи» сөзі М.Қашқари сөздігінің қазақ­ша басылымында «Ақи – қолы ашық, жомарт, сақи» мағынасында (1-том, 119-бетте) беріледі. Бұл сөздің терең мән-мағынасы «жәуанмәртлік» ілімінің тұңғыш рухани көрінісі екені де байқалады. «Құтты білік» дастанындағы шартты түрде алынып жырланған 4 кейіпкер: Әділет, Ақыл, Дәулет, Қанағат – жәуан­мәрт­лік ілімінің төрт негізгі тірегі ретінде баяндалуында терең пәлсапалық деңгейдегі ізгілік ұғымының желісі жатыр.
Қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам (Камили инсони) туралы ой алыптарынан қалған рухани мұралар желісінің іздері деп мыналарды атасақ жөн болар:
1) Алып Ер Тоңаның «Ақи немесе жо­март­тық» ілімі (б.з.д. 7 ғасыр),
2) Әл-Фарабидің парасатты адам ілімі (Х ғасыр),
3) Жүсіп Баласағұнидің жәуанмәртлік ілімі (Х1 ғасыр),
4) Ясауидің хәл ілімі (ХІІ-ХІІІ ғасыр),
5. Абайдың толық адам ілімі (ХІХ ғасыр соңы),
6. Шәкәрімнің ар ғылымы (ХХ ғасыр басында).
Осыларды – бірімен-бірі табиғи тұрғыдан жалғасып, дәстүрге айналып қалыптасқан ізгіліктің өзекті ғылыми желісі жатқан рухани құбылысты толық танып, ғылыми тұрғыдан оқырман атаулы қауымға насихаттау – абайтану саласындағы өзекті, ең басты міндеттеріміз ретінде алға қойылуда. Өйткені, бұл мәселені, яғни, ғажап рухани құбылысты Президентіміз Н.Назарбаевтың сөзімен кестелесек:
«…Халқымыздың рухани жаңғыруы осындай ғылыми, көркем ой-санамыздың шығу тегін танудан басталуы тиіс. Көненің көзіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жаратылып, жаңа заманның адамдарын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» (М.Қашқари «Түрік сөзі», 1997 жыл, 2-том) деп нұсқауы – әлі де толық танылмаған Абайдың толық адам ілімін бүгінгі жаңа талап, жас ұрпақтың санасына сіңірудің міндетін алдымызға қойып отырған парызымыздай сезінеміз.
Абайдың толық адам ілімі ХХ ғасырда әдебиетші ғалым В.Г.Куницин айтқандай: «…ХХ век чудовищно засорил не только биосферу земли, то что гороздо опаснее – духовное поле земли» (В.Г.Куницин «Верность правды», издательства «Знание», Москва, 1980, стр.16), – деп айт­қаны бүгінгі қазақ болмысы мен рухани әлеміндегі экологиялық жағынан да, моральдық жағынан да өзгеріп бұзылу, ластану жағы көзге ұрып тұр емес пе? Өйткені, қазақтар Абай дәуіріне дейін рухани әлемі монолитті тұтас қалыпта болса, отаршылдық саясат өзінің ойлап тапқан сексеуіл табиғатынан алған сексеуіл тәсілі арқылы табиғи болмысы мен рухани әлемін де ыдыратып саналы түрде бұзды.
Дарынды, ойшыл ақын С.Торайғыров сол ортада өмір сүріп осы астарлы қасіретті саяси құбылысты ерте танып болжағандай:
Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені,
Суық жау күнбатыстан көрінгені…
Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны…
Елдігіне, жеріне һәм дініне
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, – дейді. Ендігі мақсат – Абайдың толық адам ілімін енді қайтадан рухани монолитті қазаққа айналудың жолына қызмет еттіру – басты рухани міндетімізге айналуда, бұдан өзге идеологиялық танымды көріп тұрған жоқпын. Абайтану тарихында бұл алға қойылып отырған, бірегей мән-мағынасы бар міндеттің бес-алты саласын оқырмандарға түсінікті болу үшін жеке-дара қысқаша түрде баяндап өтуді қажет деп білемін. Өйткені, бұл күрделі мәселе халықаралық деңгейде қойылатындықтан, қазақ жерінде, арғы жағы Туран өлкесінде б.з.д. 7 ғасыр басында пайда болған «Ақи» (жомарттық) ілімінің бастау көзі Фирдаусидің «Шахнама» дастанында Афрасиаб пен Иран патшасы Кейқысыраудың ортасында болып өткен пікір таласында да белгі беріп жатады.
1501-1510 жылдары мәмлүктердің соңғы патшасы Канс әл-Гаури нақты тапсырма беріп, қыпшақ ақыны Шәриф Әмиди «Шахнаманы» тұңғыш рет қыпшақ тіліне толық түрде аударылған түп нұсқасы Стамбұл мұражайында сақталған. Осы түп нұсқа аударманың көшірме нұсқасы «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығына аудар­маға даярлығы айтарлықтай дарынды жас, бергенінен берері көп филология ғылы­мының кандидаты Төрәлінің аудармасы бойынша басылым көруде. Аударманың көлемі 37 том болса, соның 23 томы жарияланып, оқырман назарына ұсынылды. Қалған 14 томы 2018 жылы басылым көрмек.
Фирдауси «Шахнамасының көлемі 110 мың өлең жолынан тұрса, қыпшақ тіліндегі аудармасы 122 мың өлең жолынан тұрады.
– Қыпшақ ақыны, сен «Шахнаманы» аудар, ішінде не бар екенін білейік. Сен парсы тілін олардан да жақсы жетік білесің. Барлық жағдайды жасаймын, он жыл ішінде бітір, – деп мәмлүктен шыққан Мысыр патшасы тапсырма береді. Бұл Шәриф Әмиди аудармасында толық баяндалғандықтан, «Шахнаманың» көлемі 12 мың өлең жолы жаңадан қо­сылуы себепті көлемі молыққан. Қып­шақ тілінен қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы 37 томға жетіп отыр. Мұның да өзіндік себебі бар. Ертең жас ұрпақтар толқыны дүниеге келгенде «Шахнаматанушылар» шықпай қоймайды. Себебі, ХХІ ғасырда ғылым, білімнің дамуы мың еседей еселене көбеймек. Солардың қамын ойлау себепті, аударманың түп нұсқасын, оның транскрипциясын кейбір көне сөздерге түсінікті де қосып беруіміз себепті, дастанның көлемі 37 томға жетіп тұр. Мұның да айтарлықтай бір себебі бар. Болашақ ұрпақтың «Шахнаматануға» ерекше мән беріп, өткендегі тарихи санамыздың болмысын жан-жақты танып білуді мақсат еткенде, қияндағы Стамбұлға түпнұсқаны танып білуге бармай-ақ түпнұсқаны қайта танып білуіне түпнұсқа әрі оның транскрипциясы да қолында болмақ. Сол ұрпақтың қамын қазірден ойлап, іздену жолын оңайлату үшін, аударманың түпнұсқа көшірмесі мен транскрипциясында қоса берудің себебі осы мақсатты көздеуде жатыр.
Міне, «Ақи» (жомарттық) ілімі жайлы нақтылы дерек көздеріне сүйене отырып, ақи ілімі жайлы ғылыми терең ой желісін танып білуге ерекше нақтылы мүмкіндіктер туындауда. Жалпы, ізгілік, қайырымдылық идеясын жас ұрпақ санасына ерте бастан сіңірудің бастау көзі б.з.д. VII ғасырдан біздің заманымыздағы ХI ғасырға дейін толассыз даму, жыл өткен сайын қанатын кеңінен жайған ізгілікті рухани құбылыстың негізі қазіргі қазақ жерінің аумағында жатуы – біздің рухани тағдырымызға қосылған әлемде теңдесі жоқ рухани қазына болуымен бірге абайтанушы ғалымдарға да шамадан тыс ауыр жүк арттыратын міндеті де бар.
Ақи ілімі (немесе жомарттықтан жәуанмәртлік іліміне өтудің рухани көпірі)
«Ақи» сөзі көне түрік тіліндегі мағынасы «zomart» (жомарт), яғни, жомарттық, дархандық деген мағынада айтылады. М.Қашқари сөздігінде: «Ақи – қолы ашық, жомарт, сахи» /1том 119 бет/ деп түсінік берілген. Туранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңаның өсиет сөзінен кейін дүниеге келген жаңа толқын жас ұрпақтар «Ақи іліміне» еліктеп, барлық түрік қалаларында «ақи» деп аталған кәсіпкер жастар ұжымы топтанып, өздері таңдаған кәсіппен айналысып, қаржы табудың жолына түседі.
Негізгі ұстанатын мақсаттары – нағыз ізгілік пен қайырымдылық жасау жолына түсіп, жиған қаржыларынан отбасының күнделікті қажетіне ғана жаратқан бөлігін алып қалады. Ал, қалған мол қаржыны түгелдей ауру-сырқау, кәрі-құртаң, тақыр-кедейлерге үлестіріп, ізгілік мақсаты үшін қалың елдің махаббаты мен алғысына бөленіп, ақилардың даңқы көкке көтеріліп, сол заманның қоғамдық ой-санасында ақилар ізгілікті әрекеттің көзіне айнала бастайды. Олардың ізгілік жолындағы әрекетіне мақтау өлеңдер айтылып, шексіз қошемет құрмет көрсетіліп, даңқтары асқақтай түседі. Осылардың тек ізгілік жолын ұстанған, халқын шын сүйген, отанына, туған еліне шын жүрегімен берілген үлгі-өнегелерінен келіп, ақи ілімінің негізі қалана бастаған. Егер, ақи ілімі рухани ізгілік дәстүріне айналып, бүкіл түрік еліне таралмаса, әл-Фарабидің парасатты адам ілімі мен жәуанмәртлік ілімі (ХІ ғасыр), Яссауи бабамыздың хәл ілімі (камили инсони), хакім Абайдың Толық адам ілімі, Шәкәрімнің ар ғылымының дүниеге келуі екіталай болар еді.
Түрік тілді халықтар (49 халық) арасында тарихи жады мен тарихи санасын толық сақтап, рухани қазына әлемінің көздерін еркін дамыта алған бір ғана халық бар. Ол – Түркия түріктері ғана. Осы себепті түрік ғалымдары Ақи ілімін жан-жақты тереңдей зерттеп, алғаш рет «Ақи» ілімі туралы ғылыми монографиялық зерттеулерін үздіксіз жариялап келеді.
Алып Ер Тоңаны (шын аты Мадай) парсылар той үстінде у беріп, уланғанын білген қаған жоғарыда айтылған соңғы өсиет сөзін қалдырған.
Б.з.д. 7 ғасыр басында айтылған ақи сөзі, термин мағынасына айналып, ізгілік, қайырымдылық деген «ақи» іліміне айналады. Ақи сөзі көне түрік тілінде «zomart», яғни, бізше, жомарт, мәрт ұғымын береді. Түрік халықтарының оның ішін­де олардың қара шаңырағын ұстап қалған қазақ халқының жерінде ізгілік пен қайырымдылықтың бастау көзінде жасалған ақи ілімінің күретамыры бізде, яғни, қазақ жерінде жатуы себепті, әрі ол ілім әл-Фарабиде парасаттық іліміне, ХІ ғасырда жәуанмәртлік іліміне одан әрі Ясауидің хәл іліміне (ХІІ-ХІІІ) айналған. Осы дәстүр ХІХ ғасырдың соңында Абайдың толық адам ілімі ретінде көрініс беріп, табиғи жалғастық табуы – айтарлықтай зор рухани құбылысқа айналуда. Отаршылдық қысымнан мінез-құлқы бұзылған, бүгінде тәуелсіз ұлттық республикаға айналған халқымыздың жаңа толқын жас буын ұрпағын, толық адам ілімі негізінде тәрбиелеп, рухани жағынан жаңарту міндеті алдымызға қойылуда.
Ал, біздер ше? Ақи ілімі жайлы бір пікір де айта алмай келеміз. Тіпті, абайтанушы ғалымдардың өздері де үн қата алмай жүр. Себебі оларға материалистік, атеистік дүниетанымға шырмалып қалыптасуы себепті әлемге жаңа дүниетанымның келгенін сезінбей, сезінсе де жүрегі дауаламай үнсіз отыр дер едім. Бұлай болуға олар кінәлі емес. Кінә – СОКП ОК 1949 жылы космополитизм туралы аса зарарлы идеялық мақсатты көздеген қаулысында жатыр. Көп ұлтты қызыл империяның ұлттардың тарихи жады мен тарихи санасын жою арқылы оларды бір халыққа, яғни, совет халқына, орыстанған халыққа айналдыру мақсатын ұстануда жатыр. Басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда космопалитизм турапы қаулысының әсері басымырақ болып, рухани әлемімізді әлсіретіп алдық. Ада қазақтар мен шала қазақтардың үлесін орыстандыру саясаты арқылы молықтырып алдық. Өйткені, әлем таныған неміс философы Гегель «…пренебрежающие родным языком люди, это трехкратные убийцы своей нации»,- деп жазуы қаны шыққан ащы шындықтың дәл өзі. Біздің қоғамдағы ада қазақтар мен шала қазақтар осы ащы шындықтан арыла алмай келеді. Өйткені, ада қазақтар мен шала қазақтардың оңалуына уақыт та керек ғой.

Әл-Фарабидің парасатты адам жайлы ілімі (ІХ-Х ғасыр)

Бұл ілім негізі ғалымның «Қайырымды қала тұрғындары» деп аталатын еңбегінде баяндалған. Елбасы болған адамның бойында он екі тұрлі қасиеттің болуы туралы ойын баяндап таратуынан әл-Фарабидің парасатты адам жайлы ой танымының желісі анық аңғарылып тұрады. Қоғамның саналы әр мүшесінің осы жаңа ой танымының негізінде бой түзеуін көздейді. Осы танымды ұстанып, өзін өзі рухани жағынан тазаруға ұмтылған саналы пенде ғана мақсатына жету жолына түсе алмақ. әл- Фараби ілімінің күші мен мән мағынысы осында жатыр.

Жәуанмәртлік ілімі (ХІ ғасыр)

Бұрындары жәуанмәртлік ілімін мен парсылардан келген ілім болар деп жүрдім. Себебі, ХІІ ғасырда парсы тілінде жазылған «Кабус наме» кітабында жәуанмәртлік ілімі жайында арнайы тоқталып, өз ой-танымын нақты баяндап беретіні бар. Бұған қоса Л.З.Будаговтың 1869 жылы жарияланған сөздігінде «Жәуанмәртлік» (Жувонмарт) сөзі парсы тіліндегі «юнный, щедрый» деген мағынаны білдіреді деп шегелеп тұрып айтқаны бар. Бұған қоса, қайсы халық болса да, ғылымда жаңалық ашса, сол тілдің сөзі термин сөзі ретінде қабылданатын дәстүр бар. Мысалы, Ресей алғаш рет «Спутникті» космосқа ұшыру себепті, спутник сөзі халықаралық терминге айналып кеткені кеше ғана көз алдымызда өтті емес пе? Будагов сөздігіндегі «жувонмарт» сөзін тұп-тура осы мағынада танып адасқаным бар. Тіпті, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жувонмарт» деген мақала да жаздым. Осындай танымда жүргенде, 1975 жылы «Советская туркология» журналында әзірбайжан ғалымы профессор М.Ш.Шерәлиевтің «жәуанмәрт, тамада» деген екі сөзге эпимологиялық зерттеу жүрзігіп, екі сөз де көне түрік тілінен шыққан сөздер деп дәлелдеген мақаласы мені қайта ойландырып тастады.
Абайдың 38 қара сөзінде арнайы сөз етіліп, бір-ақ рет айтылған жәуанмәртлік сөзінің мән-мағынасы мен түп-төркінін таба алмай жүрген кезім еді. Енді, жаңа танымға сүйене отырып, жәуанмәртлік ілімі қай елде пайда болып дамыды екен деген сұрақ ойымды билеп алды. Жәуанмәртлік туралы жазылған шаға­тай, әзірбайжан, ұйғыр, татар, орыс тіліндегі еңбектерді түгелге жуық қарас­тырып, өзімше жаңа байламға келдім. Егер, «жәуанмәртлік» сөзі көне түрік тілінде «zomart» болып жазылса, ол қазақ тіліндегі жомарт деген сөз емес пе? Бұлай болса жәуанмәртлік ілімі қазақ жерінде пайда болған ілім деп жаза бастадым. Бірақ, бұл танымды бір араб-парсы ғалым­дарының біреуі маған қателесесің десе, қандай айғақты, нақтылы дерек көзін қайдан табам деп іштей сескеніп жүргенде, Иранның атақты ғалымы, Иран президенті Хоменидің бас кеңесшісі Мұртаза Мәскеу қаласында 2008 жылы басылым көрген «Усовершенный человек в исламе» деген ғылыми монографиясында иран-араб әлемінде ХІІ ғасырға дейін «кемел адам» (Камили инсони) деген ұғым болған емес деп жазуы менің «жәуанмәртлік ілімі қазақ жерінде пайда болып, Ж. Баласағұни, Ясауи, Абай арқылы дамытылған», деген пікірім ғылыми тұрғыдан дәлелдене түсті. Жәуанмәртлік ілімінің негізі 1069 жылы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туып, 50 жасында атақты «Құтты білік» деп аталатын өлеңмен жазылған дидактикалық дастандағы 4 кейіпкердің бәрі де өмірдің әр саласы жайында диалогқа, яғни, сұрақ-жауапқа құрылған ой-пікірлерінің желісі арқылы берілген. Өйткені, автор жәуанмәртліктің 4 негізін шартты түрде берілген 4 кейіпкердің диалогына құрылған сұрақ-жауаптар арқылы желі тартып берілетіні бар. Олар – Әділет, Ақыл, Дәулет, Қанағат.
Бірақ, дастанда жәуанмәртлік термині тілге алынбаса да, «Ақи», «Ерсик тоңа» сөзі аталады. Бірақ, жәуанмәртлік ілімінің төрт негізі Әділет, Ақыл, Дәулет, Қанағат екенін жан-жақты дәлелденіп, суреттелуіне сүйене отырып, «бұл дастан жәуанмәртлік ілімінің негізін алғаш салған автор» деп тануымызға толық дәлел бар.
Абай, Шәкәрім «Құтты білікті» оқып, тіпті, «Кабуснамемен» де танысқан. Осыларды талғап, ой елегінен өткізген Абай ғана «жәуанмәртлік» терминін алғаш рет 38 қара сөзінде атап өтетіні бар. Ол туралы өз ой танымын қорытып, оны толық адам іліміне сүйеніп, өз тума ойларын баяндап беретін ерекшелігі де байқалып тұрады. «Әсемпаз болма әрнеге» деп аталатын танымал өлеңінде ақыл, қайрат, әділет, шафқат жайлы ой толғанысының түп-төркіні «Құтты білік» дастанындағы төрт кейіпкер ой танымдарымен үндесіп жатуы елеулі түрдегі рухани бірліктен тамыр тартып жатуы жай ғана құбылыс болмаса керек.

Ясауидің хәл ілімі(ХІІ-ХІІІ ғасыр)

Қазақ жерінде ХІІ-ХІІІ ғасыр аралығында пайда болып, хәл ілім жалпы түрік тілді халықтардың медреселерінде, бізше айтқанда, «арнайы курс» ретінде Ясауи мұрасынан терең танымы бар, осы салада маман­данған муддаристер (профессорлар) ғана хәл ілімінен дәріс оқыған. Бұл ілімді 1917 жылы большевиктер партиясы билікке келгеннен кейін атеистік дүниетанымды қоғамдық ой-санада шешуші орынға көтерді. 1922 жылы «Құдайсыздар» ұйымы» ашылып, мұсылман, христиан дініндегі молда, қожа, поп атауының бәрі де қуғындалып, ит жеккенге айдалып, көпшілігі атылып кетті. Медреседе оқытылатын хәл ілімі де 1917 жылы шорт үзіліп тоқтатылған болатын. Қазіргі Сайрам ауданындағы Манкент медресесінде оқып, хәл ілімін біршама меңгерген Мәди Меркішұлы 1917 жылы екі революция аралығында басылым көрген «Республикаға сый» (Тухфа ва жумхурият) кітабында:
Үйрендім ерден қал ілімін,
Ұстадым аз маз хәл ілімін.
Көп алмадым аз алдым,
Әпендім Шажыбал ілімін, – деп Ясауидің хәл ілімін оқытатын ұстазы Шажыбалды еске алатыны бар.
Парасатты адам туралы әл-Фараби ілімін ХІ ғасырда Жүсіп Баласағуни жәуанмәртлік ілімімен жалғастырса, ол ілімді Ясауи ХІІ-ХІІІ ғасыр арасында хәл ілімімен жалғастыру себебі, Ясауи 47 хикметінде:
«Һу» алқасы құрылды,
Ей, дәруіштер, келіндер!
Хақ сыпырасы жайылды,
Одан үлес алыңдар.
Қал ғылымын оқыппын,
Хәл ғылымға жетіппін.
Бәрінен де алыңдар! – деп өзінің сопылық жолында қал ғылымына жетіліп барып, хәл ілімін меңгеріп, шындалуы себепті, дәруіштерді сол ілімнен, яғни, хақ сыпырасынан үлес алуға шақыруында терең ой-таным желісі жатыр.
Міне, хәл ілімін меңгеріп, өзі дәріс оқыған ұстаздық дәстүрдің 1917 жылы Кеңестік билік тұсында тоқтатылады. Енді, оқырман санасына кеңестік тоталитарлық идеология Ясауи мұрасын мейлінше кертартпа, мистік ақын деген ұғымды халық санасына сіндіріп, Ясауи мұрасын танып білуге, ұлы ойшыл ақын шығармасы «Дивани хукметті» оқуға қатаң тыйым салынды. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғанда, универстет Президенті М.Жұры­новтың ұсынысымен Қазақстанда тұңғыш рет Ясауи өмірі мен әдеби мұрасынан шолу дәрістерін өткізе бастадым. Артынша, «Ясауи лабораториясы» ашылып, тұңғыш рет ұжымдық ғылыми-зерттеу топтамасы да басылым көріп, ясауитану саласына алғаш рет ғылыми із салына бастады.
Бүгінде Ясауи жөнінде, яғни, Ясауитану саласында кандидаттық, магистрлік, докторлық диссертациялар қорғалып, бұл саланы негізінен жаңа буын, жас ұрпақтар тарапынан күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынуда. Мысал ретінде айтар болсақ, алғаш рет сопылыққа тікелей қатысы бар жергілікті жерде жазылып сақталған көне «Насабнама» деп аталатын ескі қолжазбалардың жиырмаға жуық төл нұсқаларын зерттеуде менің шәкіртім Зікірия Жандарбеков алғаш рет зерттеп танып білуді қолға алды. Тұңғыш рет Ясауитану саласынан кандидаттық диссертация қорғап, монографиясын жариялап та үлгерді. Соңғы кезде Ясауи дүниатынымы туралы Досай Кенжетай докторлық диссертация қорғап, Ясауи хәл ілімін терең танып білуде үздік шыққан талантты ғалымға айналды. Дінтану саласында Айнұр деген қызымыз Ясауидің сопылық дүниетанымын насихаттауда озық ойлы пікірлерін оқырмандар асыға күтетін жағдайға жетуі – толассыз ізденістің арқасы деп білеміз. Ясауитану саласында бірқатар жастардың үн қата бастауы – Ясауитанудың толассыз даму жолына түскенін айғақтайтын соны рухани құбылыстың белгісі деп қараймыз.
Әдебиетші ғалымдар СОКП ОК 1949 жылы қабылдаған Космополитизм қаулысының қыспағына түскен кезде айтылған Мұхтар Әуезовтің: «Абайдың Науаи, Низами, Физулилерге көзқарасын Қожа Ахмет Ясауидің «Девани хикметі» тәрізді мистикалық суфистик әдебиетіне деген қатынасынан қапысыз дәлме дәл ажыратып алу қажет. Алдынғы аталғандар Абайды зерделі, жоғары дәрежесі, шеберлігі мен өмірге деген гуманистік көзқарасымен және өздерінің эстетикалық пікірімен баураса, Абай өз тұстастары Шортанбай, Мұрат, Әубәкірден айырмашылығы суфизмге тән жер бетіндегі тірлікті мистикалықпен жоққа шығаруда, оның ішінде қоғамдық өмірді місе тұтпай және оны қайта құру үшін күресті мансұқ етуін қабылдамайды» (М.Әуезов, «Абайтану дәрістер», Алматы, 1998, 31 бет) деген ой-танымына терең мән бере қарау міндеті алдымызға қойылуда. Бұл аса күрделі мәселені шешудің мүмкіндігі Абайдың 38 қара сөзінде кездесетін «инсанияттың камалаттығы» мен «пенделіктің камалаттығы» деген теологиялық терминдік сөздің мән-мағынасын ашып, түсіндіру арқылы ғана шеше аламыз/М.Мырзахметұлы. Абай лұғаты. Мектеп баспасы, Алматы, 2017 жыл/.
Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігі» инсанияттың камалаттығы деген бағытын ұстанады. Осы кітаптағы Күнтуды, Айтолды, Огғурмыш – үшеуі бұл дүние мен ол дүниені үйлестіру мақсатында асқан ақылды, терең білімді, бірақ ол дүние қамына даярлық жолына түскен Оғдырмышты өз қатарына тартып, бұл дүние қамы үшін қызмет етуге тартады. Бірақ, Оғдырмыш (қанағат) бұлардың қаншама рет шақырып инсанияттың камалаттығы жолына түсуге үгіттеуіне көнбейді. Өзі ұстанған пенделіктің камалаттығы жолынан қайтпайды. Сопылық, дәруіштік ізгілік жолында қалады. Бұл екі арада болып өткен дүниетанымдық пікір таласының мән-мағынасын атақты шайыр Шәді Жәңгірұлы:
Дүниеде адамдар көп бұрын өткен,
Бағзысы дәурен сүріп шадлық еткен.
Бағзысы хақ нұрына ғашық болып,
Көзіне бұл дүниені ілмей өткен, – деп инсанияттың камалаттығы мен пенделіктің камалаттығы жолындағы пенделердің ара-қатынасын бір шумақ өлең мен-ақ ашып беретін білгірлігіне разы боласың.
Абай да өз заманында инсанияттың камалаттығы туралы бағытты ұстағандықтан, пенделіктің камалаттығы жолына түсіп, ол дүниенің пайдасын ойлаған кейбір әулие тақуалардың өзін «…пенделіктің камалаттығы әулиелікпен болатын болса, күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариғатқа кіріссе, дүние ойран болса керек» (38 сөз), – деп пенделіктің камалаттығы жолын айрықша өткір сынға алатыны бар. Ясауи бабамыздың да пенделіктің камалаттығы жолын ұстанғандығына сыншыл ақыл көзімен қарап, бұл аса күрделі шешуі қиын мәселені ғылыми-зерттеу жұмыстарында ерекще назарда ұстау әр құбылысқа сын көзімен қарау да бүгінгі заман талабына айналуда.

Абайдың «Толық адам» ілімі

Абайдың 38 қара сөзінде бір-ақ рет тілге алынатын «толық адам» сөзіне мен «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» деген докторлық диссертацияға даярлық үстінде мән бере бастадым. Бірақ, «толық адам» сөзінің тереңде жатқан мән-мағынасын ойдағыдай біле алмадым. Диссертацияның бір тарауы «Абайдың шығысқа қатысы Мұхтар Әуезов зерттеуінде» деп аталатын. Осы себепті М.Әуезовтің архивін бастан-аяқ түгел қарап шықтым. Мақсатым – кемеңгер ғалымның Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы қағаз бетіне түскен ой-пікірлеріндегі ой желісін, танымын толық танып білуге тырыстым. Орыс тілінде жазылған еңбектерінде «Нравственная личность» деген сөзге мән бере қарадым. Бұл сөздін толық адам сөзі екендігіне көзім жете түсті. Толық адам ұғымы діни рухани әлеммен тікелей байланыста жатуы себепті М. Әуезовтің бұл салаға баруға, өз пікірін ашық айтуы мүмкін емес заман еді ғой.
Абайдың жәуанміртлік іліміне қарым-қатынасын зерттеу кезінде «толық адам» ілімі өзіндік жүйесі бар дербес таным екеніне көзім жете түсті де, баспасөзде алғаш рет жариялап, ғылыми айналымға түсірдім. Толық адам ілімі жайлы ары қарай ұзақ уақыт ізденіп зерттеуім мені толық адам ілімінің тірегіне айналған Абайдың: 1) жүрек күлті; 2) Хауас; 3) Жәуанмәртлік; 4) Иманигүл деп аталатын терең ғылыми мәні бар шындықтарды танып, біліп барып айтқан көрегендік сыншыл ой танымы болатын-ды.
Ресей 47 түрік тілді халықтарды түгел жаулап алған соң, ол халықтарды қалып­тасқан дәстүрлі ел билеу жүйесін түгелдей жойып, отаршыл Ресейдің ел билеу жүйесіне түсіру мақсатында мейлінше кертартпа бағыттағы реформаларды аспай саспай біртіндеп жүзеге асыру арқылы ол халықтардың тұрмыстық салт-дәстүріне, рухани әлеміне қатты қысым сала бастады. Бұл саяси әрекет, әсіресе, ұлаң ғайыр алып даланы жайлаған қазақ пен ноғайға айрықша қатігез көзқараспен тиісті. Қазақ, ноғай халқын жер бетінен жою мақсаты жайында орыстың саяси элитасы 1876 жылы саналы түрде бір пікірге келді деп 1916 жылы Сырдария генерал-губернаторы Курапаткин өз күнделігінде мәлімдейтіні бар. Осы идеяны жүзеге асыру мақсатында отарланған қазақ елін, тұрмыс жағдайы мен рухани әлеміне, ел билеу жүйесіне өзгерту ендіру мақсатында арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жүргізу арқылы ел билеуші атқамінерлерді ішке тартып, үркітпей сендіре беру саясатын тікелей қолға алу әрекетіне кірісті.
Қазақтар үшін ел билеудің «Ұзын арқау, кең тұсау» деп аталатын үлгіні орнықтырды. Бұл билік түрі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Яғни, 45 жыл мерзімге созылды. Батыс Қазақстанда билік тұтқасын сұлтан правительдер, яғни, ең сенімді төрелер ұстады. Ал, орта жүзде аға-сұлтандар әуелгі кезде төрелерден қойылып, Кенесары көтерілісінен кейін билікке қарапайым қазақтар келе бастады. Мысалы, Құнанбай қажы, т.б. Ал, ұлы жүз қазақтары Қоқан хандығына бағынуы себепті ел билеу тізгінін ірі ру басы датқалар ұстады, яғни, рулық жүйе негізге алынды.
Біртұтас қазақ жері үшке бөлініп, ара-қатынасқа тұсау түскендіктен, қазақ әдебиетінің өзі де үш бағытқа ыдырай бастады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүз ақындары поэзиясында сұлтан правитель образдары сомдала бастады (мысалы, Махаббат бастаған ақындар тобы), орта жүз ақындары поэзиясында аға сұлтан образын Дулат ақын бастаған ақындары тобы әдебиетке әкелді. Ал, Ұлы жүз ақындары (Сүйінбай бастаған саңлақ ақындар) поэзиясы датқалар образын жасауы – қазақ әдебиеті тарихында үш түрлі әдебиет ағымы болғанын айғақтап тұр.
Қазақтың тұрмыстық болмысы мен салт-санасын, қалыптасқан ұлттық дәстүрі мен отбасы тәрбиесін, рухани әлемін 45 жылдай жете зерттеп, танып біліп, ел билеу жүйесінде қазақ билігін ауылдық болыстық шеңберден асырмай ұстауға ерекше мән берілді. «Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» жүйесін жүзеге асыру мәселесінде сексеуіл болмысынан туындайтын жауыздық тәсілін қолдану арқылы жүзеге асыруды саяси мақсат ретінде қолға алды. Бұл амал-айланың бастамасы Екатерина ІІ-нің Орынбор генерал губернаторына «… организуйте и проследуйте, кто стоит во главе киргиз-кайсаков и их родовой знати, никогда не было мира. Их все время наталкивайте против друг другу и чтобы они постоянно грызлись, что очень выгодно будет нам» деп, жазған қызмет хатында жатыр. Осы зұлымдық идеяны Батыс генерал губернаторы Сперанский одан ары жалғастырып, қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Оған шеге қақсаң кірмейді, балтамен ұрсаң жарылмайды, ал, сексеуілді өзіне-өзін ұрсаң, тасталқаны шығып быт-шыты шығады екен. Осы тәсілді қазақтарға қолданайық, деп ұсыныс береді. Осы сексеуіл тәсілін Ресей империясының патшасы қолдап, жүзеге асыра бастады. Осы ұсынысқа ең әуелі Түлкібас ауданындағы Майлыкент болысы саяси полигон ретінде таңдалып алынды. Сырдария генерал-губернаторы ұлты неміс Гродековтің тікелей бақылап басқаруымен ел билеудің болыстық жүйесі тәжірибе үшін сынақтан өткізілді. Сынақтың нәтижесі күткен деңгейден асып түсті. Бұған Ресей империясының саяси элитасы төбесі көкке жеткендей қуанысты.
Майлыкент болысы екі мыңға таяу отбасынан міндетті түрде әр ауыл, әр түрлі он екі рудан құралуы – бұл отаршылдар үшін саяси қажеттілікке айналды. Әр рудан құралған он екі ауыл төрт ауылнайға бөлініп, оған төрт ауылнай, төрт би сайланды. Он екі ауылдан болысты сайлауға ақ, қара шар тастап, болысты сайлау үшін елу үйден бір елубасы сайланды. Олардың саны қырыққа таяу болды. Әр он үйден бір онбасы сайланып олардың саны екі жүзге таянды. Олардың мақсаты ауыл мен ауылдың ішінде, тіпті, үй ішілік жеке отбасында партиягершілік талас тартыстың өртін өршітіп, қоздыру болатын. Жалпы, болыстық лауазымға болысты сайлау үшін, ол үшін таласқа түсетін екі жүз елудей қызмет орнына жан сала таласу – руды руға, бар қазақты бір-біріне айдап салу арқылы, қазақтың рулық береке-бірлігін аяусыз бұзып, қазақ атаулының мінез-құлқының нілдей бұзылуына алып келді. Міне, майлы сүйекке таласқан мойнақ итше таласқа түскен қолдан жасалған жасанды билік үшін болыс сайлауға жан таласқа түскен қалпымызды көреміз. Осы болыстық сайлаудың саяси сырын өзі он сегіз жыл болыс, би болып ішкі сырына көз жеткізген Абай ақ патшаға болысты сайлау елді бұзды. Болысты генерал губернатор назначение арқылы тағайындасын деп арызданса да, арызды жауапсыз қалдырды.
Болыстық ел билеу саясаты мен Ресей империясының қазақтарды шоқын­дырып, орыстандыру саясаты қатар жөргізілді. 1865 жылы «Обрусительная палата» ашып миссионерлік шоқындыру саясатын мемлекеттік саясат деңгейіне көтерді. Бұл астыртын саясат үшін қаржыны да аямай төгуінде өте терең зымияндық сыр жатты. Ел билеу жүйесін болыстық сайлау түрінде жүзеге асқан тұста миссионерлік саясаттың қатар жүргізілуінде жай адам сезіне бермейтін астарлы құпия сыр да жататын. Осы құбылыстың кілтипанын жете сезінген ойшыл ақын С.Торайғыров
Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны…
Ақ пейіл бауырмалдық қалып кетіп,
Даланың табиғатын бұзып алған.
Елдігіне, жеріне һам дініне
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, – деп толғана жырлауында, тіпті, қазіргі тарихшы ғалымдар сезіне бермейтін құпия саяси ой-танымдар жатыр. Ақынның «Құрылды талай тұзақ талай қақпан» деп жазуында «талай тұзақ» дегені орыс империясының шоқындырып, орыстандыру саясатын меңзеп отыр. Ал, «талай қақпан» дегені ел билеу жүйесіне сексеуіл болмысынан туындаған жауыздық айла тәсілін қолданып, Абайға дейінгі рухани тұрмыстық жағынан біртұтас монолитті қазақтың рухани қалпын өз ішінен ыдыратуға кірісті. Ел билеудің қарғыбау тәрізді знагына бола сүйекке таласқан аш итше жанталасқа түскен қазақ атқамінерлерінің қалпын меңзеп отыр. Бұл ойдың арғы төркіні қазақ атаулыға таныс кемеңгер би Ақтайлақтың:
Бұрынғы би, жақсыны Құдай қылған,
Ендігіні орыс пен қытай қылған, – деген терең ойлы толғанысында жатқан құпия сырды қапысыз дәл танып білсе, қазіргі әдебиетші ғалымдар ол саяси құпия сырдың болмысын тереңдеп танып біле бермеуі себепті, сатымсақ тарихшылардың ол құбылысты өрке­ниетті құбылыс деген танымының жете­гінде кетті. Ал, бұларға қарағанда тарихи шындықтың өзекті саяси болмысын сол заманда-ақ дәл танып болжап кеткен Ақтайлақ бидің «Бұрынғы би, жақсыны Құдай қылған, Ендігіні орыс пен қытай қылған» деген даналығына, яғни, орыс пен қытай саясатының зұлым­дық болмысының астарлы саясатын сол заманда -ақ тапжылтпай танып білуіне қайран қаласың.
Болыстық билік үшін таласып, мінез-құлқы бұзылған қазақтың кеселіне Абай­дың ұсынар рухани емі – «толық адам» ілімі болатын. Осы рухани ілім арқылы әр қазақты рухани жағынан жаңғыртып ар тезіне салуға ұмтылған Абайдың рухани қайғысының таңбасы:
Ыза шығар ғылымнан,
Қайғы шығар ілімнен.
Ыза мен қайғы қысқан соң,
Зар шығады тілімнен, – дейтін халқына жаны ашудан туған ішкі рухани дерті – көз алдында өз-өзімен итше таласып, мінез-құлқы бұзылып азып бара жатқан қазағын:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың…
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұздау шырқын.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға, татулас… деген Абайдың улы дертінен туындаған жан айқайы мен мұндалап тұр емес пе. Бірақ, қайыру бермеген қазақтың мінез-құл­қының бұзылу болмысына арналған ойшыл да сыншыл ақынның саяси-әлеуметтік мазмұндағы сатирикалық лирикасының пайда болу сарыны қазақ қауымына саясат шалғысына түсіп қор болған қылығына ызаланып қайғы мұңы тудырған сатиралық өлең жырларының табиғатын енді сол дәуірдің отаршылдық бодандық шындығын терең танып, білуден туған табиғатын енді ғана терең түсініп ұғудамыз.
Абайдың дүниетанымы мен саяси әлеу­меттік болмысының табиғатын атеистік, материалистік, кеңестік тоталитарлық идеология тұрғысынан танытып келген жалған танымды көзқарас деп енді ғана танудамыз.
Бүкіл дүниетанымымыз, енді, кванттық физиктер ұсынған «Ұлы Сана» жолына түспей тұра алмайтын заман келді. Бұрынғы қоғамдық ғылымдар атаулының бәрі де терең дағдарысқа ұшырады. Осы дағдарысқа абайтану саласы да ұшырап отыр. Жаңа дүниетаным талабы бойынша абайтанудың барлық саласында жүргізілер ғылыми-зерт­теу жұмыстары тұрғысынан Абайдағы толық адам ілімін негізге ала отырып, бүкіл тәлім-тәрбие беру, оқу орындарының барлық саласында оқытылатын оқулықтар қайта жазылуы алғы шартқа айналуда. Ендігі бір алға қойылар міндеттегі жүзеге асырудың, яғни, жаңа талап жас буын ұрпақтарды рухани мінез-құлқы жағынан рухани тазартудың теңдесі жоқ құралы – Абайдың «толық адам» ілімі барлық оқу орындарында оқытылуы – заңды түрдегі рухани қажеттілікке айналуда. Себебі, Иран ислам рсепубликасында барлық ЖОО-ның барлық факультеттерінде Иран тарихы мен әдебиеті арнайы пән ретінде оқылуда. Мен Қазақстандағы Иран елшілігіндегі мамандармен пікірлескенде:
– Сіздер біз сияқты бодандыққа ұры­нып, орыстандыру саясатын бастан кешпедіңіздер, әрі дәстүрлі дін­дерің қаз қалпында. Ал, біз болсақ атеис­тік, материалистік дүниетанымға шырмал­дық. Сіздер неден сескенесіңдер? – деп сұрадым.
– Қазір әлемде жаһандану процесі жүріп жатыр. Олардың бізге танымдары мен азғындаған рухани мәдениеті студенттердің санасына, жүрегіне әсер етуде. Осы қоғамдық жат тұмаудан бала-шағамызды сақтау үшін, өзіміздің ұлттық дәстүр мен жазылған тарих пен әдебиетті бүкіл оқу орындарында оқытуды қолға алуымыздың себебі осында жатыр, – деп маған сынай қарады.
Мен ойланып қалдым… Бұл мәселе Қазақстанның білім және ғылым ми­нис­­трлігінің ойы түгіл түсіне де еңбей тұр. Бұл жаңа ұлттық идеологиялық жұмысты қажетсінуде. Бұл мәселеге мән бермеуден ұтыла түскеннің орнына тағы да ұты­лудамыз. Осы себепті, бұл айтылған кем­шіліктен арылу үшін алдын ала Абайдың «толық адам» ілімінің ең болмаса оқулық­тары, хрестоматиясы оқытылуға тиіс қыс­қаша арнаулы библиографиясы, бағдар­ламасы даярланып, жақсы сапада басу, оқу орындарына тезірек қамтамасыз ету әрекетін қызу қолға алу қажеттігі туындауда. Бұл мәселені ғылым және білім министрлігі әлі де сезе алмай отыр. Білсе Астанадан халықаралық деңгейдегі Абайтану ғылыми-зерттеу институтын ашуға ара түсіп, жанашырлық әрекетке түсер еді ғой. Әлі де ұйқылы ояу қалпында қамсыз отыр дер едім.
Ал, осы талапқа қосымша «Абайтану тарихы» пәні барлық ЖОО-дағы филология, тарих, педагогика, заң факуль­теттерінде арнайы курс ретінде жүргізілуі қажет. «Абайтану тарихын» қайта жазып, оқулығы мен бағдарламасы, хрестоматия­сы оқулыққа сай шағын библиографиясы жасалмақ. Әсіресе, «Абай» энциклопедиясы жаңа дүниетаным негізінде қайта жазылып, даярлау аса қажеттілікке айналуда. Себебі ол Абай мұрасын қайта жаңа дүниетаным негізінде жариялау жолын ой-сана танымымызға сілкініс жасайтын рухани бесаспап құралға айналар кезеңі келді. Коммунистік идеология ой-танымымызға біртіндеп сіңдірген материалистік, атеистік дүниетаным жалған таным ретінде терістелді. Енді, ғылыми тұрғыдан кванттық физиктер дәлелдеп ұсынған «Ұлы Сана» барлық әлем атаулыны билейді деген жаңа дүниетанымға бет алдық. Сондықтан, қоғамық ғылым атаулының бәрі де бүгінгі дағдарысты артқа тастап, рухани құлдық ой-танымнан арылып, бар салада ұлы жаңғыру жолына түсетін заман келді! Президентіміз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани болмысымызды түбірлі түрде жаңғырту міндетін алға қойып отырғанда, жұмыла атсалысып пәрменді түрде әрекет етер кезең келді.
Бүкіл батыс Еуропа, Америка, Ресей, Қытай да жуық арада жаңа дүние таным жолына түсе алмайды. Себебі, бес ғасыр бойы бұл аталған елдер дүниетанымы ой санада затшылдық, құдайсыздық ұғым терең сіңіп, стереотиптік кертартпа санаға айналып кетуі үлкен күрделі кедергіге айналып отыр. Ол үшін қазіргі ұрпақ түгел өмірден өткен соң, өмірге келетін жаңа буын жас ұрпақ қана дүниетанымдық өзгерісті сезіне алса ғана, ой сана, дүниетаным бетін бері қарай бұра алмақ. 49 ұлыстан тұратын түрік тілді халықтар монолитті қал­пын бұзып алды. Олардың 27-сі Ресейдің миссионерлік саясатының құрбандығына шалынып, қалған 22-сі оның ішінде қазақтардың тағдыры қалай болады екен деген ой әркімді де мазалайтыны шындық. Бірақ, түрік халықтары қаншалықты тоталитарлық идеологияның қысымына түссе де, ұлттық санасы мен ұлттық дәстүрін ата-баба салтынан, тілінен, дінінен қол үзген емес. Сол себепті, тәуелсіздік жолындағы алты түрік тәуелсіз мемлекеті мен Ресей қоластындағы он бесі, Қытай жерінде біреуі, яғни, ұйғырлар жаңа дүниетаным жағына жуық арада тез оралатын халықтар деуге рухани негізі бар. Ал, бұл топқа ертерек шоқынып, орыстанып кеткен түрік тілді халықтардың (шұбаш, сақа, туба, т.б.) оралуы славян халықтары мен тағдырлас, орайлас болар деп қараймыз…
Қазақтардың жаңа дүниетанымға тезірек оралуына оның халықтық рухани қазына көздері мен Абай, Шәкәрім, Мағжан сияқты саңлақтардың әдеби мұрасы мен олардың дүниетанымы әуелден-ақ жаңа дүниетанымға орайлас болып жатуы себепті, олардың әдеби мұрасында көрініс берген дүниетанымын, көзқарасын ғылыми тұрғыдан терең зерттеп ашып беруі арқылы да халқымызды жаңа дүниетанымға тезірек оралуына басты жол бастар рухани күшке айналуы қоғамдық ой-санада жаңаша рухани бет бұрысқа айналмақ!
Алға қойылып отырған айтулы тарихи бұл міндетті жүзеге асырудың шешуші буыны біздер үшін Абайдың толық адам ілімін халқымыздың рухани тазару жолындағы теңдесі жоқ құралына айналарын сезіп, біліп, отырған жайымыз бар. Бұны жүзеге асырудың бірегей жолы Астанадан Еуропалық деңгейдегі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған абайтану ғылыми-зерттеу институтын ашу қажеттілігі күн тәртібіне қойылуда. Себебі, жаңадан ашылуға тиісті абайтану ғылыми-зерттеу институты мемлекет бюджетінен бір тиын да қаржы сұрамайды. Тек қана И.Тасмағанбетов Астана әкімі болып тұрғанда абайтанушылардың тілегі бойынша Тәуелсіздік даңғылы Қабанбай батыр даңғылы қиылысқан жерден 80 сотық жер телімі берілсін деп бұйрық шығарған еді. Сол жер телімін заңдастырып алу жолында бұрынғы Астана әкімі Жақсыбеков пен екі-үш жылдай тартыстық. Ақыры әкім ол жер басқаларға берілді, абайтану ғылыми-зерттеу институтына берілмейді деген ұлттық рухтан қол үзген ада қазақтың үкімін шығарып кетті. Мен И.Тасмағанбетовке қайта арыздандым. Мәселе шешу үшін қазіргі Астана әкімі Әсет Исекешевке жіберілді деген жауап алдым. Әсет мәселені шешетін шығар деген үкілі үмітте отырғанымыз да, абайтану ғылыми-зерттеу институтына жер берілмейді деген ресми шешімін жіберді. Қазіргі абайтанудың тағдыры Астана әкімінің қолында тұр. Өйткені, инновация деп шулап жатырмыз ғой. Себебі, Еуропалық деңгейден асып түспесе кем түспейтін абайтану ғылыми-зерттеу институты мемлекет бюжетінен бір тыйын да алмай жер телімі берілсе болды өзін-өзі қаржыландыра алады. Оның үстіне Абай мұрасын затшылдық дүниетанудан арылтып, әлемді Ұлы Сана билейді деген жаңа рухани рельске түсірер едік.
Бұл әрекет жолына түсуге оған біздің тілек білдірген азаматтық сезімі алаулаған кәсіпкерлеріміз білегін сыбанып даяр отыр. Бізге мемлекеттен қаржы аламыз деп тіленудің қажеті жоқ. Биліктегілер осы инновациялық құбылысты ұға алмаса, оларды өмір ағысынан артта қалған, алдын көре алмайтын пақырдың өзі деген саяси бағаның берілетінін сезінуі керек. Бәрі бір ерте ме, кеш пе абайтану ғылыми-зерттеу институты Астанада ашылмай тұра алмайды ашылады.
Ол – уақыт талабы. Астана әкімі бұл жағынан да ойласа, абыройы асқақтап, республикадағы ғылыми-зерттеу орта­лықтары өзін өзі қаржыландыратын, жаңа инновациялық жолға түсіп бюжет жүгі де жеңілдене түсер еді.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *