Мұнай құбыры – сенімді қолда

242

ҚазТрансОйл мен КҚК серіктестікті нығайтуда

Мұнай-газ секторы еліміз үшін негізгі кіріс көздерінің бірі болып қала береді. Алайда, көмірсутегінің басымдығы оның нарыққа шығу мүмкіндігімен ғана айқындалады. Бұл тұста мұнай экспорттаудың бірегей бағыты – Кас­пий құбыр консорциумы екендігі сөзсіз. Енді Қазақстан аумағында КҚК-Қ мұнай құбыры жүйесінің нысандарына қызмет көрсетуді «ҚазТрансОйл» ұлттық операторы жүзеге асырады.

Жақында екі компанияның жетек­­шілері – Димаш Досанов пен Николай Горбань қол қойған құжатқа сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ 2018-2023 жылдар аралығында Қазақстан аумағындағы КҚК мұнай құбыры жүйесі нысандарына техникалық, жөндеу, апатты жағдайларға әрекет ету қызметтерін көрсететін болады.
Мұнай мен газды өндіру оларды нарыққа жеткізу мүмкіндігінен бөлек элемент ретінде өмір сүре алмайды. Бұл ретте КҚК – қазақ­стандық көмірсутек экспорты үшін ірі күре тамырдың бірі болып отыр. Бұл келісімшарт – ҚТО атынан квазимемлекеттік сектордың мұнай құбырын пайдалану бойынша халықаралық консорциуымына қызмет көрсетуінің жарқын мысалы. Сонымен қатар қазақстандық мұнай өндіру үшін тасымалдың сенімділігі өте маңызды. Тараптар арасында келісімшартқа қол қою барысында энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов осылай деді.
«ҚазТрансОйл» АҚ өз қызметінің тарихында КҚК мұнай құбырына алғаш рет қызмет көрсетеді. Өткен жылдың қазан айындағы Каспий құбыр консорциумы Тендерлік кеңесінің шешімімен «ҚазТрансОйл» АҚ жоба бойынша мердігер ретінде таңдалып, құжат уақытын созу мүмкіндігімен 2018 жылдан 2023 жылға дейін, яғни бес жылға бекітілді. Келісім сомасы – 23 млрд теңге. Жобаның әлеуметтік салаға да әсері зор. Мысалы, Атырау облысында желілік құбыршы, слесарь, механик, электрик, басқа да мамандықтар бойынша 248 жұмыс орны құрылмақ. Инфрақұрылым дамып, салық түсімі де артады. Сөйтіп, қызметтестіктің синергетикалық әсері Қазақстанға мол пайда әкеледі.
– Біз үшін КҚК құбыры секілді ірі халықаралық жобаға қатысу үлкен құрмет. Қызмет салаларының ұқсастығына қарамастан ҚТО мен КҚК бәсекелестер болып табылмайды және бүгінгі келісімшартқа қол қою ұзақ мерзімді өзара тиімді қатынастардың бастауы болып отыр. Бұл сондай-ақ ҚТО мен КҚК халықаралық деңгейде танылған брендтер екендігін көрсетеді, – деп атап өтті Д.Досанов.
Компаниялар 17 жылдан бері тиімді әріптестік орнатқан. Екіжақты қарым-қатынастар 2001 жылы КҚК операторлық қызметі басталғаннан бері жалғасып келеді. Атап айтсақ, жүк жөнелтушілердің КҚК мұнай құбырына ену мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін «ҚазТрансОйл» АҚ өзінің «Атырау» мұнай айдау станциясында қосымша нысандарды іске қосты. Соның көмегімен КҚК жүйесіне Өзен – Атырау, Кеңқияқ – Атырау, Мартыши – Атырау мұнай құбырлары, сол секілді темір жолмен келетін көмірсутегі шикізаты ауыстырылып тиеледі.
Жалпы, еліміздің магистральді мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы «ҚазТрансОйл» компаниясы Қазақстан – Қытай, Атырау – Самара, Ақтау кемежайында танкерлерге және темір жолмен жіберу үшін сыйымдықтарға құю жолымен, сол секілді КҚК жүйесіне жүкті ауыстырып тиеу секілді бес бағыт бойынша ішкі нарық пен экспортқа мұнай тасымалдау қызметін атқарады. Сонымен қатар Қытай және Өзбекстан бағыты бойынша Ресей мұнайының транзитін жүзеге асырады. Бұдан басқа, «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС, «МұнайТас» АҚ, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Торғай Петролеум» АҚ-қа тиесілі мұнай құбырларын пайдалану бойынша қызмет көрсетеді.
Қазірде «ҚазТрансОйл» АҚ-қа Қазақстан аумағында КҚК нысандарына техникалық қызмет көрсету бойынша мердігер қызметтерін қауіпсіз әрі сенімді беру мақсатында тараптар іс-шаралардың жол картасын әзірлеген.
– Бүгін қол қойған Техникалық қызмет көрсету жөніндегі келісім­шарт біздің компаниялардың табысты қызметі үшін маңызды рөлге ие. Біз қауіпсіз еңбек және жеке құрамның әлеуметтік қорғалуы, келешек ұрпақ үшін табиғатты қорғау және біздің компания орналасқан аумақтарда тұрғындар өмірін жақ­сартуға тырысу секілді ортақ құн­дылықтар негізінде болашақ­та бір­лесе тұрақты дамудың нақты жар­қын келешегін белгіледік, – деді өз ке­зегінде Н.Горбань.
Консорциумның иелігіндегі 1,5 мың шақырымға созылып жатқан Теңіз – Новороссийск құбыры Қа­зақстанның батысындағы мұнай кендерін Қара теңіз жағалауларымен байланыстырады. Теңіз – Новороссийск бағыты бойынша Қазақстанның экпортқа арналған мұнайының үштен екіден көп бөлігі, сонымен қатар ресейлік кен орындарының шикізаты тасымалданады. Оның ішінде Каспийде орналасқан кен орындары да бар. КҚК теңіз терминалы жағадан айтарлықтай алыс жерде танкерлерге қолайсыз ауа-райына қарамастан қауіпсіз жүк тиеуге мүмкіндік беретін үш мықты айлақ құрылғысымен жабдықталған.
Консорциум басшысы ҚТО-мен ұзақмерзімді серіктестікті, Атырау облысымен ортақ мүддені ерекше атап өтті.
– Құбыр жүйесіне техникалық қызмет көрсету, пайдалану бойынша біз бұл істі кәсіби мамандар атқаруы қажет деп шештік. ҚТО осындай кәсіби команда болғандықтан, бұл жұмысты табысты игеріп, компанияларымыздың қауіпсіз әрі сенімді жеткізу бойынша басымдықтарын орындауды қамтамасыз етеді деп есептейміз, – деді Н.Горбань.
Өткен жылы КҚК 55,107 млн тонна, яғни 2016 жылғыдан 24,4%-ке артық мұнайды экспортқа жіберген. Биыл бұл көрсеткішті 60 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 20 млн тонна мұнай жөнелтілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *