ОРТА ТОЛСЫН, АҒАЙЫН!

430

Павлодар облысының Ертіс ауданы Ресеймен шектес. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, көршілес мемлекеттің елдімекендері Ертістен таяқ тастам жерде. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі жақтың ауылы аралас, қойы қоралас болатын. Екі ортада сауда-саттық бар еді. Қазір де бар. Бірақ бұрынғыдай емес. Қазіргі бір байқалғаны – тарихи отанына көшіп жатқандар көп. Оларды ешкім тықсырып жатқан жоқ. Көршілес елдімекендерде тұрып жатқан туысқан-бауырлары көп, соларға жақындағысы келетін шығар, бәлкім. Әркімнің өз қалауы. Оның үстіне қалаға қарай көшіп жатқандар да көп. Оларды да түсінуге болады. Балалары мен немерелерінің қасында болғысы келетін шығар, күстаналаудың жөні жоқ. Ұрпағының жоғары оқу орындарында білім алғанын қалайды, олардың қалада жұмыс істегенін қош көреді. Дұрыс-ақ. Балаларының ертеңгі күнін, болашағын ойлаған ата-ана осындай қам-қарекет жасап жатса, кім қарсы болсын?!.

Мұны неге айтып отырмыз? Мұндай үрдіс екінші бір күрделі жағдайды қалыптастырып отыр. Алтын бесік ауылдар қаңырап бос қалып жатыр.Осындай көріністі көргенде жүрегің ауырады. Өйткені ауылмен бірге мектеп, балабақша да жабылатыны айтпаса да түсінікті. Тілдік орта жоғалады. «Солтүстік өңірдің шалғай ауылындағы жалғыз бастауыш мектеп жабылды» деп өткенде ғана тағы бір ақпарат тарады. Себеп – мектепке баратын бір ғана оқушы қалған. Бір балаға бола мектепті ұстап отыру мүмкін емес.Мемлекеттің қаржысын шығарып, мектептің әрі директоры, әрі мұғалімі болып отырған маманды да ұстау қисынсыз. Сол себепті оны білім бөлімінің басшылары басқа оқу мекемесіне ауыстырудан басқа амал жоқ деп шешкен. Ал жалғыз оқушының әке-шешесі баласының білім алуы үшін кіндік қаны тамған ауылдан көшуді қош көрмеген. Олардың қаусаған қарт ата-аналары да атақоныстан көшуді қаламаған көрінеді. Оның үстіне жан сақтап, күнкөріс көзі болып отырған азын-аулақ малды да көзі қимаған ғой. Ауылды жағалап, болар-болмыс қаражат ұсынып жүрген алып сатарлар жоқ емес, бар. Бірақ олардың ұсынып отырған азын-аулақ ақшасына басқа жерге барып қоныстанғаннан кейін күнкөріске жететіндей мал-мүлікті сатып алудың қисыны келмейтінін ұғынған ауылдың байырғы тұрғындары алыпсатарлардың аулақ жүруін өтінген. Ал мектеп табалдырығын аттауға тиісті екінші және үшінші балаларға әлі үш-төрт жыл бар. Бірі – төрт жаста, екіншісі – әлі екіге де толмаған. Үлкен ұлды мектебі бар ауылдардың біріне жіберіп оқытатындай ағайыны жоқ, барлық аға-бауыры осы ауылдың айналасында. Сөйтіп мектеп жасындағы бір баласын қалай оқытсақ екен деп жас ата-ананың шақшадай басы шарадай болған екен.

Мұндай жағдай көпке таңсық емес. Әсіресе, республиканың солтүстік облыстарында мектептердің жабылып жатқаны былай тұрсын, ауылдардың қаңырап қалғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатқалы қашан. Бәрі де сол тіршілік пен күнкөрістің қамы. Егін егіп, төрт түлік өсіріп, күнкөрістің қам-қарекетін жасауға болар еді-ау, бірақ балаларының болашағын ойлаған ата-аналар амалдың жоқтығынан мектебі бар ауылдарға қарай қоныс аударуға мәжбүр. Кейбір ата-ана ағайын-туысын жағалап, балалары солардың үйінде жатып оқып жүр. Бұл да көкейкесті мәселені түпкілікті шешудің жолы емес. Сонда осы өзекті мәселені оңтайлы шешудің жолы қандай? Осы туралы ойымызды ортаға салайық.

Алдымен айтарымыз, ауыл – қазақтың қаймағы, баға жетпес байлығы, тіліміз бен дініміздің, салт-санамыздың қайнар көзі. Мұны ұлт зиялылары бұрын да айтқан, қазір де жағы талмай айтып жүр. Бірақ соған жеткілікті мән беріп жатқанымыз шамалы. Сондықтан да мүмкіндігінше ауылдарды сақтап қалуға тырысқан абзал. Ол үшін не істеген жөн?

   Бұл ретте Елбасымыз жақсы бастама көтерді ғой. Тығыз орналасқан оңтүстіктің халқын солтүстік облыстарға көшіріп, үй-жай, жұмыс беріп, балаларының лайықты білім алуына жағдай жасау жөнінде билік басында отырғандарға нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысының осы бастамасы маған да үлкен ой салды,- дейді Ертіс ауданының әкімі Серік Батырғожинов. –Өзім әдейілеп оңтүстікке екі-үш рет бардым. Тұрғындармен сөйлестім, пікірлестім, ой-жоспарларын білдім. Қазақстанның қай жері болсын тұрмыс-тіршілікке қолайлы ғой, біздің жаққа көшіп келуге көбі қарсы емес. Ағайын-туысқанының ортасында отырғаннан кейін оларға да алаңдайды. Бір жағдай бола қалса жақын жер емес Ертіс ауданы жетіп келе қоятындай. Бірақ, шынын айту керек, оңтүстік бала өсімі жағынан жоғары өңір ғой, әр отбасыда кем дегенде төрт-бес бала бар. Ертең олар ержетіп, бойжеткен соң өз отбасын құрады. Ата-анасы бөлек шығарып, үй-жайын жасап беруге тырысады. Оңтүстікте тұрғын үй тұрғызу қиын емес, баспана салатын жер телімін алу қиын. Бос жатқан жер жоқ. Халық тығыз. Ал біздің жаққа көшіп келетін болса мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын айтып түсіндіреміз. Тіпті бірнеше отбасы Ертіс ауданына алдын-ала келіп, елдің, жердің жағдайын өз көздерімен көрді. Мал өсірумен, егін шаруашылығымен айналысқанды қалап отыр.Олардың қалау-тілектерін барынша орындауға тырысамыз. Оған мүмкіндік бар. Әсіресе балаларының мектептен қол үзіп қалмағанын ойлайды. Қоныс аударып жатқан ағайынға «Көш көлікті болсын» деп барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жасап жатқан жайымыз бар.

       Ауылды, қазақы ортаны, қазақ мектептерін сақтап қалудың бір жолы осы. Елбасының осы тапсырмасын ойдағыдай орындауға белсене атсалысқан абзал. Бұл елдің, жердің, мемлекеттік тілдің болашағын ойлау деген сөз. Бұл – баршаға ортақ іс. Сондықтан одан шет қалмағанымыз жөн.

     Қазақ ауылдарын сақтап қалу үшін жастар мен жас отбасылардың сонда барып қоныстанатындай патриоттық сана-сезімдерін оятып, ынта-жігерлері мен қызығушылығын қайрау қажет. «Жастар ауылға бармайды, қалада өмір сүргенді қалайды» дейтіндер да табылатынына таласымыз жоқ. Бірақ бәрі емес. Ауылды қалайтындар, ауылға барып жұмыс істеуге көңіл хошы бар жастар да жүр олардың арасында. Биліктегілер және жастармен жұмыс істейтін ұйымдар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі тиіс. Олар ауылдарға барса болашағы жоқ деп саналған қазақы елді мекенде бала саны мен оқушылардың қатары артатыны айдан анық. Мектептер де жабылмас еді. Бұл – айтуға оңай, әрине. Бірақ ұлтымыздың болашағын ойласақ осы мақсатта белсенді, табанды жұмыс жүргізу қажет.

Оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан қандастарымыздың арасындағы жас отбасыларды келешегі жоқ деп саналған ауылдарға қоныстандыруды ойластырған жөн. Тіпті оңтүстіктің тұтас ауылын солтүстіктегі ауылдарға қоныстандырудың картасы жасалса да артық болмас. Сонда олар жаңа елді мекенге тез бейімделіп, тұрмыс-тіршіліктерінің тез арада түзеліп кетуіне мүмкіндік туар еді. Ең бастысы, қазақы ауылдар мен мектептер сақталып қалады.

Кешегі кеңестік кезеңде ауылдарда мал баққан ағайынның балалары орталықтағы мектеп-интернаттарда жатып оқитын еді ғой. Ата-ана баласы үшін алаңдамайтын. Осы оң тәжірибені де жандандыру қажет-ау. Осындай жағдайда әке-шеше балаларының білім алуы үшін туған ауылдарынан амалсыздан қоныс аудармас еді.

Орта толсын, ағайын!

                                                                             Ғалым ОМАРХАН.

АСТАНА.

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *