Қазақстанда жыл бойы 185 мыңнан астам адам қан тапсырды

159

Әлемде қоғам санасына адамзатқа қан мен қан өнімдері қажет екендігін жеткізу үшін, және де адамдардың өмірін құтқарып жатқан донорларға алғыс білдіру үшін Дүниежүзілік донор күні аталып өтеді.

«2017 жылы 80 мыңнан астам қазақстандық науқасқа 360 мың рет қан құйылды, ал 185 мың адам донор атанып, шамамен 220 мың рет қан тапсырды»,- деп Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәлімдейді.

Соңғы 10 жылда Қазақстанның қан қызметі үлкен реформаларды өткергендіктен, дамыған елдермен бір қатарда келе жатыр. Қазақстанда 470 астам медициналық ұйым трансфузиялық көмек, яғни қан қую қызметін көрсетеді. Астанада заман талабына сай қажетті медициналық және зертханалық талдау жүргізетін құрал-жабдықтармен қамтылған «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» жұмыс атқарады. Бұл жерде донорларға қажетті жағдай толық жасалған. Донор қанын зертханалық тексеру толық аппараттандырылған түрде, халықаралық стандарттарға сай атқарылады.

Елде барлық қанға мұқтаж адамдарға қан жеткілікті болуы үшін 1мың тұрғынға шаққанда 40-тан кем донор болмау керек.

Қан тапсыру қоғам үшін ғана емес, донорға да пайдалы процедура. Қан тапсырған адамдар үшін донацияның бірнеше артықшылықтары бар. Мысалы, донор ВИЧ/СПИД, В және С гепатиті, мерез, гемоглобин мөлшері, қан тобы мен резус-факторын анықтау сияқты талдау нәтижелерін тегін алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар мектептен, әскери қызметкерлер жасақтан, жұмысшылар, орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмыстан босатылады. Соның өзінде кез-келген адам донор бола алмайды. Өйткені, олар қан тапсырар алдында қатаң дәрігерлік және зертханалық тексеруден өткізіледі.

Ересек адамның ағзасында шамамен 5,5 л қан болады, бір процедурада донор бар-жоғы 350-450 миллилитр қан тапсыра алады. Жалпы, донор болып, қан тапсырып отыру адамның өз денсаулығына да өте пайдалы екенін айта кету қажет. Қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарып, жүрек-тамыр, қатерлі ісік ауруларына және тұмауға өте сирек шалдығады. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, өзге жанның өмірін сақтап қалады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, тұрақты түрде қан тапсырып отыратын адамдардың орташа өмір ұзақтығы 5 жылға артады.

Окінішке орай, донорлық қан жеткіліксіз болып, науқастардың өмірі қыл үстінде тұратын да жағдайлар жиі орын алып жатады.

— Мұндай жағдайларда дәрігерлер кімге қан кұю қажет, ал кімге қажет еместігін шұғыл шешулері керек. Осындай жағдайлардың салдарынан операциялар, химиотерапия курстары кейінге шегеріліп, науқастарда эритроциттер, яғни қандағы қызыл түйіршектердің жетіспеушілігінен пайда болатын қаназдық, тромбоциттердің жетіспеушілігімен байланысты қан кету және қан кұйылу орын алып жатады. Донор қанының жоқтығы өмірге қауіп төндіретінін ойдан шығармауымыз қажет, — деді «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Гүлзира  Жібекенова
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы
бойынша филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және
өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *