Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанда саяси баспана беруге болады

853

Бүгін www.abai.kz сайтында Талдықорған қаласында уақытша тергеу изоляторында отырған Сайрагүл Сауытбай туралы мақала жарық көрді.   www.abai.kz сайтының тілшісі Нұргелді Әбдіғанидың айтуы бойынша, Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан Талдығқорған қаласында өтіп жатқан оның тергеу процесіне қатысып шыққан. Адвокат қандасымыздың жағдайы жақсы деген пікірде.

Естеріңізде болса, Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбай Қазақстанға қоныс аударып, азаматтығын алған отбасы, балаларымен қауышу үшін 22 мамырда шекара бұзып, заңсыз асып  келген болатын. Содан бергі бір айдай уақыт аралығында Талдықорғанда тергеу изоляторында отырған Сайрагүлдің ендігі тағдыры Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қолында. Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында оған Қазақстанда саяси баспана беруге әбден болатындығын жазған еді:

«Сайрагүл Сауытбайдың ҚР аумағына кіретін заңды құқығы болмаған. Себебі оның ҚКП (Қытай коммунистік партиясы болар) мүшелеріне шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжатын тартып алған (балабақша меңгерушісі болып жұмыс істеген).

Сәуір айында Қытайдың шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктердің көмегімен «Қорғас» ШЫХО-ға кіретін жалған рұқсатнама жасап алып, шекараны заңсыз кесіп өткен» – дейді.

Енді осы сөздерге назар аударсақ, шекараны кесіп өту фактісі екі айға жетпейтін уақыт аралығында, яғни сәуір айында орын алған. Сонда қалай, осы уақыт ішінде Қытай жағы «шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктерді» анықтап, оларға сот үкімін шығартып, ол заңды күшіне еніп үлгерген бе? Қытайда сот үкімі шығарылмаған адамды айыптап сөйлеуге заң мүмкіндік бере қалған жағдайдың өзінде, Қазақстанның заңы бойынша ол мүмкін емес, бұл жерде біздің ҰҚК өз заңымызды басшылыққа алуы керек.

Одан кейін, балабақша меңгерушісі Қытайдан шығуға болмайды, оның төлқұжаты тартып алынған деген не сөз? Біз сонда шынымен Қытай жағының бұл уәжімен келісіп, өз қандастарымызды осылай оп-оңай жығып бере салмақпыз ба? Егер ол Қытайдың қауіпсіздік органдарында қызме етсе түсінуге болады, ал балабақша меңгерушісі біз білмейтін қандай мемлекеттік құпияны жария етуі мүмкін?

Сонымен қатар, Қытайдан Қазақстанға төлқұжатсыз, бір реттік рұқсатнамамен өте алады дегенге өз басым сенімсіздікпен қараймын. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, адамның жеке басын сәйкестендіру (идентификация личности) төлқұжат арқылы жүзеге асырылады. Ал, рұқсатнама төлқұжатты алмастыра алмайды. Осыған байланысты, Қазақстан тарапынан шекара қызметі өкілдеріне қатысты Сайрагүл Сауытбайдың ҚХР-дан ҚР-ға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды ма екен, әлде іс тек қана Сайрагүлге ғана қатысты қозғалып отыр ма деген заңды сұрақ туындайды менде.

Әрине, әзірге ол іске тікелей араласа алмаған соң, қолда бар ақпарат бойынша болжам жасау ғана қолдан келеді, дегенмен қазір барлық БАҚ өкілдері бұл мәселені барынша таратып қоғамназарына ұсынбаса, ҰҚК шекара қызметі Сайрагүл Сауытбайды Қытайға беріп жіберуі әбден мүмкін нәрсе, ол өздерінің профильді заңдарымен нақты көзделген.

Сондықтан, заңгер ретінде Сайрагүл Сауытбайға немесе оның туыстарына менің тарапымнан нақты ұсыныс, ол – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия алдында Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана сұрау!

Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырап жатқаны қазіргі таңда бүкіл әлемге мәлім, оның үстіне ҰҚК жауабынан ақ көрініп тұрғандай балабақша меңгерушісі қызметін атқарғаны үшін, елден шығуға тиым салу фактісінің өзі ақ, Сайрагүлдің азаматтық құқығын аяққа таптау болып табылады.

Сонымен қатар, бұл мәселеге адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен Асқар Шакировтың да назарын аудару қажет. Сайрагүлдің мында, Қазақстанда заңды некедегі күйеуі және кәмелетке толмаған балалары бар екенін есте ұстайық.  Сайрагүл Сауытбайдың өзі әзірге Қазақстанның азаматы емес шығар, бірақ ол бірінші кезекте АДАМ! Әншейінде, боқтан өзгенің бәріне араласатын, ал қазақ мәселесіне келгенде жұмған аузын ашпайтын омбудсменнің біз үшін пайдасы бар ма, жоқ па сыналатын кезі келді.

Бұл мәселені, бір Сайрагүлдің туыстарының мойнына артып қоймай бүкіл ел болып, қоғам болып көтеруіміз қажет! Сонда ғана нәтиже б олуы мүмкін! Сонда ғана қандасымызды АЖАЛДАН АМАН АЛЫП ҚАЛА  АЛУЫМЫЗ  мүмкін…» 

– деп жазған болатын белгілі заңгер.

 

Е. Байнұр




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *