Импакт-факторлы журналға қалай мақала беруге болады? «Жалған» немесе «қоқыс» журналдар дегеніміз не?

379

2018 жылдың қаңтар айында Elsevier баспа корпорациясы Scopus базасына енетін репутациясы төмен журналдардан базасын тазалады. 2017 жылдың қаңтарында Scopus 299 журналды базасынан сызып тастаса, биыл оның саны – 424-ке жеткен.

2016 жылы қазақстандық ғалымдардың біразының мақаласы осындай «қоқыс» журналдарда жарияланып үлгерген. 2016 жылы Scopus базасынан шығып қалған International Journal of Environmental and Science Education журналында еліміздің 200-ден астам ғалымы мақаласын шығарып, докторлық диссертациясын қорғап, профессорлық атаққа қол жеткізіп, Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінетін ғылым гранттарына қол жеткізіп үлгерген.

2017 жылы қазақстандық ғалымдар жаппай мақаласын шығарған Man in India журналы да Scopus базасынан сызылып қалды. Бұл журналда қазақстандықтардың 116 мақаласы жарық көрген екен. Олардың арасында  Ұлттық университеттердің ректорлары, ҚР Ұлттық академиясының академигі, Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтының директорлары бар.

Scopus базасына енетін журналдардың сапасына жауап беретін Elsevier агенттігінің сарапшылары мазмұны күмән тудырған журналдарды бірден тізімнен сызып тастамайды. Олар қандай журналдарды тізімде қалдыру немесе қандай журналдарды тізімнен алып тастау туралы шешімін 6 айдан 2 жылға дейінгі зерттеуінен кейін шығарады. Алайда осы уақыт аралығында ақша табуды көздеген «қоқыс» журналдар қазақстандық ғалымдардың мақалаларын жариялауға жанын салып бағады. Мұндай журналдарда мақалалар ақылы түрде жарияланады. Олар атақты ғалымдардың рецензиясынан өтпейді. Шынайы журналдарда мақалаларды тегін шығару мүмкіндігі басым. Алайда, ол мақалалар ұзақ уақыт рецензияланады әрі бір жылдың ішінде жариялану мүмкіндігі төмен.

Е. Байнұр




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *