Қазақстанның сыртқы қарызы қандай? Ол несімен қауіпті?

747

Қазақстан Үкіметі мен квазимемлекеттік сектордың жалпы қарызы – 55,5 млрд. долларға жетті Бұл Ұлттық қордың барлық активінің 96,2 пайызы.

Есеп комитетінің сарапшыларының пікірінше, бұл елдегі қаржылық тұрақсыздыққа бастайды.

«2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген қарыз 14 трлн теңге болды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 18,9 пайызға артық. Ол ІЖӨ-нің (ішкі жалпы өнім) 27,1 пайызына жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда, 2,1 пайызға жоғары болған», — делінеді Есеп комитетінің есебінде.

Жалпы, сарапшылардың пікірінше, бұл қарыздардың ішінде ең қауіптісі — ол көзге көрінбейтін қарыздар. Яғни, мемлекет кепілдік бермеген, алайда жеме-жемге келгенде оны мемлекет төлеуге мәжбүр болатын қарыздар. Мәселен, қаржы сарапшысы, Экономикалық зерттеулер ұлттық бюросының директоры Қасымхан Қаппаров көзга көрінбейтін қарыз деп мемлекеттік компаниялардың сырттан алған қарыздарын атайды.  Заң бойынша, бұл қарыз мемлекеттің қарызы болып саналмайды. 2016 жылғы зерттеу бойынша, фирма аралық қарыздардан өзге сыртқы қарыз — 60 миллиард долларға жеткен.  Жекеменшік компаниялар мен банкілердің сыртқы қарызы — 37 миллиард доллар болса, квази-мемлекеттік сектордың  қарызы — 23 миллиард долларға жеткен. Бұл барлық қарыздың — 40 пайызын құрайды. 6 миллиард доллар — мемлекеттік банктің, соның ішінде Қазақстан даму банкінің қарызы болса, қалған 17 миллиарды — Самұрық Қазына әл-ауқат қорыныкі. Мемлекет бұл қарыздарды өз мойнына алмаса да, 2015, 2016 жылдары мемлекеттік компаниялардың қарызын өтеуге көмектескен. 2015 жылы Ұлттық банкі «Қазмұнайгаз» компаниясының қарызын төмендету мақсатында 4 миллиард доллар төлеген.

Екінші рет, 2015 жылдың Мамыр айында «Қазақстан темір жолы» компаниясының сыртқы қарызын төлеу үшін 350 миллион доллар көлемінде көмек берілген. Оның 50 миллиард теңгесі Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорынан төленеді. Яғни, зейнетақы қорының жинақтары мемлекеттік компанияны қарыздан құтқаруға пайдаланылған. ҚТЖ компаниясының шеккен зияны — 460 миллиард теңгеге жеткен.

Сол себепті Қазақстанның сыртқы қарызының ішінде екінші деңгейлі ірі банкілер мен мемлекеттік компаниялардың қарызы да қауіп төндіретінін ескергеніміз абзал.

Есенгүл Кәпқызы, www.kazgazeta.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *