«Астананың» Чемпиондар лигасындағы жаңа жорығы басталды

435

Ертең «Астана» Президенттік клубының құрамына кіретін «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасындағы жорығын бастайды. Елордалықтар «Астана Арена» стадионында Монтенегро чемпионы «Сутьесканы» қабылдайды, деп хабарлайды Kazgazeta.kz  «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

Сонау 1927 жылы құрылған «Сутьесканың» тынысы, шыны керек, Монтенегро мемлекеті 2006 жылы Сербиядан және Монтенегродан бөлініп шыққаннан кейін ашылды. Рас, 2003 жылы Интертото кубогына қатысқан. Алайда, жарқын жеңістерімен есте қалған жоқ. Ал бүгінде Монтенегроның үш дүркін чемпионы. Одан бөлек, екі рет күміспен күптеліп, бір рет қолаға қол жеткізген. 2003 жылғы Интертото кубогын санамағанда еурокубоктарға 2009 жылдан бері үзік-үзік қатысып келеді. Дегенмен, Чемпиондар лигасы болсын, Еуропа лигасы болсын, ешқашан бірінші іріктеу кезеңінен ары асып көрмепті.

Өткен маусымда «Сутьеска» ішкі додада тек бес-ақ ойында жеңілістің кермек дәмін татып, 10 команданың ішінде төрт айналымнан тұратын чемпионатта 79 ұпаймен чемпион атанған. Басты бәсекелесі «Будучность Подгорицаны» 22 ұпайға артта қалдырыпты.

Команданың бас бапкері – Никола Ракожевич. 60 жастағы маман кезінде өзі де осы клубта 12 жыл доп теуіпті. Кейін бас бапкер ретінде де бірнеше жыл жаттықтырған. Қазіргі құрамы екі серб футболшысын айтпағанда кіл «қаратаулықтардан» құралған.

Соңғы ойынын «Сутьеска» 25 мамыр күні ішкі аренадағы басты бәсекелестерінің бірі «Будучностьқа» қарсы түзде өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жеткен.

Ал ертеңгі ойында төрешілік тізгіні венгриялық қазы Ференц Каракоға тапсырылып отыр. Бұл арбитр қазақстандық футболсүйер қауымға жақсы таныс болуы тиіс. Жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Люксембургке қарсы кездесуде қызмет етсе, былтыр Еуропа лигасының іріктеу кезеңі аясында «Широки Бриег» – «Ордабасы» матчында төрелік жасаған. Сондай-ақ, биыл Болгария – Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы ойында да бас қазының қызметін атқарды. 35 жасар Ференцке қос қапталдан отандастары Иштван Альберт пен Петер Кобор көмектеседі.

«Сутьесканың» формасы көк және ақ. Сондықтан, ертең «Астана» алаңға сары түсті жейдесін киіп шығуы әбден мүмкін.

Ойын «Астана Аренада» 11 шілде күні сағат 20:00-де басталады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *