«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ прокатқа шығады

820

Америкалық «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Новый мир» Продакшн» ЖШС-мен бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фильмінің солтүстік америкалық өңірде дистрибуциялау құқығын сатып алды. Естеріңізге сала кетейік, аталған фильм былтыр Қазақстан атынан «Оскар» және «Алтын глобусқа» «Үздік шетел фильмі» аталымында ұсынылған еді. 

Бас продюсері Әлия Назарбаева, ал режиссері Ақан Сатаев  ̶  бұл фильмге кіл жұлдыздарды жинаған. «Анаға апарар жол» фильмінде еліміздің танымал актерлері  ̶  Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов түскен. Бұл эпикалық фильмнен көрермен қазақ отбасысының 1930 жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі бастан кешкенін көре алады.

«Продюсерлерімізге, түсірілім тобымызға және маған да біздің фильмімізді АҚШ кинотеатрларында көрсететіні үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмімізден шынайылықты көріп,  ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын», ̵  деді бұл турасында режиссер Ақан Сатаев.

«Біздің компания бірнеше ұрпақтың тарихын баяндайтын, оның үстіне «Оскар» премиясына ілгеріде ұсынылған терең драманы прокаттауды мақтан санаймыз», ̵  деген «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясының бас директоры Пол Д. Хэнкок сөзін былай деп жалғастырды: «Америкалық отбасылар, әсіресе аналар қауымы жанға жылу сыйлайтын фильмді қуана көреді».

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ (ірі мегаполистерге де) шектеулі прокатқа биыл күзде түрлі қазақстандық және азия-америкалық ұйымдардың қолдауымен шығады.

Айта кетелік, «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесері 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде өтіп, сыншылардың оң бағасын алған. Сонымен қатар, фильм түрлі кинофестивальдерден жүлде алып, халықаралық көрсетілімдері өткен. Соңғысы  ̶ 19 шілде күні Вашингтондағы Карнеги институтында Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен жасалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

Анықтама:

«World Wide Motion Pictures Corporation» (www.wwmpc.com) 1977 жылы негізі қаланған. Көркем,  деректі, қысқаметражды фильмдерді және телевизиялық жобаларды дистрибуциялаумен, өндірісімен, қаржыландырумен және әзірлеумен айналысады. Компанияның әр жылдардағы топ-менеджерлері көптеген кино және телевизиялық жобаларға, «Оскар» және «Эмми» премияларын және басқа да беделді жүлдедерді жеңіп алған жобаларға кеңес берумен, продюсерлеумен айналысады.

Анықтама: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – Көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеңде тұрған өнімдермен (оның ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм және «Ленфильм» киностудияларымен бірлесіп,  Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеңінде отандық көркем фильмдердің 80 пайызын аталмыш Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы «Қазақфильм» атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияның көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *