«Ң» мен «Н»-ның шайқасы немесе асаба-әртістердің «әләуләйі» мен «хәләуләйі»

547

Ақпарат құралдарының ішіндегі ең танымалы да, беделдісі де қазіргі заманда – телеарналар. Өйткені жасамыс қарт та, жас өркен балдырған да, студенттер де теледидер жаңалығы мен түрлі хабарларды қалауынша көре алады. Өкініштісі сол, көпшілік телеарналар қазір бас­тарын ауыртып, балтырларын сыздатпау үшін төрт қабырғаның ішінде отырып, студиялық хабарлармен түрлі тақырыптағы «шоулармен» ғана шектелуді әдетке айналдырып алды. Шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігі, ондағы жастардың тағдыры, ауылдардағы ауыз су мен жолдардың жайы, жергілікті жерде мал өнімдерін өңдейтін шағын болса да цехтар ашып, елді жұмыспен қамту жайы, ауыл спорты, мәдени ошақтар жұмысы, ұлттық салт-дәстүр, құсбегілік пен атбегілік жайы мүлде ұмыт қалып барады. Кейде осы тақырыпқа қатысты бірен-саран хабарлар беріліп қалады. Осы жағын қазіргі телеарна басшылары болашақта дұрыстап ескерсе дейміз.

Оны айтасыз, мән мен мазмұнды, білім мен парасатты кейінге ысырып, түр мен сымбатқа, опа мен далапқа орын берген арна басшылары Ң мен Н-ды ажырата алмайтындарды ең іргелі арналардың эфирінде тайраңдатып қойғанын қайтерсің?!. Кейбір телехабар жүргізушілері біздіҢ дегенді біздіН, облыстыҢ дегенді облысты Н, ЕлбасыныҢ дегенді елбасынын, әкімніҢ дегенді әкімніН деп қысылмай хабар таратқанда ана тіліміздің қадірінің қашқанына өкінесің.
Ол аздай таңның атысынан кештің батысына дейін берілетін дүниелердің дені той-томалақтан аспайтын асаба-әртістердің «әләулә-ай-ы» мен қытықтап күлдіре алмайтын арзан, арсыз, өсек пен төсектен ұзай алмайтын әзіл-оспақ, аясы тар мәнсіз тақырып пен әлсіз қойылымдар болып барады. Бұл жайлы мерзімді басылым беттерінде бұрын да жазылған. «Баяғы жартас – сол жартас…» Қаламды қолға қайта алдық.

Және бір ерекше айтатын мәселе – көк сандықты қосып қалсаң, күлегеш әртістердің мәні жоқ қылжақтаған ойын-сауығы… Тағы бір арнаны көрсең, атақты бір әртістің туфлиін көрсетіп жатқаны… Енді бір телеарна әйелі босанған әншінің шашылып төгілген тойын… Келесі арна ақсарайдай үй салып, бағасын естісең есің ауатын қымбат көлік мінген жердегі «жұлдыз-әртіс» қыздың мәз болып тұрған сәтін көрсетеді. Тіпті елге енді ғана танылып келе жатқан, бірақ өзін «жұлдыз» санайтың әнші-бишілердің қайда демалатыны, тойлардан қанша ақша табатыны, Астана мен Алматыда қанша үйі, неше автокөлігі барына дейін бүкіл республикалық эфирде қайта-қайта көрсетеді. Бұл не үшін керек? Кімге қажет? Жоқ әлде нәпақасын зорға ­тауып жүрген ой мен қырдағы әлеуметтің жүйкесіне тиіп, қоғам наразылығын арттыру үшін бе?

Бармақтай кезімізден телеарна қызметкері болғандықтан бұл салаға мемлекет тарапынан қаншама қаржының бөлінетінінен аздап болса да хабарымыз бар. Қоғамдық сананы, ұлттық намысты оятып, адал өмір сүрудің жолдарын көрсететін, ұлтымыздың тілі мен дінін, ділін, салты мен дәстүрін сақтауға бүгінгі жастарды баулитын негізгі ықпалды ақпарат құралы – осы телеарналар. Ал біз жоғары да айтқандай, ондағы жоспарлар мен жобалар төрт қабырғаның ішіндегі студиялық хабарлармен, әртістердің қасы-көзін, киім-кешегін, көлігі мен үй жайын ғана насихаттаса ондай хабарлар ұлтымыздың болашағы үшін не береді? Тым құрыса әлгі әзілкеш әртістер өнерін пайдаланып, қоғамдағы кемшіліктерді көрсетпей ме? Ел арқасында байыған дүниеқор шенеуніктердің, бар байлығын арқалап шетел асқандардың, елдің емес, қара басының ғана қамы үшін барын салып жүрген тойымсыз басшылардың қылықтарын сахналық қойылымдар арқылы неге әжуаламасқа? «Ақпарат құралы күшті елдің болашағы зор» дегенді айтып кеткен кешегі кемеңгерлерді бір сәт еске алып қойсақ қайтер еді!?.
Жоғарыда айттық. Телеарналардың кез келген тақырыпты қамтуға мүмкіндігі бар. Бірақ біз армандаған сол талап қашан орындалар? Тележурналистер шынымен ізденіп, уақыт талабын тани білсе тәрбиелік мәні зор, сан салалы тақырыптар республикада да, облыс­тар мен аудан, ауылдарда жетерлік. Бірақ соны көре алмай-ақ келеміз. Оның басты себебі – телеарналардағы әріптестеріміздің ізденбейтіндігінде.
Бір ғана мысал: Алматы қаласының өзінде үлкен музейлер мен Әбілхан Қастеев, Дінмұхамед Қонаев, Мұхтар Әуезов, Сағадат Нұрмағамбетов секілді даңқты тұлғалардың мұражай үйлері бар. Ұлттың сақталып қалуына өлшеусіз үлес қосқан сондай көрнекті тұлғаларды ұрпақ есінде қалатындай ғажайып бағдарламалар жасауға болады ғой… Бар билік қолында тұрса да, қарапайым ел секілді көп қабатты үйдің үш бөлмесінде ғана ғұмыр кешкен әйгілі қайраткерлердің тектілігі мен қызметтегі адалдығын өздері тұрған мұражай үйін көрсету арқылы қаншама тәрбие, өмірге азық боларлық тәлім беруге болар еді. Жоғарыда айтқанымыздай, өзін «жұлдыз» санайтын әртіс бала мен әнші қыздың туфлиін көрсеткенше өмірімізге өнеге боларлық әлгі мұражай жайлы танымдық телехабар ұйымдастырылғаны жөн емес пе?

Бұл мәселені білгішсініп емес, өзегіміз өртенгендіктен қозғап отырмыз. Әйтпесе әлгі жердегі «жұлдыздар» біздің ата жауымыз емес. Олардың өскенін, өнерде жолдары болғанын қалаймыз. Бірақ телеарналар бүгінгі қоғамның тамырын басып, заманның бет-пердесін ашып, жұрттың көңілінен шығатындай мәселелерді қозғаса дейміз. Пайдасы тиер сын болса, білетіндердің аузымен әр салаға қатысты орынды кеңестер айтылса, басқару тізгінін ұстап отырғандардың ұмытқанын есіне салып, елдің сөзін сөйлесе, ұлттың намысын жыртса оның несі айып? Біздің түйіндеп айтар ойымыз осы. Көп білем дегендіктен емес, бүгінгі кейбір телеарналардың тақырып аясының тарлығын, ел қамы үшін батылдыққа бара алмайтынын айтпауға болмай тұр. Ұлты мен ұрпағының өткенін жоқтап, болашағына қатысты ойларын айтып, қыруар істер атқарып кеткен, әлі де арамызда қомақты істер атқарып жүрген қаншама белгілі қаламгерлер бар. Солардың да ел алдындағы еңбегін, болашақ шығармашылық ­жоспарын көрермендермен бөлісудің мүмкіндіктерін жасауға неге болмайды?.. Қазақтың атын әлемге танытқан атақты әншіміз Ермек Серкебаев сынды ірі тұлғалардың өмірінің соңғы сәттерін білгісі келетіндер де аз емес. Өкініштісі, сондай қайраткерлердің жоқтаушылары аздау секілді.
Кезінде Сағат Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз», «Жүректен қозғайық», Сұлтан Оразалиновтың әйгілі қаламгерлермен сырласуы, Ақселеу мен Жәнібек Кәрменовтің ән тарихы, ұлттық өнер мен салт-дәстүр жайлы хабарлары қандай еді, шіркін?!. Қарап отырсақ, олардың оқып-тоқығаны да, тіл мәдениеті мен сөздік қоры да, ана тіліміздің уызына жарыған кемелдігі де бөлекше болатын. Қазір тележүргізушілерді таңдағанда тіліне емес,түріне көбірек мән беріліп, білім деңгейлері ұмыт қалатындай…
Сонда да алдағы күндерден үмітімізді үзбейміз. Мүмкін, көкейде жүрген көп түйткілдің бірі – телебағдарламаларға қатысты ойымыз тиісті орындар мен басшылардың құлағына жетер. Іс оңға басар деген сенім басым.

 Айтақын ӘБДІҚАЛ,
ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *