Медициналық ұйымдар 11 мыңнан астам кемшілікке жол берген

686

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалы жыл басынан бері келісімшарт бекіткен 79 медицина ұйымына 42,9 млрд теңгеден астам қаржы төледі. Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көмек көрсету жөнінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 51%-і деп айта кеткен жөн. Бұл туралы ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров мәлімдеді.

Халыққа көрсетіліп жатқан медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету және пациенттер құқығын қорғау мақсатында қалалық филиалдың сарапшылары үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша, І жартыжылдықта барлығы 106 мыңға жуық науқасты емдеу барысында 11 мыңнан аса (197 млн теңге) кемшіліктер анықталды. Бұл кемшіліктердің 22 проценті медициналық қызмет құнын негізсіз көтеру, 17 проценті – емдеу-диагностика шараларын жүргізу стандарттарынан ауытқу салдарынан пайда болған. Сонымен қатар, жыл басынан бері жоғары технологиялы медициналық қызмет түрлерін көрсететін жеткізушілерге, гемодиализ орталықтарына мониторинг жүргізілді. 2018 жылдың соңына дейін қан орталықтарына, онкологиялық қызметтерге, оңалту, паллиативтік көмек, сондай-ақ емханалық-амбулаторлық көмекке мониторинг жасау жоспарланған. Ал қызметтерді сатып алу жөніндегі келісімшартты бұзғаны үшін қалалық филиал 3 медицина ұйымымен арадағы келісімшартты тоқтатты. Олармен бекітілген келісімшарт сомасы 222 млн теңгеден асады.

— Стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсететін жеткізушілердің жұмысын күн сайын біздің сарапшылар «Медициналық қызметтердің сапасын бақылау жүйесі арқылы» бақылап отырады, ал емханалық-амбулаторлық көмек, жедел медициналық жәрдем, әлеуметтік -медициналық көмек (туберкулез, наркология, психиатрия, ВИЧ/СПИД), патолого-анатомиялық диагностика, қан және оның құрамдас бөліктерін даярлау қызметін көрсететін жеткізушілердің жұмысын сарапшылар тікелей барып тексереді — деп Н.Қабдықапаров түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, егер медициналық қызметтерді пайдаланушылар тарапынан жеткізушінің қызметіне немесе көрсетілген қызмет сапасына қатысты арыз немесе шағым түсіп жатса, Қор сарапшылары жоспардан тыс мониторинг өткізе алады.

Қазіргі таңда қалалық филиал жұмысы кестеге сай, медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптары бойынша жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін медицина ұйымдарына 41,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Гульзира Жибекенова,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАК Астана қаласы бойынша

филиалының Тұрғындарды ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *