«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған конференция өтеді

1422

 29 тамыз күні сағат 10.00-де Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 27 жыл толуына және «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты кездесу-конференция өтеді.

29 тамыз – Семей полигонының жабылған күні. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша, бұл күн – Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілген. Бұл дата елімізде жыл сайын аталып келеді.

Осы орайда аталған іс-шараға «Жапония-Еуразия елдері» қоғамының президенті Такеда Масанао бастаған делегация, Халық жазушысы, Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов, «Қазақстан-Жапон» достық қарым-қатынас қоғамының президенті Жібек Әмірханова, екі елдің ядролық қаруға қарсы қоғамдық ұйымдардың белсенділері, БҰҰ өкілдері, дипломаттар, қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, белгілі ғалымдар, ҚазҰАУ оқытушы-профессорлары мен журналистер қатысады.

Жиын барысында «Ядролық қаруды жою қозғалысы туралы», «Хиросима мен Семей қалаларының арасындағы қарым-қатынас», «Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендердің бүгінгі жағдайы: медициналық, әлеуметтік, қоғамдық оңалту формалары» сынды тақырыптар талқыланып, алдағы мақсаттар белгіленеді.

Университет Жапониялық әріптестермен рухани, ғылыми-инновациялық бағытта тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Институтта «Невада-Семей» тақырыбын қамтитын «Таза планета» музейі бар.

Оқу орнында озық зерханалық технологиямен жабдықталған «Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы» жұмыс істейді. Халықаралық бағдарламалар бойынша біріккен зерттеулер жүргізу мақсатында Жапонияның «JEOL» және «Shimadzu» концерндерімен жасалған Меморандум негізінде құрылған бұл орталық университеттің 80 жылдығын атап өткен 2010 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің қатысуымен ашылған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *