Елбасы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитін ашты

194

Саммитті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, саммитке Өзбекстан  Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның қатысып отырғанын ерекше атап өтті.

Бүгінгі басқосуға құрметті қонақтардың келуі Түркі кеңесінің ықпал аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізетін уағдаластық пен шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі арта түсетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы кіріспе сөзінің соңында Түркі кеңесінің төрағалығын Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке табыстай отырып, оның жаңа мәртебесіне орай табыс тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты.

Осыған байланысты бүгінгі саммит ұлттық ойын түрлерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне арнайы тоқталды.

Сондай-ақ, Елбасы  «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзербайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілгенін, Түркі Академиясы сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарылғанын және  4 мың жылдық мәдени мұрамыз жинақталған «Аталар мирасы» порталы іске қосылғанын, сонымен қатар, туризм саласында «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылғанын атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай, Мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы  жобаларын әзірлеуді ұсынды.

Мемлекеттер басшылары саммиттің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы.

2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешім.

3. Венгрияға Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім.

Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылдады:

1. Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы.

2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі.

3. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *