Кедейлер көбейе бере ме?

1207

Құрметті оқырман!

www.kazgazeta.kz сайтында «Депутат мінбері» айдары жұмыс істейтін болады. Бұл айдарда Қазақстан Парламенті депутаттарының әрбір батыл мәлімдемелері топтастырылады. 

Қазақстан Респбликасының Премьер-министрі

Б. А. Сағынтаевқа

 

 Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Халықтың нақты кірістерін талдау қорытындысы бойынша, 2016 жылы оның 4,5%-ға қысқарғанын көреміз. Бұл соңғы 16 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.   Қазақстандағы қазіргі орта жалақы -136777  теңге, яғни  416 доллар. Бұл 2007 жылдан бері құлдыраумен келе жатыр. Халықтың шынайы жалақысы (медианды) бұдан екі есе төмен. Өкінішке қарай, бұл  көптеген жалдамалы қызметкерлердің жалақысы. Бірақ, бұл туралы ешкім ештеңе демейді.

Біз қатарына енуге талпынып жүрген Экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінің (ОЭСР) жалақысын былай қойғанда, дамушы елдердің жалақысымен салыстырғанның өзінде ауыз толтырып айтар ештеңеміз жоқ. Кіріс деңгейі бойынша біз Иран, Қытай, Мексика және Тайланд елдерінен көш төменбіз.  Бір таңқаларлығы, ресми статистика бойынша, күнкөріс минимумынан төмен кірісі бар халықтың үлесі 2007 жылдан бері әжептәуір азайған. Бар-жоғы – 2,5%. Демек, біздегі кедейлік деңгейі АҚШ пен Еуропадан да төмен. Бұл шындыққа сай емес.

Біз кедейлік пен төменгі жалақының адамдардың өмір сүру деңгейіне кері әсерін тигізіп қана қоймай,  олардың дұрыс тамақтану, демалу, емделу және балаларына қажетті деңгейде білім беру мүмкіндіктерін де шектеумен келе жатқанын мойындауымыз керек. Бұл қазір өзекті экономикалық проблемаға айналды. Қазіргі кірістеріне орай, адамдар барынша үнемдеуге және тұтыну заттарын азайтуға тырысуда. Егер бұған дейін тұтыну деңгейін тұтыну несиелері арқылы ұстап келген болсақ, қазір бұл да мүмкін болмай отыр. 2016 жылдан бері ол – 4%-ға азайған.

Талдау қорытындысы бойынша, соңғы екі жылда ұсақ сауда-саттық құлдырап кеткен (2014 жылдан 11 миллиард АҚШ долларына дейін төмендеген).  Бұдан сауда мен қызмет көрсету саласындағы адамдар ғана емес, өндіріс те зардап шегуде. Отандық шикізат емес өнімнің экспортқа шықпай жатқанын ескерсек, оны өткізудің жалғыз жолы – ішкі нарық екені айтпаса да түсінікті.  Азаматтардың төлем қабілетінің төмендеуінің салдарынан біздің кәсіпорындар қысқаруға мәжбүр. Бұл жалақының қысқаруына апаратын тағы бір жол. Сөйтіп, Қазақстан «төмен кірістердің қақпанына» түсіп қалды.

Әлеуметтің жағдайын бағалаудың қазіргі жүйесі – тұтыну корзинасы, күнкөріс минимумы, ең төменгі жалақы – қисық айна секілді, шынайы картинаны көрсете алмайды, шындықты бұрмалап жеткізеді. Халықтың тұрмысын жақсартудың орнына Үкімет мәліметтерді бұрмалаумен айналысты. Біз бұл туралы әлденеше рет айтқан едік. Осы себепті де, әлеуметтік саясатты өзгерту мақсатында коммунистер бірқатар шараларды қолға алу идеясын көтерген болатын. Бұл ұсыныстармыздың бірнешеуі Елбасының мерейтойлық Жолдауында көрініс тапты да. Онда күнкөріс минимумы қазақстандықтардың шынайы тұтыну шығындарымен сәйкес болуы керектігі айтылады. Сөйтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан 3 миллион адамның базалық зейнетақысын, мүгедектер мен асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған төлемдер, атаулы көмек және мүгедек балалардың асыраушыларына төленетін көмектердің артуына ықпал жасалды.

Президент 2018 жылдың 1 қаңтарынан атаулы көмек көрсетудің деңгейін күнкөріс минимумының 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтеріп, оның жаңа форматын енгізуді тапсырды. Басты әлеуметтік стандарт күнкөріс минимумын есептеудің ескі, таптауырын методикасын мүлдем өзгерту көзделуде. Бұл стандартқа ең төменгі жалақы көлемін, базалық зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерді есептеу тәуелді. Оның көлемі тауарлардың шынайы бағасы мен оларды тұтыну нормаларына сай болуы керек.

Коммунистер Үкімет кедейлік шегін күнкөріс минимумына теңестіру қажет деп есептейді әрі бұл стандартты жасақтау жұмысына қол ұшын созуға әзір.

Біз елдегі  кедейліктің шынайы деңгейін қайта есептеу қажет екенін жақсы түсінеміз. Әрі бұны аса өзекті әлеуметтік проблема ретінде мойындауымыз керек. Біз шындыққа тура қарағанымыз абзал, онсыз экономиканы жандандыру мүмкін емес.

Кедейлік бүгінде жұмыссыздықтың салдарынан ғана белең алып отырған жоқ, сонымен қатар жұмыс істейтін кедейлер пайда болды, яғни жалақының төмендігі салдарынан да белең алды. Бұрын «орта тапқа» жататындар ақырындап кедейлер қатарын толықтыруда.

Сол себепті, кедейлікпен күрес бағдарламасын отандық тауарды тұтынуға ынталандыру бағдарламасымен ұштастырған абзал. Бұл экономика секторын дамытуда айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» мәліметі бойынша, тек 2016 жылы Қазақстан 3 миллиард долларға дейін азық-түлік өнімдерін сырттан әкелген: айталық, сиыр етін 36 миллион долларға, сарымсақ пен жуаны – 35 миллион долларға, картопты – 16 миллион долларға, помидорды – 70 миллион долларға әкелген екен. Егер біз кешенді бағдарлама дайындап, ауылшаруашылық тауарларын өз елімізде өндіруге күш салсақ, онда елден сыртқа шығатын қаржының тоқтауына да ықпал етер едік, ел азаматтарының еңсесін тіктеуіне де жағдай жасар едік.

 

Құрметпен, «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттары

А.Конуров

Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

М.Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздыков




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *