Павлодарда сәбилер арасында еңбектеуден чемпионат өтті

417

Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығында еңбектеуден чемпионат аяқталды, деп хабарлайды kazgazeta.kz  baq.kz  агенттігіне сілтеме жасап.

Павлодарда осымен екінші рет өткізіліп отырған  Baby Start чемпионаты жас ата-аналардың қызығушылығын тудыруда.

Шараның негізгі мақсаты – «мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң аясында жас отбасылар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау.

«Биыл жарысқа қатысуға 40 өтініш келіп түскен. Чемпионат ережесі бойынша ата-аналардың жасы 35-тен аспауы керек. Ал сәбилердің жасы 6 ай мен 1,5 жыл аралығы болуы тиіс. Бұл жас – сәбилердің белсенді еңбектей бастайтын кезі. Сайыста бастысы баланың назарын аудара білу. Кейбірі тез еңбектейді, кейбірі баяу, біреулері жол ортасында басқа жаққа көңіл бөліп кетеді. Арасында анасын немесе әкесін көрсе, тек соларға қарай еңбектейтін балалар да бар», — деді ЖБДО бөлім басшысы Әсия Мұқашева.

Baby Start ұйымдастырушылары өткен жылғы жарыс 4 сағатқа созылғандықтан кезеңдерді қысқартқан. Тағы да бір өзгеріс – демеушілер тарапынан алты номинацияның қосылуы болды. «Алға baby» атты бірінші кезеңде сәбилер 10 метр қашықтықты еңбектеп өтті. Ата-аналар үшін балаларын ойыншықтарымен назарларын аудартуға рұқсат етілді.

Екінші кезеңде  отбасының барлық мүшесі еңбектеп жарысты. Сайыс қорытындысында үздік сәбилер мен олардың ата-аналары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарға  шаң сорғыш, электр шәй қайнатқыш,  жеміс шырынын сығатын құрылғы сыйға берілді.

Сондай-ақ қатысушыларға балаларға арналған киімдер мен ойыншықтарға сертификаттар тапсырылды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *