Оразалы СӘБДЕН, академик: Банк жүйесін реформалаудың уақыты жетті

579

– Қазақстанда 1998 жылдан зейнетақы қорлары жұмыс істеп келеді. Осы қорларда шілденің 27-сі күнгі мәлімет бойынша 8 444,29 миллиард теңге активтері бар. Оның 407 миллиарды зейнетақы төлемдері болса, 378,18 миллиарды инвестициялық табыс көрінеді. Депутаттар зейнетақы қорларының инвестициялық табысы төмен дейді. Бұған не дейсіз?
– БЖЗҚ ең кем дегенде жыл сайын 6-7 пайыз кіріс алып келетін жол табу керек. Егер осы мөлшерден төмен табыс тапса оны инфляция жеп қояды. Ал нақты табыс табу үшін табыс таппайтын, тәуекелі жоғары салаға қаржы салмау қажет. Табыс табатын логистика, оның ішін­де теміржол транспорты, табыс беретін өндірістің кейбір салаларына, инфра­құрылымдар, соңғы IT технология сияқты табысты салаларға салған жөн.
– Депутаттар зейнетақы активтерін жеке адамдардың өз депозиттерінде сақтағаны жөн еді деген ой айтты. Бұл мүмкін бе?
– Мәселе ақшаның қайда сақталға­нында емес. Сол сақталған ақшаның ары қарай қалай жұмсалуында болып отыр ғой. Зейнетақы жарнасын сақтаған банк банкрот болып жабылып қалса салымшы зейнетақы алмай өте ме? Жалпы шетелдің тәжірибесін алып қарасақ, зей­нетақы қорына жиналған бос ақша қара­жаты пайдалы жұмыс істеп тұруы керек.
– Бір кездері зейнетақы активтері жеке қорлардың қолында еді. Бірыңғай қорға жинақталып, Ұлттық банкінің тікелей бақылауына алынғалы да біраз уақыт болды. Бұл реформа өзін-өзі қалай ақтады деп ойлайсыз?
– Шынын айтқанда, тәуелсіздік алғалы зейнетақы қоры бойынша тыңғылықты мемлекеттік жүйелі жұмыс болмады. Алғашында барлық қорды мемлекет басқару керек деп мемлекеттік қор құрылды. Содан соң нарықтық экономика, барлық салада бәсекелес болу керек, сонда тиімді жұмыс жасайды деп жеке қорларға берілді. 20-ға жуық қор зейнетақы жарнасын өздеріне тартып, білгенін жасады. Сол қорлар кімнің мүддесіне жұмыс істеді? Әрине, халықтың емес, байлардың. Билікке жақын байлар жеке қорлар ашты. Осылай менеджменттің жоқтығынан ха­лықтың ақшасы талан-таражға түсті. Ол халық наразылығын тудырды, халық наразылығынан қорыққан билік ол ақшаға мемлекет кепіл болу керек деп қайта бірыңғай зейнетақы қо­рын құрды. Бұл жүйені де жөндеп басқара алма­ғандықтан тағы жекенің қо­лына бермекші. Жалпы зейнетақы жүйесі жетім баланың күйін кешуде. Бір тұ­рақты жүйеге келу үшін бұл мәселе тура­лы Парламентте тыңдау өткізіп, бір жағынан Үкіметті, екінші жағынан Ұлттық банкты, сонымен қоса эксперт ре­тінде білікті мамандарды шақырып, заңға түбегейлі өзгерістер енгізіп шешу керек.
– Былтырдан бері зейнетақы қорла­ры­ның активтерінің қолды болғандығы мен банкротқа ұшыраған Әзербайжан банкісіне салынуы туралы даудан көз ашпай келеміз. Сіздіңше, зейнетақы активтерін қайда салған тиімді?
– Әзербайжан банкімен болған оқи­ғаны сыбайлас жемқорлық деп есеп­теймін. Әрине, зейнетақы қорын­дағы қаражатты болашақта табыс алып ке­летін мемлекеттік және шетелдік ком­паниялардың құнды қағаздарына жұмсайды. Тиімді болу үшін қаражатты тәуекел мен табыс арақатынасын сақтай отырып тиімді әртараптандырып орналастыру қажет.
Әзербайжан банкіне қатысы бар заңды және жеке тұлғаларды жауапқа тарту керек. Бұған бақылау жасайтын, заңның іске асуын қадағалайтын Үкімет пен Парламент қайда қарады? Бұларда өз жауапкершіліктерін мойнына алу керек.
– Биыл екінші деңгейлі банкілерді сауықтыру үшін зейнетақы активтерінен 200 миллиард теңге жұмсау көзделуде. Былтыр Қазкомды сауықтыру үшін Ұлттық қордың активтері жұмсалған болатын. Бұндай тәжірибе тағы қандай елде қолданылады? Бұдан біз ұтамыз ба? Ұтыламыз ба?
– Біз осылай зейнетақы активтеріне қол салуды тоқтатуымыз керек. Банктердің банкрот болуы зейнетақы қорына не қатысы бар. Ондай жұмыс істей алмайтын ­банк­тер жабылуы қажет. Жалпы бізде қаржы, банк жүйесі өте нашар жұмыс істеуде. Мысалы, жылда өтетін Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша уақытында мақтап келген қаржы жүйесі бойынша 114-орындамыз. Бұл дегеніміз – Қазақстан соңғы орындарда. Жалпы банк жүйесі туралы айта кететін болсақ, халықтың банктерге өкпесі қара қазандай ­5 млн жерлесіміз несиеден көз ашпай отыр. Оның басым бөлігі төлей алмай, ипотекаға алған пәтерлерінен, бизнестерінен айрылуда. Жалпы банк жүйесін реформалаудың уақыты жетті. Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктердің жауапкершіліктерін күшейтетін өзгерістер енгізу керек. Теңгенің құнсыздануы, сол себептен тұтыну тауарларының толассыз қымбаттауының аяғы кедейшілікке апарып соғуда. Мемлекет өзінің әлеу­мет­тік міндеттерін халық алдында орын­дамай тұр. Еліміздегі осындай келең­сіздіктерден Ұлттық банк төраға­сын отставкаға жіберуге негіз жоқ емес.

Әңгімелескен 
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *