Қазақтың Шерағасы: Қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады

785

Шерағаңның арқасында азаттықтың алғашқы жылдары қазақ телевизиясы ашық ой, пікірталастың алаңына айналды

Қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған, көркемсөз өнерінің көрнекті өкілі болған Шер-ағамыздың орны әрбір қазақ үшін қашанда ерекше болып қала береді. Қазақтың бір алыбы Шерхан ағамыз қашанда өзінің шыншылдығымен, ерекше мінезімен, қайсарлығымен, шешендігімен ерекше болатын. Шер ағаның шекпенінен талай мықты, кәсіби әрі мемлекетшіл мінезді журналистер буының тәрбиелеп өсірді. Шерағаның турашыл мінезі біздің әдебиетіміз бен журналистикамызды тура жолға қоюға үлкен әсерін тигізді. Ол Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ұлттық телевизиямыздың негізін қалауға атсалысып, бұл салада да ұлт мүддесіне қызмет ете білді. Азаттықтың алғашқы жылдары қазақ телевизиясы ашық ой, пікірталастың алаңына айналды, ұлтты толғандырып, халықты ойландыратын, мазалайтын талай өткір де өзекті мәселелелер талқыланды. Сол уақытта қазақ телевизиясы ұлттың рухани ошағы ретіндегі қызметін атқарды. Сол себепті, бүгін біз — қазақ қоғамы тура және әділ сөйлейтін алыбымыздан айрылдық.

Ерлан Қарин, «ҚазТРК» президенті

Мір кем дүние!

ӘЛІКҮНГЕ ДЕЙІН САҚТАУЛЫ ҚОЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫ
немесе Шерағаңның қазасы күнгі сыр

Кеше, Шерағаңның өмірден өткенін есітіп, көңіл қаяулы, жүрек сыздаулы болды! Түнде ол туралы Есенғали жақынмен пікір алысып, ой бөлістік. Өмір өтпейді, ол мәңгілік. Оған ғұмыр жетпейді, оның баре…е..еп, барып үзілетінін айттық. Дүниенің мір кемдігі де сонда екендігі (жалғандығы) әңгімеленді.
Өмір — мәңгілік! Ғұмыр — қысқа! Сонда, адам Шерағаңдай алып тұлғаға айналғанда, оның ғұмыры өмірге ұласып, мәңгілікке айналады. Ұлттық құбылыс-құндылық саналады.Ендеше, Шерағаңның ендігі ғұмыры, өмірге айналғаны соның көрінісі. Мәңгілік.
Содан, бүгін таң ертең Аян аға, Талғат дос(Айтбайұлы), үшеуміз Шерағаңның үйіне бардық. Жол -жөнекей Шерағаңды еске алып, қайдағы-жайдағы жақсылы-жаманды, азды-көпті жайларды тілге тиек еттік. Менің есімде ерекше қалғаны, Талғаттың «қойдың құлағы » туралы әңгімесі болды. Әлқисса,1995 жылы Талғат Жеңістің 50 жылдығын Шерағаңмен бірге іссапарда қарсы алады. Әдеттегідей, тойгершілікте Шерағаңның алдына бас тартылмай ма?! Тартылады! Ардақты аға, қойдың бір құлағын журналистік ырым сөзін айтып, Талғатқа ұсынған. Ол болса, рахметінен соң, оны бір тістейді де қағазға орап қалтасына салып алады. Бұ да қазақы жақсы ырымның бір түрі. Алматыға қайтарда да, поезд үстінде, әлігі қалтадағы құлақ әңгіме болып, иіскерлікке сұраушыларға да берілмейді. Сол құлақ бүгінгі күнге дейін сақталып, жарғақтанған, ақжемденген қатпа күйде тұр екен. Міне, қазақы ырым! Құлақ ұсынған адамға, оның ішінде Шерағаңа деген құрмет осындай болса керек.
Сонымен, Шерағаңның ұл-қызына, ағайын-туғанына көңіл айттық. Жолда, жұмысқа жалғыз-жарым жаяу келе жатып көңіл төрінен көтерілгені, талантты журналист, іскер інім Жарылқап Қалыбай «Шіркін-ай «Аңыз адам » журналының алдағы санын Шерағаңа арнаса ғой «деген ой болды. Біздей жастардың талайына шапағатыңыз тиіп, күн нұрындай шуағыңыз түскен еді, Шераға! Енді, Алла, жаныңызға жәннатты жазсын!!!

Аманхан Әлімұлы, «Ақиқат» журналының бас редакторы

Еліне, ұлтына бойындағы барлық күш-қуатын, білім нәрін, ойының сөлін беріп кетті

«Шер ағаның «Қызыл жебесін» оқымаған жан кемде-кем шығар. Шерхан аға ғажап талант пен терең ойдың иесі еді. Жазушының әр шығармасын оқыған сайын керемет сөз байлығына, ойдың кемелдігіне тәнті боласың.

Өмірге келу болған соң, кету де бар екен. Кімнің дәм-тұзы қашан бітерін бір Жаратушы ғана біледі.

Ал, Шерхан аға өз ғұмырында еліне, ұлтына бойындағы барлық күш-қуатын, білім нәрін, ойының сөлін беріп кетті. Қаншама жастарды өзінің шығармасындағы кейіпкерлер арқылы, адамдыққа, адалдыққа, ерлікке, батылдыққа тәрбиелеп кетті.

Рахмет сізге Шер аға!

Жаныңыз Жәннатта болсын!
Бақұл болыңыз ағатай!

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ атынан Шерхан ағаның отбасына, бекем болыңыздар,-дей отырып қайғыра көңіл айтамыз.

Жанболат Мелдешов, «Халықаралық Болашақ

бағдарламалар орталығының» президенті

 

АРЫСТАН

… Бөріден—
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді,—
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан…

Хош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады…

Қоян да, түлкі де енді би болады.
Біздің ми сол не айтса иланады.
… Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол—бізді ит пен құсқа қимағаны.

Көз жасы омырауда тарамдалған,—
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алмағайып заман болған.

Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде, күңіреніп,
Қайтейін, жоқ қой, бірақ, Арыстаны…

Серік Ақсұңқарұлы, ақын.

Қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған, көркемсөз өнерінің көрнекті өкілі болған Шер-ағамыздың орны әрбір қазақ үшін қашанда ерекше болып қала береді. Қазақтың бір алыбы Шерхан ағамыз қашанда өзінің шыншылдығымен, ерекше мінезімен, қайсарлығымен, шешендігімен ерекше болатын. Шер ағаның шекпенінен талай мықты, кәсіби әрі мемлекетшіл мінезді журналистер буының тәрбиелеп өсірді. Шерағаның турашыл мінезі біздің әдебиетіміз бен журналистикамызды тура жолға қоюға үлкен әсерін тигізді. Ол Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ұлттық телевизиямыздың негізін қалауға атсалысып, бұл салада да ұлт мүддесіне қызмет ете білді. Азаттықтың алғашқы жылдары қазақ телевизиясы ашық ой, пікірталастың алаңына айналды, ұлтты толғандырып, халықты ойландыратын, мазалайтын талай өткір де өзекті мәселелелер талқыланды. Сол уақытта қазақ телевизиясы ұлттың рухани ошағы ретіндегі қызметін атқарды. Сол себепті, бүгін біз — қазақ қоғамы тура және әділ сөйлейтін алыбымыздан айрылдық. Қош болыңыз қазақ әдебиеті мен журналистикасының қара нары Шер-аға!

Опубликовано Erlan Karin Вторник, 9 октября 2018 г.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *