Қазақстандықтар Шерхан Мұртазамен қоштасты (ФОТО)

1258

Бүгін қазақстандықтар көрнекті жазушы Шерхан Мұртазамен қоштасты. Алматыдағы  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма  театрында қаламгермен қоштасу рәсімі өтіп, оған тек алматылықтар ғана емес, жер-жерден келген игі жақсылар да қатысты. Белгілі қаламгер, жазушы, журналист Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салуға келген халықтың қарасында есеп жоқ.

Қаралы жиынға иялы қауым өкілдері, жазушылар, қаламгерлер, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және т.б. атқа мінер азаматтар келді.

«Шерағаңның әр еңбектері ел тағдырымен тамырлас. Сонымен бірге ортамызда отырған көптеген абзал азаматтардың рухани ұстазы болған. Қаламгердің қазасын ауыр қабылдадық. Барша қазақстандықтарға қайғыра көңіл айтамын» деген ҚР Мәдениет және спортминистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР президенті Н.Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаралы қауымға көңіл айта отырып, ердің азаматтығына тоқталды.

«Қазақстанның халық жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мемлекет және қоғам қайраткері,  аса көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза  санаулы саңлақтың, тау тұлғалардың  бірі де бірегейі еді. Ол қай қызметте де өзін өзгеден ерекшелеп тұратын ұлтжандылық, мемлекетшілік қасиетін сақтай  білді. Редакторлардың  редакторы атанған,  ол басқарған басылымдардың таралымы артып, оқырмандарының  алғысын алып, ризашылығына  бөленді.Артывнда  өшпейстей із қалдырған, заманынан озып туған  тұлған еді…» деді Б.Байбек.

Сонымен бірге жазушының туған жері Жамбыл облысының әкімі де арнайы келіп, жамбылдықтардың жан жарасын жеткізді.

«Шераға жамбылдықтар үшін тек қана қоғам қайраткері, елдің  ардақтысы емес,  әрбір жамбылдықтың туысындай, жақынындай болған  адам. Сондықтан да бүгінгі қазақлы күні ел елдің тұтқасын жоғалттық деп отырса, соған қосыла отырып, жамлыдықтар өзінің ет жақынын жоғалтты. Шераға зейнетте болғанына қарамастан ел үшін туғанын дәлелдеп, өмірдің тұрмыс-тіршілігіне қарапайым халықтың жағдайына, облысымыздың қоғамдық-саяси тіршілігіне барынша атсалысты. Барынша халықтың жағдайын жақсартуға жұмыс істеді. Ағамыздың арыстандай айбатты болғаны үшін, шындыққа келгенде шырылдап тұрып шегелейтіні үшін, өзі дүниеден озып бара жатса да өлмейтін хаты қалғаны үшін ұмытпаймыз, мәңгі жүректе сақтаймыз» Жамбыл облысының  әкімі Асқар Мырзахметов.

«Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Күллі қазақстандықтарды күңіренткен қаламгердің қазақсы отбасына да оңай  соқпағаны анық. Шерхан Мұртазаның отбасы, бала-шағасы, туған-туысына көңіл айтқан бір топ ел-азаматтарының естеліктері мен қоштасу сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Қанат Бозымбаев,  ҚР Энергетика министрі:

–«Бір кем дүние…» деп жүріп Шерағаң да бұл дүниеден өтті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ерекше үлес қосып, тау тұлға атанды, журналистиканың абызы болды, шәкірт тәрбиеледі. Ұрпаққа мол мұра қалдырды. Қазақтың  нағыз жанашыр азаматы  еді. Жамбыл өңірінде қызметте кезімде  Шерағамен жиі кездесіп, ақыл-кеңестерін алатынмын, әлі күнге дейін құлағымда  сайрап тұр. Бақұл болыңыз, аға… Жаратқан жаныңызды нұрға бөлесін.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: 

–Шерағаның  қалдырған өнегесі көп. Шерағаңның өзі  дәстүр  сабақтастығының арқасында қалыптасқан тұлға болды. Шерағаң  шынында да өмір бойы намыстың найзағайын  жарқылдатып өтті. Әсіресе, Парламент мінберінде ақырып теңдік сұрап, тілімізді, дінімізді, елімізді қорғап ғажайып сөздер  айтқан.  Шерағаң  қашанда ұлттың, елдің намысын ту етті. Қазақтың  өр қалпында өзіне, табиғатына  тән ер қалпында, сері қалпында қалады. Қош, Шераға…

Нұрлан Оразалин,  ақын:

– Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаштың  арыстары қазақты ұйқыдан оятты.  Үнсіздік жалғасып бара жатқан кезде  М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Б.Момышұлы секілді алыптарымыз тізгінді ұстады. Солардың бірі міне бүгін арамызда 90-нан асқан жасы бар, сол алыптардың көзіндей болып, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз тұр. Інісіне тік тұрып, зиярат жасап тұр. Тәуелсіздікке ұмытлған жылдары «60-жылғылар» дейтін тегеурінді, текті топ бар еді. Сол топтың ішінде жұлдызы жарқырап жанған, елі қиналған кезінде  қасырдың болсын қасында тұрып қаймықпай тұрып айта білген  қайсар Шерхан Мұртаза  еді…  Шерағаң  ел үшін ештеңеден аянған  жоқ. Тұлға дейтін биікке қалай  көтерілгенін көрдік. Оның құбылыс болып қазақтың жалпы  әлеуметтік-рухани,  бүкіл болмысын  танытатын  кеңістікте жарқырап қалай  көрінгені көз алдымызда. Мәңгі есте…

Оразалы Сәбденов,  академик:

–Шерхан  Мұртаза туралы көп айтылып жатыр, айтамыз да. Шерхан  Ұлы  Абайдан кейін қазақтың мінін міндеп, жоғын жоқтап, қазақты да, билікті де тура жолға салуға тырысты. Кезінде Жоғары Кеңестің депутаты тіл мәселесіне  келген  уақытта «тек жыланда ғана қос тіл болады» деген. Сонда қазақ халқы ду ете  қалған. Ештеңеден қаймықпайтын… Жер мәселесіне келгенде «жерді сатпаймыз, Жер-ананы шетелге жалға да бермейміз» деп кесіп  айтқан. Елі мен жерінің жоғын жоқтаумен өткен азамат еді…

Сондай-ақ, қоштасу рәсімінде Б.Сағынтаев, Н.Нығматулин, Г.Әбдіхалықова, М.Әшімбаев,  И.Тасмағамбетов, Д.Абаев  сынды ел-азаматтарымен қатар бірнеше облыс, аудан,  ұйымдардың басшыларынан  көңіл айтуы жедел хаттары марқұмның отбасына табысталды.

Шерхан Мұртаза киелі Кеңсайға жерленді.

Авторы: Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Фото авторы: Азамат  ҚҰСАЙЫНОВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *