Райымбек ауданында шаруалар картоптың әр гектарынан 500 центнерден өнім алып жатыр

1035

Биыл Алматы облысында жаңадан құрылған Райымбек ауданының шаруалары картоптың бұрын соңды болмаған өнімділігіне қол жеткізді. Мәселен, «Мирас» шаруа қожалығы әр гектарынан 500 центнерден өнім жинауда. Бұл — осы күнге дейінгі картоп өсіруге бейімделген ауданның тарихында болмаған рекорд, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жетісудың ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру тапсырмасына сәйкес осы бағытта шаруаларға мемлекеттен жан-жақты қажетті қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Мәселен, Нарынқолдың атағы шартарапқа тараған картоптарына деген сұраныс өте жоғары. Картопты қайта өңдеу мен фри картоптарын шығаратын трансұлттық голландиялық «Farm Frites» компаниясының өкілдері Қазақстанды аралап шығып, ақыры осы Нарынқолдың картоптарына тоқталған. Жері құнарлы, теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан, картоп тұқымы сапалы, түрлі ауруларға төзімді. Түні салқын ауданда картопқа әуес зиянкестер жоқтың қасы. Сондықтан оны түрлі дәрі-дәрмекпен улаудың да қажеті шамалы. Картоптары ірі, экологиялық таза әрі сапалы. Міне, осының барлығы Нарынқолдың картоптарын таңдауда шешуші фактор болды.

Мәселен, мұнда жиналған өнім Алматы облысынан өзге, үлкен мегаполис саналатын Алматы қаласы мен Астананы және еліміздің өзге де өңірлерін картоппен қамтамасыз етуде. Сапалы өнімге көрші мемлекеттерден де сұраныстар түсуде. Бұл бірінші кезекте аудан халқының тұрақты жұмыспен қамтылуына, жастардың еңбекке араласып, бос жатқан жерлерді игеруіне — үлкен мүмкіндік. Осы мақсатта аудан басшылығы өз алдына суғару жүйелерін жүргізу арқылы егістікке жарамды жерлердің көлемін арттыруға бағытталған биік межелер қойып отыр. Бүгінде жобаның құжаттары әзір, жұмыстарды жүргізуші мекеме белгілі, алдағы уақытта бұл жоспардың да жүзеге асатыны күмән тудырмайды.

Ауданда картоп өсірумен айналысатын «Өркен», «Ринат», «Еркін», «Руслан», «Ақжол» шаруа қожалықтары да биыл мол өнім жинаудан үмітті. Голландиядан осы өңірге бейімделген картоптың 236 тонна супер элиталық екі сортының тұқымдары әкелінген болатын. Биыл шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің барлығы уақытылы беріліп, жақсы дайындықтың нәтижесінде жиын науқанында қандай да бір кедергілер болмады.

Облыс басшылығы аудан әкімі мен шаруалардың бастамаларын қолдауға әрқашанда дайын. Бөлінген қаражатқа аудандағы 2 сервистік дайындау орталығына қажетті соңғы үлгідегі қуаттылығы мен сапасы жоғары барлық техникалар мен қондырғылар сатып алынды. Одан бөлек, тапсырыс берілген 3 комбайн, 6 трактор, тіркемесі бар Камаз көлігі, 4 дана дәрі шашу агрегаты, 3 дана сорттау және 2 дана қабылдау пункттері жиын-терін науқанына уақытылы жеткізілді. Алдағы маусымда тағы да қажетті техникалар жеткізілетін болады.

Осылайша аудан басшыларының алға қойған картоп өнімінің көлемін 10 есеге арттыру бойынша межелеген мақсаты орындалды деп нық сеніммен айтуға болады. Әр гектардан орташа 30 тоннадан өнім жиналып, қоймаға 2360 тонна тұқымдық картоп салынады. Келесі жылдың жоспары бұдан да ауқымды. Алдағы көктемде шаруалар 780 тонна картоп егуді межелеп отыр.

Ең бастысы голландиялық картоп тұқымының жерсінуіне қатысты шаруалардың күмәні сейіліп, тәуекелге бел буған азаматтардың еңбектері ақталды деген сөз.

Осыған көзі жеткен өзге ауыл тұрғындары да келесі көктемде өздеріне тиесілі жер телімдеріне картоп егуге білек сыбана кіріскелі отыр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *