ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ КӨШІ-ҚОН СИМПОЗИУМЫ БАСТАЛДЫ

232

10 қазан күні Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында «Халықаралық Еуразия көші-қон симпозиумының» ашылу салтанаты өтті, — деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Шараның негізгі мақсаты — түркі елдеріне ортақ  әдебиет пен мәдениетті  жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарымызды сіңіру. Бұл жоба Стамбул Мәдениет университетімен бірлесе ұйымдастырылып отыр.

«Бүгінгі симпозиумның рөлі ерекше. Өйткені, бұл Түркістан облысы құрылып, жаңа облыс орталығы Түркістан қаласы болып бекітілген тұста ұйымдастырылып отырған Халықаралық симпозиум. Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы. Мұнда елдің тағдырына қатысты келелі мәселелер шешілген. Бүгінгі жиыннан да күтеріміз мол», — деді шараны құттықтау сөзімен ашқан Жансейіт Қансейітұлы  қатысушыларды симпозиумның басталуымен құттықтап.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Муса Йылдыз, Стамбул Мәдениет университетінің ректоры, профессор Ихсан Караман, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті, профессор Болатбек Абдрасилов, оқу орнының I вице-президенті Женгиз Томар симпозиумның мән-маңызы жайлы айтты. Б.Абдрасилов: «Бүгінгі алқалы жиын өзекті мәселелерді талқылайтын үлкен платформаның негізін қалады. Осы симпозиумның идеясын біздің университеттің ғалымдары жалғастырып, маңызды мәселелерді шешуге өз үлестерін қосады деп сенемін» — деді. Сондай-ақ, жиынға қатысушы ғалымдар ішкі және сыртқы миграция проблемаларына арналған маңызды мәселелерді талқылады.

«Халықаралық Еуразия көші-қон симпозиумынына» Түркия, Қырғызстан, Босния, Әзірбайжан елдерінен ғалымдар қатысты. Халықаралық шара 11 бағыт (секция) бойынша: әдебиет, БАҚ және мәдени зерттеу, білім, экономика, құқық, мемлекеттік басқару, қоғамдық саясат, саясаттану, әлеуметтану, тарих, халықаралық қатынастар сынды салаларды қамтымақ. Аталған шара Түркістан қаласында 13 қазанға дейін жалғасатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *