Түркістан — түркілердің екі дүниедегі орталығы

191

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев маңызды бір шешімге 2018 жылдың 19 маусымында қол қойды. Ол шешім Оңтүстік Қазақстан облысының атын Түркістан облысы деп деп өзгертіп, оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшірді. Бұл тек Қазақстан тұрғысынан емес, сонымен қатар Орталық Азия, тіпті Түркі дүниесі тұрғысынан маңызды тарихи шешім. Өйткені, мұнымен, бір кезде бүкіл Орталық Азияға үстемдік жасағысы келетін бөгде күштердің ұмыттыруға күш жұмсаған Түркістанның есімі тарих сахнасына қайта оралды.

Сан ғасырлардан бері Түркістан қаласы түркі дүниесінің руханият ордасы болып келген. Мұнда Үрімші қаласынан Ыстамбұлға дейін бүкіл түркілердің рухани жетекшісі Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың және оның ұстазы Арслан Бабтың кесенесінің болуы бекер емес. «Мадинада Мұхаммед, Түркістанда Ходжа Ахмет» деген сөз мұның маңыздылығын айғақтайды. Осы себепті Түркістан қаласы бүкіл түркілердің қасиетті орындарының бірі болып саналады. Қазақ хандары қаза тапқаннан кейін Яссауи бабамыздың қасына жерленген. Кейде суық қыста ұзақ қашықтықта қаза тапқан хандардың жаназалары қыста уақытша жерленіп, көктемде Түркістанға әкелінгені де болған.

Түркі дүниесінде осындай маңызға ие болған Түркістан атауын Кеңес билеушілері ұмыттыруға тырысты. Аймақтағы түркілердің басын қосушы Түркістан атауы алынып тасталып, оның орнына Орталық Азия және Қазақстан аты таратылды. Осылайша, Түркістанның бауырлас халықтары, атап айтқанда қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен халықтарын бөліп бөлшектеп ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап оңай басқаруға болатын еді.

Сонымен бірге, қасиетті Түркістан қаласы мен Яссауи бабамыздың маңыздылығы азайтылып, функциясын жоюға күш жұмсады. Алайда, бұл мақсатқа жол берілмеді. Қазақстан  тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың рухани күшін қалпына келтіру барысында алғашқы қадамды Түркияның  көрнекті президенті Тұрғыт Өзалмен ақыл қосып сонда Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік ортақ университетінің бой көтеруіне мұрындық болды. Міне бұл Түркістан қаласының түркі дүниесіндегі маңыздылығын қалпына келтіру барысындағы ең бірінші қадам болды. Осы қадамның мақсатын түсінбеген кейбір ғалымдар мен зиялылар арасында Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік ортақ университеті сынды ғылыми орталықтың Қазақстанның бас қаласы Астанада немесе Алматы сынды елдің мәдени және коммерциялық қаласында ашылмай, Оңтүстік Қазақстанның түкпіріндегі кішігірім Түркістан шаһарында ашылуы үлкен стратегиялық қателік деушілер соңғы уақытқа дейін болды.

Бұл шешімнің орындылығы аталған университет бой көтерген 1993 жылдан 25 жыл өткеннен кейін енді қана айдай анық ортаға шығып отыр. Осындай көкейкесті шешімнің арқасында Түркістан қаласы тәуелсіздік алған алғашқы күндермен салыстырғанда мәдени орталықтары, қонақ үйлері және даңғыл жолдары болған 262 мың тұрғынымен жоғары деңгейде дамып отыр. Университет сондай-ақ қаланың атына сәйкес миссиясын жүзеге асырып, түркі дүниесінің барлық елдерінен студенттер қабылдап, оларға жоғары деңгейде білім беріп, түркі халықтарының бауырластығы мен ынтымақтастығына ерекше үлес қосып отыр. Түркістан енді маңызды бір орталыққа айналғандықтан, енді оның дамуы одан әрі және жылдамдықпен жалғасады. Оның негізгі кемшіліктерінің бірі болып табылатын халықаралық әуежайдың ашылуымен Түркістан қаласындағы туризмде де үлкен секіріс болады.

Түркістан қаласы және Яссауи кесенесі Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан секілді көрші елдерде де рухани маңызға ие. Осы себептен, қала тек Түркістан облысының ғана емес, сонымен бірге Елбасының “Орталық Азия одағы” идеясы іске асқан уақытта сол одақтың да орталығы болмақ. Сондықтан, бұл шешім осы елдерде де үлкен қуанышпен қарсы алынғанында күмән жоқ.

Түркістанның түркі әлемі үшін маңыздылығын әлемде ең көрнекті түрде қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев айтқан. Оның “Түркістан” деп аталатын ұзын поэмасының алғашқы шумақтары былай деп басталады.

Түркістан — екі дүние есігі ғой,

Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.

Енді осы өлең жолдары, Түркістан облысы құрылғаннан кейін ерекше мән мен мағынаға ие болып отыр. Бұрын Түркістан — екі дүниенің емес, бір дүниенің ғана есігі еді. Яссауи бабамыздың кесенесіне байланысты рухани дүниенің есігі еді. Ал енді Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруынан кейін ол материалдық дүниенің, яғни бүгінгі дүниенің де есігі болды. Яғни, Мағжан айтқандай ол енді “екі дүниенің де есігі”. Бұл Елбасының көрегендігі мен “рухани жаңғырудағы” елге үлгі боларлық салиқалы қадамы. Бұл мүмкін Мағжанның да бір ғасыр бұрын қиын-қыстау күндерде Түркістанның келешекте “екі дүниенің де есігі” болатынын болжаған сәуегейлігі.

Елбасы 1998 жылы елордасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру арқылы бүкіл дүниені таң қалдырған әдемі Астана қаласын өмірге әкелген еді. Енді осыдан 20 жылдан кейін тағы осындай бір қадам басылды деп ойлаймыз. Жақын арада Қазақстанда әлемге таңдай қақтыратын екінші қала бой көтермек. Ол – Түркістан қаласы.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан, көркем өнер университетінің профессоры.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *