Атырау облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

387

1 қараша күні өңір активінің жиналысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа орынбасарды таныстырды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Нұрлан Бақтыбайұлы Таубаев облыс әкімінің жаңа орынбасары болып тағайындалды, — деді Нұрлан Ноғаев.
Бұған дейін бұл қызметті атқарған Сүйіншалиев Жасұлан Асқарұлы осы лауазымнан берген өтінішіне сәйкес өз еркімен босатылды.
Мен Жасұлан Асқарұлына осы қызметте атқарған жемісті және белсенді жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Сіздің жұмысыңыздың барысында облыста көптеген жобалар жүзеге асырылды. Құрылыс және ТКШ саласы жаңа серпін алды. Сізге алдағы уақытта да жаңа жұмыс саласында өз ісіне адал болуға және өз қызметін кәсіби жүзеге асыруға тілектеспін, — деді Нұрлан Ноғаев.
Әкімнің орынбасары болып тағайындалған Нұрлан Таубаевтың тұрғын үй-коммуналдық, автомобиль, құрылыс секторына жетекшілік етуге мүмкіндік беретін үлкен жұмыс тәжірибесі бар.
Мен Нұрлан Бақтыбайұлының тәжірибесі мен білімі қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін пайдалы болатынына сенімдімін. Оның үш жоғары білімі бар. Еңбек қызметінің басында бизнес саласында жұмыс істеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2015 жылы осы департаментті басқарды. 2018 жылдың басынан осы күнге дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Бұл өңір үшін қажетті жобаларды дамытуға бағытталған міндеттерді іске асыру үшін оның білімі жеткілікті екенін көрсетеді, — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Нұрлан Таубаев 1976 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Атырау Мұнай және газ институтын, Қазақстан экономика және құқық институтын, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетін тау – кен инженері, заңгер, экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1995 жылы «Экспресс-Юг» ЖШС ди⁠ректорының орынбасары болып бастаған, 1998-2000 жылдары «Денсаулық» ЖШС және «Ислам» ЖШС ди⁠ректоры болып жұмыс істеген.
2000-2006 жылдары Атырау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2006-2008 жылдары Бәсекелестікті қорғау комитеті Атырау облысының монополияларды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2008-2012 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (монополияға қарсы агенттік) Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы, ал 2012-2014 жылдары Атырау облысы бойынша Монополияға қарсы инспекцияның басшысы болды.
2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Стратегиялық талдау басқармасының бас сарапшысы болып жұмыс істеді.
2015-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды.
2017 жылдан 2018 жылғы 15 ақпанға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы болды.
2018 жылдың 15 ақпанынан бүгінгі күнге дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *