Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер танымал айтыскер ақынмен кездесті

403

Маңғыстау облыстық филормониясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Дәулеткерей Кәпұлымен кездесу кеші өтті. Мемлекеттік қызметшілер және өнер, мәдениет саласының қызметкерлерімен өткен кездесу агенттіктің аумақтық департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Кеш шымылдығын департамент басшысы Нұргүл Жанназарова ашты. Оның айтуынша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын өңірімізде жүзеге асырылуын үйлестіретін орган болып табылады.

Оның мақсаты — Мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық мәдениетін жетілдіру және 2030 жылға дейін мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының моделін өзгерту. Соның аясында бүгінгі шараны өткізу қолға алынған болатын.

Сахна төріне жайғасқан айтыскер ақын сөзін былай бастады: «Құт дарыған — Маңғыстау өңіріне деген құрметім ерекше. Бұл мекенде заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев туған, талай батырлар мен Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Есенғали Раушанов сияқты ақындардың елі. Маңғыстауға ат басын тірегенім — мен үшін үлкен бақыт деп білемін».

Қоғамда рухани құндылықтарды насихаттаудың түрлі жолы бар. Соның бірі — бүгінгі кездесуге шақырылып отырған өнер саласының майталманымен жүздесу.
Сүбелі де сырлы сұхбат түрінде жалғасқан кездесуде біраз мәселе сөз болды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күрес, адалдық, мәдениетті қалыптастыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру, мемлекеттік қызметшілердің тәртібі, қазақ әдебиетінің дамуы, білім саласындағы реформалар және т.б.

Ал алыстан ат терлетіп келген мейман болса, барлық сұрақтарға нақты жауап қайтарып, өзінің ойымен бөлісті. Сонымен қатар, айтысқа қалай келгені туралы сөз қозғады.

«Менің ойымша кез-келген мемлекеттік қызметші алдымен мемлекет мүддесін биік қойса, көздеген мақсатына жетеді. Ең бастысы ары таза болса, еңсесін көтеріп жүре алады. Рас, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің түрлі сынға ұшырайтыны туралы жиі естиміз. Бірақ барлығына бірдей күйе жағуға болмайды, өз ісіне адал қызметкерлерде жетіп артылады. Ең бастысы адал қызмет етіп, туындаған сұрақтар бойынша әділ шешім шығарып, адамгершілік қасиет мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуын тілеймін», — деп жалғастырды сөзін ол.

Ақынмен болған кездесуден мемлекеттік қызметшілер үлкен әсер алғандығы сөзсіз. Көрермендердің қонақкәде болсын деген өтінішін жерге тастамаған Дәулеткерей Кәпұлы домбырасын қолына алып, жырдан шашу шашты.

Кездесуге келгендер айтыскер ақынға сұрақтар қойып, шығармашылығына, жеке өміріне қатысты мағлұматтармен қанығып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты көзқарасын білді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *