Эмир Байғазиннің «Өзен» және «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» фильмдерінің қазақстандық тұсаукесері өтеді

342

Норвегияның астанасында қазақстандық режиссер Эмир Байғазин фильмдерінің ретроспективасы өтті. Осло қаласында қарашаның 13-і мен 18-і аралығында өткен 28-ші Films from the South кинофестивалінің «Режиссердің ерекше портреті» бағдарламасы аясында Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылды. Отандық режиссер «Өзен» және «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» фильмдерінің көрсетілімдеріне қатысып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлады Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.

— 2013 жылы Берлин кинофестивалінде «Асланның сабақтары» фильмін көрдім. Бұл туынды, мен үшін, үлкен құбылыс болды. Эмирдің нағыз талантты режиссер екенін сол кезде-ақ білдім. Сондықтан да Films from the South фестивалі шеңберінде режиссердің фильмдерін көрсетіп отырмыз. Эмирдың фильмдерін көру, мен үшін, нағыз өнермен танысумен тең, — деді фестиваль директоры Лассе Скаген.

Эмир Байғазиннің соңғы екі фильмдерін қазақстандықтар да көре алады. Режиссердің «Өзен» фильмі бүгін, 19 қарашада, 14-ші Халықаралық Ш.Айманов кинофестивалі аясында көрсетіледі. Ал оның «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» туындысын 22 қарашада «CLIQUE» фестивалінде көруге болады.

Үстіміздегі жылдың тамыз айында Румыниядағы Anonimul кинофестивалінде Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылған болатын. Бұл фестивальде отандық режиссерге «әлемдік кинематографтың әсемділігіне жеткен жетістігі үшін» жүлдесі табысталды.

Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды. Ал фильмнің Солтүстік Амирикадағы тұсаукесері үстіміздегі жылы қыркүйек айында  Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді. Жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығымен марапатталды. Фильмнің азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясынды өтті. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына ие болды.

Эмир Байғазин «Өзен» фильмінде режиссер ғана емес, сондай-ақ сценарий авторы, қоюшы оператор, бас продюсер міндетін атқарды. Тіпті, бұл фильмнің монтажын өзі жасаған.

Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). Бұл туынды сценарий кезінде MPA APSA Азия-Тынықмұхиттық киноассоциациясы грантының қолдауына ие болды. 2017 жылы маусым айында бұл жоба алғаш рет Карловы Вары Халықаралық кинофестивалінің кинонарығында танысытырылып, ол жылы қыркүйекте киножоба Варшава халықаралық кинофестивалі кинонарығында Pitch and Meet жобалар байқауында бірінші орынды иеленген болатын. Картинаның пост жұмыстары 2018 жылы жаз айында Польша кинематография институтының қаржылай көмегімен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында жүргізілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *