Тарихын білген ел ғана жетістіктерге жетеді

467

Елбасымыздың тарихымыздағы жеті ерекшелік туралы ойларында тарихи мұрамыздың мол екеніне мән беріліп отыр. Уақыт тұрғысынан айтылып отырған мәдени жетістіктері қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ықпал етті және олардың осы Ұлы Дала елінде пайда болғаны анық. Осының бәрі, әсіресе, оның ішінде тарихи жәдігерлер, өз уақытындағы өркениетті дамудың негізгі қозғаушы күші болғанын және технологиялық дамуға айтарлықтай септігін тигізген дәлелдер мақалада жан-жақты айтылған. Нақты ғылыми деректердің негізінде қазақ тарихының бүкіләлемдік тарихтағы өзіндік ерекше орны бар екенін мақтанышпен айта аламыз.

Ұлы даланың жеті қырының кез келгені қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ Елінің рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері — «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын Түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген — Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ Елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жәйт қана емес, сонымен қатар әрбір Қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар болып табылады.

Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау, әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі. Айтылып өткен мәдени құндылықтарымыздың қоғам санасының тарихи жаңаруы үшін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұсынып отырған жобалар толықтай жауап беретіні анық. Оның ішінде, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау еліміздің тарихын түгендеуге мүмкіндік береді. Түркі әлемі ежелден Қазақстанды — күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» ретінде мойындайды. Ал, Түркістан халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады деген сөздер әрбір қазақтың жүрегіндегі мақтаныш сезімін оятады деп ойлаймын. «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаның аясында Түркістан қаласында, тарихи мұраларымыздың негізінде Түркі әлемінің орталығын – музейін ашу, өткенмен қазіргі уақыттың тығыз байланысын көрсетумен қатар, келесі ұрпақ үшін де маңызы зор болар еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болатын Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған ұсыныстары мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне толық сенімдімін. Өйткені, тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа жол тауып жетістіктерге жетеді.

Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *