Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, тележурналист: Қызықты сәттеріміз көп болды

332

1982 жылы мектеп бітіріп, филфакқа құжат тапсырдым. Ақыл берген – біздің жерлесіміз, атақты сыншы Сағат Әшімбаев ағам. Аталған факультетке түсуге бір балым жетпей, конкурстан өте алмай ауылға қайтам деп тұрғанда журналистика факультетіне адам жетіспей, аяқ астынан студент болып шыға келдік. Жайдан-жай ауыстыра салмайды. Тағы да сол Сағат ағамның көмегі тиді. Мен оны ешқашан ұмытпаймын!
Курстастармен абитурент кезде танысудың сәті түспеді. Мен оларды алғаш Алматы іргесіне алма теруге барғанда көрдім. Сол кездің өзінде ешкімге ұқсамайтын, бірінен-бірі өтетін, сайдың тасындай іріктелген ерекше курс еді. Сонау Атыраудан гитарасын арқалап Табылды Досымовтың «сельхозкаға» кешігіп келгені есте қалыпты. Қазалыдан келген Әміржан Қосанов қыз біткеннің көз құрты болды. Ән салады, өлең оқиды, тіпті орысша таза сөйлейді. Түрі де келісті. Серік Жанболат жайында өзі секілді көсіліп, таңға дейін айтуға болады. Домбырасын шертіп, шертіп жіберіп, «Ей, Ардақ!…» деп айғайға басқанда Әміре «тіріліп» келгендей болушы еді. Серік Аббасов ол кезде «шах» емес еді. Алғаш танысқанда үндемес еді. Қыздың бетіне тура қарай алмайтын ұялшақтығы тағы бар. Сөйтсек, бар бәле ішінде жатқан екен ғой… Махат Садық сол кезде-ақ ­министр боламын дейтін. Болатбек Қожан бәрімізден иманды еді. Әлі солай.
Әубәкір Смаилов сол он жеті жасында:
«Балаң сезім, балауса жыр-бүлдіршін,
Саған деген сезімімді білдірсін.
Мұқаңдар жоқ, Мұқаңдардың сарқыты,
Смаилов бола алам ба, кім білсін?..» деп, Алматының арқалы ақындарын елең еткізген. Осылай айта берсем, менің курс­тастарымды таныстыруға газеттің көлемі аздық етуі мүмкін. Барлығы да бүгінде мықтылар!
Журфактағы ұстаздар жайында әңгіме көп. Соның ішінде деканымыз Темірбек Қожекеев жайында айтылар аңыз көп. Біз аңызын емес, ақиқатын көрген ұрпақпыз. Қанша жерден қатал болса да, қазақ баласына бір бүйірі бұрып тұратын ұлтшыл азамат еді. Қаракөздерін басқалардың таптауына жол бермейтін. Желтоқсан оқиғасынан кейін осы себептен де жұмысынан қуылды. Қудаланды. КазГУ-де «военка» деген сабақ бар. Кіл өзге ұлттың өкілдерінен құралған офицерлер сабақ берді. Қазақ студенттеріне қиянат жасауға құмар еді, шіркіндер! Сол «военкадан» курсымыздың жеті жігіті емтихан тапсыра алмай бір жыл жүрдік. Прудченко деген подполковник «оқудан шығармай тынбаймын» деді ме, әйтеуір қасарысып отырып алды. Емтиханнан сан құладық. Жаттап барамыз. Бірақ әйтеуір біз білмейтін сауал қойып, құлатып жібереді. Біз оның ойын түсіндік. Деканға, ректорға хат жазып, «бәледен» арашалап қалуын сұрадық. Ұлтын сүйетін азаматтар қай кезде де бар ғой. Солардың арқасында оқуда қалдық.
КазГУ-де Қанатбаев деген ұстазымыз болды. Өте қатал, бірақ әділ адам еді, жарықтық. Сабаққа кешiккендерді жаратпайтын. Ал келмей қалғандарды емтиханға жібермейді. Жұрт демалысқа кеткенде Қанатбаевтың жолын аңдып жүргенің сосын… Бір күні қара басып ұйықтап қалдық. Ұйықтап қалғандар кім дейсіздер ғой. Мен, Табылды Досымов, Әубәкiр Смаилов… Және кімнiң сабағынан десеңші? Қанатбаевтың! Есіміз шықты. «Құрыды» деген осы! Қош бол, каникул… Қош бол, ауыл! Мұндайда Тәкеңнің жол тауып кететіні бар. «Тарттық студенттер поликлиникасына» деді ол. – «Көп болса тісімізге «пломбы» салар, есесіне тiс дәрігерінде болды деген «справка» алып аламыз». Табылдiкi табылған ақыл болды. Бірден сонда тарттық. Тіс дәрігерінде кезек жоқ екен. Алдымен «біссiмiлласын» айтып Әбекең – Әбiш кіріп кетті. Табыл екеуміз тықыршып тосып отырмыз. Бір кезде Әбекеміздің «құлындаған» дауысы селк еткізді. Құдды бір жаналғыштың қолына түскендей… Сырттағы екеуміздің үрейімiздiң ұшқаны соншалық далаға безіп кетуге шақ қалдық. Қаһарлы Қанатбаевты ойлап, амалсыз Әбекеңді күтуге тура келді. Бір кезде досымыз да шықты-ау әйтеуір… Аузында мақта… ауызының айналасы қан-қан… сөйлей алмайды… Ыммен бірдеңе айтқысы келеді, бірақ жеткізе алар емес. Біз шегініп барамыз… Ақыры шыдамай аузындағысын шелекке түкіріп тастап, айғай салды: – Жігіттер, бекер келдік. Тiске «справка» бермейдi екен, – деді.
…Иә, бұл журфактан кімдер шықпаған! Арқыраған ақын да, жалы күдірейген жазушы да, жалынды публицист те шықты. Солардың курс жайында, бесінші жатақхана жайында жазбағандары кемде-кем. Тек кино ғана түсірілмеді. Ол атақты продюсер Серік Абас-Шахтың да арманы болған, Серік Жанболат та қиялдаған, Махат Садықтың да ниеті бар еді. Сол кино менің маңдайыма жазылған сияқты. «Жаным менің» деген атпен биыл он сериядан тұратын көркем туынды түсірдік. Көрермен өте жылы қабылдады. Әлі күнге құттықтаулар қабылдап жатырмын. Курстастардың қалай қабылдағанын білмеймін. Көпшілігі әзірге үнсіз. Толғанып жатқан болар…
Жаным кейіпкер өмірде бар. Өзі жайындағы сериалды көрді. Жақсы қабылдады. Оның кім екенін ешқашан айтпаймын. Өз өмірі бар. Бақытты болсын! «Жаным менің» – менің өмірімнің бір кезеңі ғана. Ал өмір жалғасуда. Сондықтан кітаптың оқиғалары да біткен жоқ. Алла жазса, келесі жазға салым аяқтап, кітапты шығарғым келеді.

Дайындаған 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *