БАЛА СҰЛТАННАН ДАНА НҰРСҰЛТАНҒА ДЕЙІН

331

…Иә, біздің Президентімізді де қарапайым қазақ әйелі жарық дүниеге әкеліп, ол да нәресте болып ана сүтін емген, бесікке таңылып, анасының әлдиін естіген перзент. Балақай кезінде ауыл балалары секілді шыбық мініп, көбелек қуып балалық шақты өткерген, одан кейінгі мектеп қабырғасындағы періштедей пәк алаңсыз оқушы кездерін айтсаңызшы. Ол уақытта тұлымы желкілдеген ойын баласының өмірге, адамдарға деген кіршіксіз көзқарасы, ойлауы, киім-киіс, жүріс-тұрысы, тіпті отырып алып қиялданатын армандары да ұқсас болатын. Есейіп, ержеткен студенттік дәуреннің жөні де, жолы да бөлек. Яғни өмір заңдылықтарын ол да басынан кешіп, есею, ержету шақтарын өзінің тұрғыластарымен бірге өткізді. Бүгін біз егемен елдің тізгінін ұстап, бүкіл халқы маңдайына үкілеп отырған, шапқан аттың шабысындай қарқындап өсіп, өркендеп келе жатқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғалық, қайраткерлік, көшбасшылық қарым-қабілетінен гөрі, өмір сүрген ортасы, ата-анасы, перзенттік, бауырмалдық қасиеттерінен сыр шертуді жөн көрдік…

ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫ БОЛМАҒЫ НАҒАШЫДАН…

Аналар тұрғанда ұлықтардың өзі ұлымын деп айтуы екіталай шығар. Өйткені ұлықты да, алыпты да дүниеге әкеліп, қан да, жан да беріп, өмір сыйлаған адамнан қасиетті жан бола қояр ма екен. Тарихты алып қарасаңыз, ұлы адамдардың қашанда мықты ана­лары болған. Осы ретте қазаққа Нұрсұлтандай ұл сыйлаған алтын құрсақты Әлжан анамыз оқымады дегені болмаса, тоқығаны көп, жас­тайынан өте зерек, сөйлесе ­шешен, өлең-жырды жанынан суырып айта беретін аузы дуалы, әрі әзіл-қалжыңға дес бермейтін жан болған.

«Жігіттің жақсы болмағы наға­шыдан» деген, Әлжан анамыз қазіргі Жамбыл облысы Қордай ауданының төріндегі Қасық (қазіргі Әлжан ауылы) ауылында дүниеге келеді. Арғы тегі Дулаттың ішінде Жаныстың Қасқарауынан. Әлжан ананың бауыры Бөлеген Жатқанбаев та табиғатынан өжет, ділмәр, кербез де сұлу адам болған. Еңбек жолын милиционерліктен ­бастап, 1934 жылға дейін «Қасық» колхозын басқарған тұсында ауылдың атағы дүркірегені соншалық, бүкілодақтық ақсақал ­Калининнің жолы екі рет түседі. Одан кейін Красногор ауданының Ворошилов ауылында парторг, 1936-1937 жылдары Красногор аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеп жүргенде, «халық жауы» деп ұсталып, атылып кетеді. Тек 1956 жылы ақталады.
«Нағашыңды құрметте, ақ сүт берген ана үшін» деген Нұрсұлтан Әбішұлы Үкімет басшысы кезінде де, Президент болып сайланғаннан кейін де Қордайдағы нағашыларына жолы түскенде із-түзсіз кеткен нағашысы Бөлегенді сұрастырып отырған. Ал тоқсанға жетіп, қайтыс болған жақын нағашысы Айдапкелдің асына үлкен қызметте жүрсе де, уақыт тауып арнайы келген. Бүгінде Бөлегеннің немересі Бекмұраттан (Бекен) бір ұл, үш қыз өніп, өсіп отыр.
Әлжанның ағайындас бауыры­ның қызы, белгілі экономист ­Нұр­жамал апай: «50-ші жылдары ауыл­­дағы ағайынға өте беделді Әлтәбай ақсақал «Бесқалмақтың атын шығарса, қыздар шығарады, өйткені біздің аруақ қыздарға кеткен. Өйт­кені ертеректе үрім-бұтағымызға «Аруақтарың қызға кетіп, ұлдарың жасық болсын» деп теріс бата беріліпті. Үлкендер аруақ Әлжанда кетті деп отыратын еді» дегені бар. Шынында да, біздің қыздардың еті тірі. Демек, ел арасындағы «Ән тың­дасаң Қасыққа бар, қыз алсаң Қасықтан ал» деген сөз бекер шықпаса керек» дейді.
Бөлеген ата жайында дерек іздеп нағашы ағалары Нәби ата, Әнипа тәтемен Ворошилов ауылы­на бар­ғанымызда Елбасының нағашы­сы­ның көзін көрген Нұрлан Бәзімов ақсақал: «Бөлеген төртпақ келген денелі, бір қарағанда тура Нұрекеңнен аумайтын» деп айтқаны бар.

«АҚЫЛДЫ ӘЙЕЛДІҢ ІШІНДЕ – АЛТЫН БЕСІКТІ ҰЛ ЖАТАР…»

Әбіш ата мен Әлжан ананың таныстығы Үшқоңыр тауында басталады. Онда Әбіш ата үш жүз арестантқа жол шаптырып жатады. Оларға тамақ істейтін жалғыз бір орыс кемпірінің жанына Әлжан ананы көмекшілікке алады. Сонда жүргенде ақ құба өңді Әлжанға көзі түсіп, бір жыл сөз салып, ақыры үйленеді. Жақсыны құдай бір шикі өкпеден қысады деген. Әсіресе, әкеден жалғыз Әбіш ата «Ең болмаса жүген ұстайтын бір ұл берсең етті» деп Жаратқанға жалбарынумен зарығып жүргенде, Райымбек атаның басына түнеп қайтуды ниет етеді. Жарым түн ауғанда ақ киім киген ақсақалды қария келеді де, Әлжанға қарайды. Ол кісі сөйлеуге ишара білдірейін десе, үндеме дегендей қолын тіктейді. Көзін ашса, әлгі адам жоқ. Екінші күні әлгі кісі тағы да келіп, жанына отырды да: «Балам, ренжіме, ұлды боласың. Сол ұлдың арты жалғасады. Бірақ балалардың атын ұйқастырып қойма» дейді де, алақанымен бетінен сипап, жоқ болып кетеді. Таң атқан соң болған жайды шырақшы шалға жеткізеді. «Әй, балам, құдай берген екен. Енді ауылыңа қайт» дейді ол. Содан көп ұзамай-ақ Нұрсұлтанын көтереді.

Әжесі Мырзабала Нұрағаны бес жасына дейін ешкімге көрсетпей өсіреді. Өте сүйкімді, балпанақтай балаға көз тиіп кетпесін деп кездемені ендеп алып, жастықтың тысы сияқты төрт бұрыштап тігеді. Біреу келе жатқанда баланы тізесіне жатқызып, сол жабуды жаба салып, құйрығынан соғып отыратын көрінеді. Оған әбден немересі де дағдыланып алған, қыңқ етпей жата береді екен. «Апа, балаңыз неге теріс қарап жатыр» деп сұрағанға, «Құдай бір бота берді, оның ернін жырық қып берді, бүгін баламыз ауырып қалыпты» дейді екен. Немересі он айлығында жүргенде апасы тағы да елдің тіл-көзінен қорқып, біреу келе жатқанда кішкене қапты аяғынан кигізіп, белінен буады екен. Әсіресе, Әлжан ана Сұлтанын қалай толғатып, босанғанын жыр ғып айтатын көрінеді.
«Сұлтаныма тура жеті күн толғат­тым. Тамақ іше алмаймын, әл-дәр­менім таусылған. Шамалғанда перзентхана жоқ, аудандық аурухана – Қаске­леңде. Әбіш арбаны жегіп үстіне жатқызды. Ол кезде тас жол жоқ, кедір-бұдыр. Шиқылдап шұңқырға түскен сайын жаным көзіме көрінеді. Әйтеуір, ауруханаға жеттік-ау. Дәрігерлер жүгіріп жүр. Бір кезде еңгезердей еркек дәрігер келеді де: «Тезірек босандыру керек, болмаса өліп кетеді» дегені. Сөйтсе, бала ісініп кеткен, әрі салмағы 5 келіге жуықтаған. Әлсіреп жатып дәрігердің «мальчика поймал» деген сөзін естідім де, ары қарай есімнен айрылып, талықсып кетіппін. Екі-үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмаған соң, баланы да еміздірмеді. Бес-алты күн дегенде кіп-кішкентай сап-сары баланы әкеліп ұстата салды. Әлгі балаға қараймын, бірақ жүрегім тартпайды. Қасымда жатқан қазақтың келіншегінің нәрестесі балпанақтай. Әлігі балаға қарай беремін. Мен қараған сайын жаңағы келіншек жылайды. Ана жүрегінен сезімтал нәрсе жоқ, ертесіне шыдамай кетіп, оралған баланы ашып кеп жіберсем – қыз бала, жүрегім зу ете түсті. Баланы орай-морай қалай дәрігерге алып жүгіргенімді білмеймін. Дәрігерге барған бойда: «Сіз айтыңызшы, мен кімді босандым?» дедім. «Қалай кімді? Сіз ұл тудыңыз!» деп саңқ ете қалды. «Ендеше, маған неше күннен бері қыз баланы әкеліп жүр» дедім. Ол кісі баланы алды да, жөргекті ашып жіберді. Дереу медбикелерді шақырып, «баланы табыңдар!» деп ақырып жіберсін. Сөйтсек, қасымда жатқан әйелдің сегіз қызы бар екен. «Осыдан тағы қыз тусаң, үйге кіргізбеймін» деп күйеуі тепсінген көрінеді. Амалы құрыған әйел медбикелермен астыртын келісім жасайды. Сөйтіп, өз баламды өзім алып, ананың қызын өзіне бердім. Осылайша Нұрсұлтанымнан айрылып қала жаздаған жайым бар…»
Нұрсұлтаннан кейін Әлжан қойны құтты болып үш жылдан соң тағы ұл туып, атын Айсұлтан қойғанмен, үш жасында шетінеп, түсінде аян берген ақсақалдың айтқаны айнымай келеді. Нұрсұлтан мен Сатыбалдының ортасында тағы да екі бала шетінейді. ­Сатыбалды туғанда баланы жеті кемпірдің астынан өткізіп, оларға жеті қап тезек беріп, есіктен кіргізіп, терезеден шығарып сатып алған. Содан Әбіш аға «құдай енді бір қыз берсе» деп жүргенде, 1950 жылы қыздары Әнипа дүниеге келеді. Кенжесі Болаттың атын өзі қойып, осымен «болады» деген ғой. Әлжан ана сонда 43 жаста екен. Ол кісі жалпы он үш құрсақ көтеріпті.

ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР

Әкелері тонның ішкі бауындай араласқан Нұрағаңнан бір жас үлкендігі бар, күні кеше дүниеден өткен Шара Шегебайқызы Әбіш ағасының үйінде жатып оқып, қызындай болып кетеді. Өте әңгімешіл, зерек жан еді. Жаны жәннатта болсын! Елбасы, ол кісінің ата-анасы жайлы керемет естеліктерді Шара апай өте ыждағатпен, әдемі жеткізуші еді.
«…Әбіш ағамыз өте қарапайым, кішіпейіл жан еді. Өзі мектеп есігін аш­паса да, жазып оқитын. Бір артық­шылығы – ол кісіге бар ұлт жақын жү­ретін. Орыс тұрса орысша, балқарша да, шешенше де судай ағып сөйлейтін. Еңбекқорлығы сонша, бір бақшадан екі рет өнім алатын. Бір жеміс ағашынан екі түрлі алма алатын. Нұрсұлтанның еңбекқорлығы – әкесінен көрген тәрбиесі. Ал жеңешеміз отырған жері таң-тамаша, елді күлдіріп, думандатып жіберетін сауыққой жан еді. Ауылдың тойы ол кісісіз өткізілмейтін, өлім-жітімі де онсыз жөнелтілмейтін, сондай қадірлі адам-тын. Сол әулетте бірге тұрғанымда байқағаным, өздері үй ішімен не айтса да артын әзіл-қалжыңға айналдырып, күліп отыратын. Ал Әбіш ағамыз қолын жуып дастарқанға келгенше өлеңдетіп жеңешеме тиісіп бір шумақ тастаса, соған жеңешеміз де өлеңмен жауап қайтармай қоймайтын.
Мен орыс, Сұлтан қазақ класында оқыдық. Қазақ мектептерінің бағ­дарламалары жеңіл деп, орыс тілінің грамматикасы мен хрестоматиясын менен алып пайдаланатын. Сөйтіп, қазақ класының оқулығын місе тұтпай, Пушкин, Лермонтовты орыс класына арналған хрестоматиядан оқитын. Нұрекеңнің жеңешеме тартқан жері – қандай орта болса да елді күлдіріп, мәз-мәйрам ететін қалжыңбастығы. Ал әкесіне сөйлеген сөзі, дауысы қатты ұқсайды. Нұрсұлтан радиодан, телеарналардан сөйлеп жатса, ағаның дауысы құлағыма келеді. Әбіш аға да сөйлегенде керемет шешен, өте қалжыңбас еді…»

БАЛА – БАЛДАН, НЕМЕРЕ – ЖАННАН ТӘТТІ

Төлімнің басы, суымның тұнығы, көзімді ашып көргенім, аузымды ашып өпкенім, балаларымның төресі деп Сұлтанын анасы ерекше жақсы көреді. Қарағанды жақтан жақсы хабар келсе, газетке шығып жатса, мақтанып, көрші-қолаңын шақырып бір шәугім шәйін беріп жатқаны. Сұлтаны үйленетін болғанда он бір жастағы қызы Әнипаны ертіп Теміртауға барады. Ертесіне Әбіш ата да ұшып барып: «Балам, өзің таңдаған екенсің, бақытты болыңдар» деп, құдалардың алдынан өтіп, «Комсомолец» кафесінде тойларын өткізеді. Бір жылдан соң көптен күткен немерелері Дариға дүниеге келгенін естігенде екеуі де қуанып, дереу Теміртауға жетеді. «Немеремізді самолетпен әкелгенде, суық тиіп қалмасын» деп, арнайы қолдан кішкене бесік жасап апарады. Содан қырқынан шықпаған немересі мен келіні Сараны алып, самолетпен Шамалғанға тартады. Біраз келінін қалжалаған соң, «оқуым бар, сессия басталады» деген соң, немерені алып қалады. Сол қалғаннан Дариға ­1-клас­ты бітіргенше апасының қасында болады…

АНАНЫҢ  АҚТЫҚ ДЕМІ

Бірде Бүбәй апа, Айдапкел наға­шысының қызы Зинакүл Әнипа үшеуі отырғанда, Әлжан ана қол мәшинесімен сартылдатып қызына көйлек тігіп жатады. Бір кезде қызы Әнипаға: «Қызым-ау, өлмейтін пенде жоқ. Өлімнің сәні – жылау. Бір күні өліп қалсам не деп жылайсың? Оның үстіне жалғыз қызы не айтады деп, кейбірі сынап отырады. Одан да мен саған жоқтау үйретейін» деп, ұзын-сонар шумақтарды айта ­бастайды. Ол кезде Әнипа ары кетсе алты-жетідегі бала екен.
«Бес биенің сабасын, бес күн сау­сам тола ма, Екі жеңгем болса да жеңешемдей бола ма» деп ары қарай шұбырта жөнеледі. Тыңдап отырған абысыны Бүбәй бір кезде «тұқымың өскір Әлжан-ау, не айтып отырсың?» деп солқылдап кеп жыласын. «Бүбәй-ау, одан да «Алдыңнан пейіш ашылсын, артыңнан мейіз шашылсын, алыс­тан аңсап келгенде, алдымнан менің кім шығар?» деп жыла» дейді. Артынан үшеуі де жеңешелері шын өлгендей еңіреседі кеп.
Әлжан апа көп ауырмай, 67-ге қа­раған жасында бақилық болады. Анасының ауырып жүргенін ­Нұрсұл­тан аға біледі. Онда ол кісі Алматыда партия мектебінде оқиды. Келген сайын інісі Болат пен келіні Гүлжанға: «Абай болыңдар, әсіресе түнде қараңдар» деп тапсырады.
Зады, Жаратқан иеміз адамға талқаны таусылып, мына пәниден өтетінін сездіретін болуы керек. Әлжан кенже келінімен екі жыл тату-тәтті тұрады. Ауырған кездерінде желкем десе желкесін, аяқ-қолын уқалайды. Соңғы кездері төсек тартып жатып қалғанда да, аппақ қардай таза ғып ұстайды. Келініне сонда жүрегі елжіреп: «Қарағым, осыдан тірі қалсам, өлгенімше құлың болып өтермін, ал өліп кетсем желеп-жебеп жүрермін» деп аналық ризашылығын білдіріп, батасын береді.
Анасы Сұлтанын басқа балалары­на қарағанда ерекше жақсы кө­реді. Баласының қасында болуын армандаған анамыз Сұлтанының Ал­матыға оралуын сағынышпен күте-күте өмірден озады. «Елдің бәріне Алматыдан жұмыс табылғанда, менің Сұлтаныма ­табылмай Қарағандыда жүр» деп жиі ­айтып отырады екен. 1971 жылы әкесі қайтыс болғанда Теміртау қалалық партия комитетінде, 1977 жылы анасы қайтқанда Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы еді. Осылайша, ағайынның арасында сөз салса сөзін, жөн салса жөнін өткізетін, ақылы асқан, әзіл-қалжыңды жарастырып, ортаның гүлі болған үлкен жүректі ана өмірден өтеді…

«АҒАНЫҢ АЛДЫ –  АҚ ЖАЙЛАУ…»

Ертеде жаугершілік заманда туған бауырдың бауырмалдығы жайлы аңызды әркімнің естуі бар ғой. Қысылтаяңда бауыр мен балаға таңдау түскенде, қу бауыр дегенде ет жүрегі елжіреген әлгі пақырың, артына мінгескен ұлына бұрылып: «Әй, атасы басқа аттан түс…» деп, баласын түсіріп, бауырын алып кеткен екен дейді. Сол айтпақшы, біздің Президентіміздің де бір әкеден, бір құрсақта жатып, бір ананың омырауын емген туған бауыры, ет жүрегі елжірейтін інісі, Назарбаевтар әулетінің қара орманы – қара шаңырақтың иесі Болат Әбішұлының да ағасы жайлы айтары бар.
«Шынымды айтсам, ағаны кейде бауырымдай сезінсем, кейде баласындай сезінемін. Өйткені бір жағынан жас алшақтығымыз болса (Ағаның он үш жас үлкендігі бар), екінші жағынан үйдің үлкені, бас көтерер баласы болғандықтан ата-анамыз дүниеден өткеннен бері әке орнындағы – әкеміз. Аға қай жағынан болсын – бауырлық парызын да, ағалық міндетін де, перзенттік қарызын да адал өтеген адам. Өйткені ағалық, бауырлық, перзенттік өнеге көрсете білді. Ол кісімен отырып сөйлесіп, сырласқан кезімде жаным тазарып шығады. Осындай бауырымның болғанына мың шүкірлік етіп, Жаратқанға мың алғыс жаудырамын. Ал теледидардан көрген сайын ет жүрегім елжіреп тұрады. Өйткені ­Президент болудың, бүкіл бір елдің жүгін, аманатын арқалап жүру, бүгінгідей көк кептердің мойнындай қылтылдап тұрған заманда ел басқарудың қандай қиын екенін сеземін. Бір отбасын алып жүрудің өзі қиын болғанда, бүтіндей бір ұлт, бір мемлекет бетіне қарап отырған адамға қаншалықты күш екенін білемін. «Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» деген, Аға менің пейілімді біледі, сезеді деп ойлаймын. «Ағаның алды – ақ жайлау» деген рас.
Ақылды адам ғой, мені көрген жерде баланың кішісі болып, қара шаңырақта отырған соң қашанда көңі­лімді аулауға тырысады. Өмір бол­ған соң отбасымыздың жақсы­лықтарында сөз сөйлегенде: «Болаттың жасы кіші болғанмен, жолы үлкен. Қара шаңырақтың отын сөндірмей отыр. Сендер мені Прези­дентіміз деп жүрсеңдер, ал менің Президентім – Болатым. Мен Болатқа бағынамын» деп қалжыңдап қоятыны бар. Мұндай Ағаға не айтасың. Бірақ кейде ағайынды үшеуіміз сырласа қалғанда «Әнипа, Болат! Менің тілеуімді шын ниетімен сендерден артық кім тілейді дейсің!?» деп, ағынан жарыла бауырмалдықтың, бірге туғандықтың ең биік қасиет екенін осылай жеткізетін».
Иә, үлкен үй бар балаға ортақ. Әрине, Нұрсұлтан Әбіщұлы қашанда өзінің өскен ұясы – Шамалғандағы қара шаңыраққа жиі болмаса да, келіп-кетіп тұрады. Әрине, бір минутқа артқа бұрылуға уақыты жоқ, елдің қамымен жүрген Мемлекет басшысының бір сәт пенде ретінде өз үйі, өлең төсегіне келгендегі көңіл толқуы ерекше көрінеді. Ағаның ауылға аңқасы ашылып келеді. Әрине, інісінің үйіне келгенде Президент емес, баяғы бірге өскен бауыр ретінде өзін еркін сезініп, арқа-жарқа күліп, бір рақаттанып демалады. ­Алдымен аулаға кіре берістегі жайқалып өсіп тұрған, мүмкін Нұрағаның өзімен жасты да шығар, әкесі отырғызған емен ағашын құшақтап ұзақ тұрады. Қазір ол еменге екі адамның құшағы әзер жетеді. Үйге келген соң ауылдың жағдайын, ағайын-туыстардың, көрші-қолаңның жағдайын сұрайды.
«Ана сүтімен бітпеген қасиет, тана сүтімен бітпейді» деген, меніңше, ел басқаратын адамның мінез-құлқы сол бала кезден пайда болды ма деймін. Біздің отбасымызда бар қасиетті сол кісіге үйіп-төгіп берген ғой. Қазір мен де Пайғамбар жасынан астым. Байқағаным, адамның ата-анаға деген сағынышы ешқашан басылмайды екен. Ондай кезде анасы бар адамдарға қызығамын. Маған бұрынғының ақ жаулық салған апаларының бәрі ұқсайтын сияқты да, қашанда жеңешемді еске түсіреді.
Расында да, Болат Әбішұлының анасын сағынғаны ма, әлде ағасының керемет жетістіктеріне риза болған ерекше толқыныс үстіндегі көңіл күйі ме, бірде: «Кейде отырып, қиял­ға беріліп кеткенде: «Шіркін-ай, жеңешем бір күнге тіріліп келіп, баласының Президент болғанын бір сәт көрсе ғой» деп ойлаймын. Ол кісінің күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, дамыл таппай жасайтын қызметін көргенде, ең болмаса ағаға лайықты іні бола алдым ба деген ойлар мазалайды…» дегені бар.

«ТАР ҚОЛТЫҚТАН ОҚ ТИСЕ, ТАРТЫП АЛАР ҚАРЫНДАС»

Елбасының анасынан кейінгі тілеу­лес, тілеуқор ең жақын адамдары­ның бірі – қарындасы Әнипа Әбішқызы үлкен бауыры жайында көпшілік біле бермейтін қызықты естеліктерімен, қарындас көңілімен бөліскені бар…
«…1961 жылы онда мен 11 жастамын, алғаш Теміртауға әке-шешем, ­Болат төртеуміз бардық. Әкем­нің ондағы барған шаруасы бала­сының қандай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп қайту еді. Аға жатқан жатақханаға орналастық. Ертесіне-ақ әкем шыдамай ағамен бірге жұмысқа барып, бір ауысым қасында тұрып, бәрін байқаған ғой. Басында киіз қалпақ, қолына көсеу ұстап от көсеген баласын көргенде, ойы неше саққа жүгіреді. Домна пештің ішкі жағының температурасы 2000 градусқа жетіп, от ұшқындары жарқылдап жарқ-жұрқ етіп бет қаратпаған жалыннан өзі де қорыққан. Ал шойын ағызу басталғанда, тіпті, есі шыққан. Баласының үстінен тер шүмектеп ағып, шойынның лебінен жүзі алаулап, қызарып кеткен. Әсіресе, балқып жатқан болатты көргенде: «Ойбай, балам-ау, түнгі ауысымда қалғып кетіп, мына оттың ішіне түсіп кетсең, не боламыз?! Сені қайдан табамыз?! Бүйткен жұмысың құрысын, таста! Мұндай ауыр да қауіпті жұмыстың керегі не саған?» дегені есімде. Аға болса күліп: «Әке-ау, бұл жұмысты өзім қаладым емес пе, енді тастай алмаймын. Оның үстіне «қазақтардың қолынан қой бақ­қаннан басқа келмейді» деп ойлайды, соны да дәлелдеуім керек. Аға, жеңеше қорықпаңыздар, құламаймын да, ұйықтамаймын да» деп айтқаны бар.
Құдайға тәуба, екі жеңгемнің әрқай­сысының өз орны, жөні бар. Адамның жаманы болмайды, өзің жақсы ­болып, тіл табыса, жақындаса білсең. ­Шешем айтатын: «Әй, қыз, тыныш кел де, тыныш кет. «Кеткен қыз шиден тыс­қары», бұл үйге келген келін, менің адамым» деп отыратын. Екі жеңгеме де рақмет, ағаларыма аналарынан кейінгі жақын адамдар солар. Ер-азаматтың атқа мініп жүргені үйіндегі берекеге, тілеуін тілейтін жұбайына да көп байланысты. Сол үшін Сара тәтеме көп рақмет. Света жеңгем де Сатыбалдының атын да, түтінін де өшірмей, өзі болмаса да көзіндей артынан ерген екі ұлды жақсы тәрбиелеп, азамат етіп өсірді. Ол кісіге де алғысымыз шексіз. ­Сатыбалды ағам көлік апатынан қайтыс болғанда, баласы Қайрат қатты жылап, күйзелгенде, Аға: «Жылама Қайрат, мен саған әке боламын» деген еді. Аға сол сөзінде тұрып, әкелік парызын өтеді, жеңгеміз Светлана Мырзахметқызы да, Қайрат та, Самат та, Сатыбалдының аруағы да риза. Құдай берген бір келінім бар. Болаттың үйіндегі Гүлжан бүгінде қара шаңырақта анамның орнында отыр. Салмақты, салиқалы, біртоға жан. Бүгінде оншақты немере, екі шөбере сүйіп отырған аяулы әже.

Аға мені анамыз қайтыс болған соң, алты айдан кейін Қарағандыға көшіріп әкетті. Екі айдан кейін өзінің қызметі жоғарылап, Алматыға кетті. Ал мен сол қалғаннан 20 жылда елге әрең жеттім. Президенттің қарындасы болу – бір жағынан мақтаныш, екіншіден жауапкершілік, басқа жақтары да бар. Екіншіден, мәңгілік адам жоқ, мәңгілік Президент жоқ. Егер ағамыз ­Президент деп, жұртты менсінбей, біреудің есігін теуіп ашып, дөрекі сөйлесек, онда біздің кім болғанымыз, адамгершілігіміз қайда? Кеудесін итеріп, дөрекі сөйлеген адамның бетіне ертең қалай қарайсың. Ең бастысы, Президенттің отбасы – ол кісінің жұбайы, балалары, немерелері. Біз бауырлары ол кісіге жақын, туыс, бауыр адамдармыз. Бізді қара шал мен қара кемпірден жаралып, бір құрсақта жатып, бір емшекті емген, бір нанды бөліп жеген, бір тәрбиені көрген, сол отбасынан шыққан деп, ағаның құрметіне сыйлауы мүмкін. Ондай сыйға рақмет. Біздің бар міндетіміз – ұятқа, сөзге қалдырмай, ертең ағаның бетіне біз де тура қарауымыз керек. Одан басқа бізде ешқандай мақсат жоқ. Ал маңдайыңа жазылған өмірді адам сияқты дұрыс сүру – әр адамның парызы».
Қалай дегенде де, бауырдың аты ­бауыр ғой. Әнипа тәте ана емес пе, елжіреп кейде ағасын сағынып ке­тетінін айтатын. Әсіресе «домбыра шертіп, қоңыр дауыста ән салғанын, шын ниетімен жарылатын ақ жарқын «ажарлы» күлкісін сағынамын» дейтін. Қашанда дені сау болып, Алла тағала жар болып, ағасына ұзақ ғұмыр тілейді.
Иә, «қыз тілеуі – қыдыр тілеуі» деген, Әнипа Әбішқызының «Анам тірі болса баласының тілеуін күндіз-түні үздіксіз тілер еді ғой, анамның орнына күнде жатарда Жаратқан иемізден ағаның амандығын сұрап тілек тілеймін» дегені бар. Ол енді рас…

Мұхаммед Пайғамбарымыздың 386 хадисінде «Ата-анасын ренжіт­кендерді Алла тағала жақсы көрмейді. Әсіресе ананың жолы бөлек. Ананың ақ сүті адам баласы үшін қасиетті. Ананың өз балаларына «ақ сүтімді ақтадың» деуі үлкен баға» делінген. Иә, егер Әлжан ананың көзі тірі болып, елі, ұлты үшін Сұлтанының қат-қабат тірлігін көрген болса, «Құлыным-ай, ақ сүтімді он, жүз есе ақтадың ғой» деп айтары хақ…




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *