Алматыда «Әлем Барысы» өтеді

382

Тұңғыш Президент күніне орай, 2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» өтеді.

Спорттық шараға 29 елдің балуаны қатысады. Ал Қазақстан намысын төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров,  болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Ерсұлтан Мұзаппаров, биылғы Қазақстан чемпиондары Руслан Әбдіразақов және Нұрдәулет Жарылғапов секілді балуандар қорғайды.

2014 жылы xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген «Әлем Барысы» бүгінде қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионатына айналды. Былтыр Астанадағы «Барыс Аренада» Айбек Нұғымаров «Әлем Барысы» атанса, қазақ балуанына ақтық белдесуде лайықты қарсылас бола алған грузин спортшысы Гурам Тушишвили еді. Ал, үшінші орынға Ержан Шынкеев жайғасты.

Биылғы біріншіліктің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 10 миллионы жеңімпазға табысталса, 6 миллион екінші, 3 миллион теңге үшінші орын иегеріне табысталады. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған. Бұған қоса, биыл алғаш рет «жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясы бойынша 1 миллион теңге сыйақы қарастырылған. Ал жанкүйерлер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылатын болады.

Әлемнің түкпір-түкпірінен  қатысушылар Алматыға келе бастады. Олардың арасында дзюдодан биылғы әлем чемпионы Гурам Тушишвили (Грузия), қазақ күресінен әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), моңғол ұлттық күресінің мемлекеттік «Лашын» атағының иегері Серік Бердімұрат және тағы басқа нәтижелі спортшылар бар. Айта кетерлігі, алдағы чемпионатқа қатысатын елдердің барлығы бұған дейін қазақ күресінің сайыстарына қатысып жүр, тек Норвегия елі алғаш рет ұлттық күресімізде бағын сынамақ.

«Әлем Барысы» қазақ күресінің әлем чемпионатын «QAZAQSTAN» және «QAZSPORT» телеарналары 2 желтоқсан күні сағат 12:45-те тікелей эфирде көрсетеді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *